ТАУДА АДАСПАС ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК? ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ ЕСКЕРТЕДІ

Уақыты: 26.09.2020
Оқылды: 1451
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменті тұрғындардан таудағы қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін сақтауды сұрайды.

Атап айтқанда, мына мәселелерге ерекше назар аударған жөн:

- құтқарушылар мен туған-туыстарыңызға сіздің таулы бағытыңыз және ықтимал орналасқан жеріңіз туралы барынша толық хабардар ету өте маңызды;

- таудағы барлық демалыс әуесқойларына жылы заттардың, қажетті жабдықтардың болуына рюкзактарын мұқият тексеру, сондай-ақ, күтпеген жағдайда дәрігерге дейінгі көмек көрсету үшін өзімен бірге жорықтық дәрі қобдишасы және GPS навигаторларының болуы артық болмайды;

- ешқандай жағдайда тауға жалғыз бармаңыз;

- төтенше жағдайлар кезінде жедел-құтқару жұмыстарының тиімділік деңгейін арттыру үшін ұтқыр байланыс құралдары туралы да ұмытпаған жөн;

- кез келген жорықта ауа райының жағдайын бақылау қажет. Ауа райының қолайсыздығымен таулардағы қауіп күшейе түседі, маршруттың күрделілігі артады;

- егер сіз адасып қалсаңыз – үрейленбеңіз, құтқарушылар сізді байқай алатын және ұялы байланыс бар жердің ашық учаскесіне шығыңыз, "101" және "112" нөмірлеріне қоңырау шалыңыз;

- рельефтің күрделілігі, таулы өзендер, күн радиациясы, ауа райының тез өзгеруі, оттегінің жетіспеушілігі, нашар дайындық пен тәжірибенің жоқтығынан сақтық шаралары қолданылмаса, туристер үшін үлкен қауіп төнуі мүмкін.

Еске сала кетейік, жуырда Текелі қаласының маңындағы Шажа тауында екі адам адасып кеткен еді. Хабарлама Алматы облысының төтенше жағдай департаментінің кезекші қызметіне келіп түскеннен кейін іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін дереу құтқарушылар жіберілді.

Үш сағаттан кейін іздеу жұмыстары оң нәтиже беріп, 1995 жылы туған әйел адам мен 2016 жылы туған қызы табылды. Екеуі де дін аман. Кейін белгілі болғандай, отбасы – күйеуі, әйелі және олардың кішкентай қызы, сондай-ақ, күйеуінің ағасы тауға барған. Қараңғы түскенде қайтып бара жатқанда әйел қызымен ерлерден сәл артта қалып, адасып кеткен. Әйел мен бала үйлеріне аман-есен жеткізілді. Текелі тауында адасқан жандар департамент қызметкерлеріне алғыс білдірді.

Іздестіру-құтқару жұмыстарына департаменттің 17 қызметкері мен 3 техника жұмылдырылды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан