Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"АҚЫЛҒА СЫЙМАЙДЫ": АДАМЗАТТЫ ТЕХНОЛОГИЯ ӘЛЕМІНДЕ НЕ КҮТІП ТҰР?

Уақыты: 30.11.2020
Оқылды: 497

Қазіргі таңда технологияның өркендегені соншалықты: «Адамзатты болашақта не күтіп тұр?» - деген сауалдың әрбір адамды ойланта бастағаны шындық.

3-сыныпта оқып жүрген кезімде ұялы телефоннан алғаш рет диктофонды көріп таңқалғанмын. Адамның дауысы сол күйінде жазылатыны мен үшін ақылға сыйымсыз көрінген. Балалығым ба екен, әйтеуір ғылымның ең үздік жетістігі осы шығар деген ойда болдым. Одан бері ғылым мен техниканың қандай қарқынмен дамығанын көріп келеміз.

1900 жылы ағылшын ғалымы Джон Уоткинс: «100 жылдан кейін бөлменің бұрышына орнатылатын шағын құрылғы арқылы нүктені басып, температураны өзгертіп отыруға болады. Реттегіш нүкте үйді жылытады немесе басқа нүктені басып суытуға болатындай мүмкіндік береді», – деген. Бірақ мұның қандай құрылғы екеніне көзін жеткізе алмаған. Бүгінде оның кондиционер екенін бірден-ақ білеміз. Жаз болсын, мейлі қыс болсын, белгілі бөлменің температурасын әпсәтте өзгертуімізге болады.

Болашақта роботтардың адамды алмастыратындығы туралы жиі айтылуда. Алғашқы роботтар адамның қозғалысы мен сырт пішінін ғана қайталаса, қазіргі кезде тұрмыстағы көптеген қызметті атқаратын, қадағалайтын, мүгедектер мен сәбилерге көмекші болатындары жасалынды. Интеллектуалдық роботтар да пайда бола бастады. Мысалы, робот-журналистер қазірдің өзінде батыстың көптеген ірі басылымында жұмыс істейді.

Олар, әсіресе қаржы, спорт салаларында статистикалық деректердің үлкен көлемін жедел өңдеу үшін қажет. Кейбір жағдайларда, роботтар журналистерге материалды жинауға көмектеседі және қызықты деректерді қарастырады. Washington post бірнеше жыл бойы Heliograf атты жазу роботын қолданып келеді . Осы уақытқа дейін робот мыңдаған мақала жазған. Жақында Қытайдың «Синьхуа» ақпарат агенттігі әлемде тұңғыш рет жаңалықтар жүргізетін роботты ұсынды. Виртуалды жүргізушінің дебюті Чжэцзян провинциясындағы Интернет бойынша дүниежүзілік конференцияда өтті.

Жалпы роботтарды пайдалану журналистикаға үлкен көмек. Алайда робот-журналист мақаланы тез және көлемді жаза алғанымен терең әрі жүйелі талдау жасай алмайды. Сондықтан, роботтың көмегімен жазылған мақаланың рейтингі әлдеқайда төмен көрінеді. Роботтардың қажеттілігі медицина саласында да айқын байқалуда. Көптеген дәрігер робот түріндегі науқастарды тәжірибелік сынақтарға пайдаланады екен. Себебі, кейбір медициналық роботтардың бойы да, жүзі де кәдімгі адамға ұқсайды.

Полицияны жаттықтыратын роботтар да бар. Жаттығу кезінде мұндай роботтарға оқ ата алады. Сол себепті, құрышпен қапталған бұл роботтар нағыз қару қолданылатын жаттығу кезінде нақты нысан ретінде пайдаланылады.

Сол себепті де цифрлық дәуірдегі енген өзгерістер адам баласының ақылына сыймайтын дүниелерден бастап, таңғажайып жаңалықтарға жол ашуы ықтимал.

Дильназ ОРАЛБЕКОВА

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды