РЕСПУБЛИКАДА ҚАЗАҚ ГАЗЕТТЕРІНЕ АРНАЛҒАН БІРТҰТАС ХОЛДИНГ ҚҰРЫЛАДЫ

Уақыты: 23.10.2020
Оқылды: 1523
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида БАЛАЕВА Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдарын біріктіру мәселесіне қатысты пікір білдірді.

«Әлбетте елдегі БАҚ-тарды (мемлекеттік) біріктіру – уақыт талабы. Барлық мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдар бюджетті оңтайландыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жалпы, бұл бірігу әкімшілік-шаруашылық саланы оңтайландыруды көздейді. Шығармашылық бөлімге оның еш қатысы жоқ», - деді Аида Балаева Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Министр бұл ретте нақты механизм жолға қойылғанын атап өтті. «Бірінші кезеңде «Egemen Qazaqstan» мен «Казправда» газеттері біріктіріледі. Жаңа жылдан кейін олар жеке ЖШС болып құрылады. Осыдан кейін «Қазақ газеттері» АҚ-ға біріктіріледі. Яғни, «Қазақ газеттері» деген біртұтас холдинг құрылады. Сол себепті нақты алгоритм бар. Бұл оңтайландыру ұжымдардың шығармашылық бөлімдеріне мүлде қатысты болмайтынын тағы бір мәрте атап өткім келеді», - деді министр.

"ҚАЗАҚПАРАТ"