ЭКОЛОГТАР ПАРНИКТІК ГАЗ ШЫҒАРЫНДЫЛАРЫН ҰЛҒАЙТУҒА ҚАРСЫ

Уақыты: 21.11.2020
Оқылды: 1595
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ресей Президенті келесі 10 жылда парниктік газ шығарындыларын едәуір арттыру туралы Жарлыққа қол қойды. Ресей Президентінің 4 қарашадағы №666 аталмыш Жарлығында 2030 жылға қарай парниктік газ шығарындыларын 1990 жылғы деңгейінің 70 пайызына дейін төмендетуді қамтамасыз ету көзделген. Ресми мәліметтерге сәйкес, қазіргі уақытта Ресейдегі газ шығарындыларының деңгейі жоғарыда аталған жылмен салыстырғанда 52 пайыз шамасын құрайды.

Жалпы, парниктік газ шығарындылары парниктік әсердің жоғарылауының себебі болып табылады. Ол планетада орташа жылдық температураның өсуін тездетеді. Соның салдарынан климаттың өзгеруі жылдан-жылға қауіпке айналуда. Газ құбырлары мен атом нысандарының артуы ауа райының өзгерісін тездетіп, жаңа инфекциялардың таралуына ықпал етуде. Ресейдің өзінде климаттың өзгеруінің әртүрлі көрінісінен келетін залал қазірдің өзінде ЖІӨ-нің 8,5% құрап отыр.

Климаттық қатерлерді жеңу үшін әлемдік қауымдастық, соның ішінде, Ресей Париж климаттық келісіміне қосылды. Өкінішке қарай, олар осы келісімді елемей, парниктік газ шығарындыларын шектеудің орнына жаңа Жарлық арқылы жаппай өсіріп отыр. Бұл мәселе олардың энергетикалық саясатқа қатысты өзге де мемлекеттік құжаттарында расталған. Мысалы, Ресей көмір өндіруді, яғни, қазбалы отынның неғұрлым лас түрін алдағы 15 жыл ішінде бүгінгі деңгейден 50%-ға дейін ұлғайтуды жоспарлауда.

– Жаңа Жарлық қазбалы отын индустриясының мүддесі үшін жазылған. Әлемдік қауымдастық шығарындыларды азайтуға және балама энергияны дамытуға күш салып жатқанда Ресей шығарындыларды көбейтуді қолға алды. Демек, Ресей Париж келісіміне оның тәртібін бүлдіру үшін қосылған сияқты, – дейді экоқорғаушы, 1995 жылдан бергі БҰҰ-дың климат жөніндегі тәуелсіз бақылаушысы Владимир Сливяк.

Ресейдің бұл қадамына әлемдік деңгейдегі экологтар қарсы болып отыр. Ол туралы өзге де сайттарда сараптамалық материалдар жарияланды. Табиғатты қорғау, оны ластамау - бүкіл адамзатқа ортақ міндет екенін ұмытпайық.

Қажет АНДАС

Сурет - ғаламтордан