АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ЖЕТІСУЛЫҚТАРҒА ЖҮРЕКЖАРДЫ ЛЕБІЗІН АРНАДЫ

Уақыты: 01.12.2020
Оқылды: 945
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ жетісулықтарды 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күнімен құттықтады.

"Құрметті жетісулықтар! Сіздерді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл күнді тәуелсіздігіміздің тұғырлы, бүгініміздің берекелі, болашағымыздың жарқын болуына бар ғұмыры мен күш-жігерін арнаған ерен тұлға Нұрсұлтан Назарбаевқа деген ел құрметінің ерекше бір көрінісі деп білеміз.

Дербес ел ретінде қалыптасқан осы отыз жылға жуық уақыт ішінде Тұңғыш Президентіміз өзінің салиқалы саясатымен көптеген экономикалық, саяси, әлеуметтік реформаларды сәтті жүзеге асырды, көп этносты мемлекетімізді дамудың даңғыл жолына бастады, жер-жаһанға ядролық қарусыз әлем саясатын паш етіп, Қазақстанды бейбітшіліктің алтын бесігіне айналдырды. Елдің ертеңіне бағытталған сан салалы стратегиялық бастамалар жасап, маңызды бағдарламалар түзді. Дана басшылығымен жаңғыру мен жаңарудың бірегей үлгісін жасады. Осының барлығы біздің өркендеуіміздің, тұрақты дамуымыздың сенімді негізі болды. Ел мен Ер, Тәуелсіздік пен Тұңғыш Президент, Қазақстан мен Елбасы егіз ұғымдарға айналып, халық жүрегінде мызғымастай берік орнықты.

Тұтас Қазақстанмен бірге Жетісу өлкесінің де әлеуеті ұлғайып, тұрақты дамуға бет түзеп келеді. Өнеркәсібі өрлеп, егістігі жайқалып, шаруашылығы шырайланды, елдің еңсесі биіктеп, мерейі артты.

Ел мүддесіне бағытталған мемлекет саясатының нәтижесінде және халықтың берекелі еңбегінің арқасында бұдан әрі де Отанымыздың ынтымағы мен жарастығы жасай берсін! Еліміз тыныш, Елбасымыз аман, бейбіт өміріміз берекелі болсын!" - делінген Алматы облысы әкімінің құттықтауында.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"