НҰР-СҰЛТАНДА "ЖАСЫЛ КЕҢСЕ" БАЙҚАУЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ ШЫҚТЫ

Уақыты: 23.11.2020
Оқылды: 810
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Нұр-Сұлтан қаласында II Республикалық «Жасыл кеңсе» конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Оған ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі экологиялық саясат және тұрақты даму департаментінің директоры Ақзан Ширанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Марат Бопазов, ЕҚЫҰ Нұр-Сұлтандағы бағдарламалар офисі басшысы Дьердь Сабо, «Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі Басқарма Төрайымы Айгүл Соловьева, G-Global халықаралық хатшылығының басшысы Серік Нөгербеков қатысты.

Шараның өтуіне «Жасыл экономиканы» қолдау және G-Global-ды дамыту Коалициясы» ЗТБ, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы, ЕҚЫҰ Нұр-Сұлтандағы бағдарламалар офисі қолдау танытты. Биыл шара офлайн және онлайн форматта өтті. Өзге өңірлердің жеңімпаздары онлайн байланыс арқылы қосылды.

– Аталған байқау екінші мәрте өтіп отыр. 10 маусым мен 1 қазан аралығында он номинация бойынша байқау ұйымдастырылды. Байқауға 50 өтінім келіп түсті. Оның ішінен 20 жеңімпаз іріктелді, – деді «Қазақстанның экологиялық ұйымдар қауымдастығы» ЗТБ басқарма төрағасы Айгүл Соловьева.

Байқауға өтінімдер білім беру, денсаулық сақтау саласы, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор, халықаралық ұйымдар мен өкілдіктер, шағын және орта кәсіпкерлік, өнеркәсіптік кәсіпорындар, бизнес пен сауда орталықтары, қызмет көрсету, қаржы, үкіметтік емес ұйымдар арасында қабылданды. 

Марапатту салтанатында Мәжіліс депутаты Марат Бопазов:

– Бұл игі іс-шараны алдағы уақытта да сәтті жалғастырып, кейінгі ұрпаққа жақсы «жасыл» экологияны қалдыратын болсақ, үлкен жетістік болар еді. Экологиялық бастамаларды одан әрі жүзеге асыру өте маңызды, – деді.

Экологиялық таза «жасыл» өмірді жақсарту үшін төмен көміртекті технологияларды насихаттауға, қоғамдық ғимараттарды пайдаланғанда оның экологиясын, жайлылығын және энерго тиімділігін арттыруға, озық тәжірибені, үздік технологиялық шешімдерді таратуға, экологиялық жауапты ұйымдарды брендтеуге бағытталған маңызы жоғары байқау алдағы уақытта да жалғасады.

Қажет АНДАС

Алматы облысы