Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ҚАР ТАЗАЛАУШЫЛАР: "ТАҢҒЫ САҒАТ 4-ТЕН БАСТАП ЖҰМЫС ІСТЕДІК"

Уақыты: 13.01.2021
Оқылды: 558

Қаңтардың 12-сінен 13-іне қараған түні таңға жуық Алатаудың бөктері әп-сәтте ақ көрпе жамылды. Жапалақтай жауған қар лезде тобықтан асып, жол-көлік қозғалыстарын қиындата түсті. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Ауа райының осы қолайсызығын алдын ала болжаған синоптиктер ескертпе хабарламаларын жіберген. Жағдайға жайбырақаттық танытпай, қар күреп, тұз себетін ауыр техникаларын сақадай-сай дайындаған «Қазавтожол» мекемесіне қарасты «ДЭУ-21» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және облыстық, аудандық маңызы бар жолдарды өз жауапкершілігіне алған мекемелер қардан тазарту жұмыстарын уақытында бастап кеткен.

- Таңға жуық басталған қардың қалыңдығы таулы өңір Талғар аймағында 30 сантиметрден асып кетті. Осыған орай, аудан бойынша қар тазалау жұмыстарын барлық мекемелер таңғы 4-тен бастап атқаруда. Барлығы 514 шақырым жолдың қарын тазартуға 65 техника жұмылдырылып, тынымсыз жұмыс істеуде. Атап айтсақ, бүгінгі күні Талғар қаласы мен 10 ауылдық округтердің аудандық маңызы бар 245 шақырым жолын қардан тазалау үшін 6 мекеме, републикалық маңызы бар жолдардың 97 шақырымын қардан тазалауға 1 мекеме, ал облыстық маңызы бар жолдардың 172 шақырымын қардан тазалауға 1 мекеме жұмылдырылды. Ең бірінші кезекте қар тазалау жұмыстарын әлеуметтік маңызы бар нысандардан, яғни, мектеп, балабақша, емхана, почта, басқа да мекемелерге апаратын жолдардан бастады, – дейді Талғар аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асқат Досжанов.

Жолдарды қар мен мұздан тазарту жұмыстары үзіліссіз жалғасын тауып, жол-көлік қозғалысын қиындатпауға барынша күш салынуда. Жолдарды уақытылы тазарту жұмыстарын Талғар ауданы әкімінің өзі қатаң бақылауда ұстап, мердігер мекемелерге тапсырмалар беруде.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы