ҚАРЛЫ БОРАН: АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ЕҢ МАҢЫЗДЫ КҮРЕЖОЛ ЖАБЫЛДЫ

Уақыты: 22.01.2021
Оқылды: 1177
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменті аймақтағы ең маңызды күрежол - "Алматы-Өскемен" трассасының жабылғанын хабарлайды. Сонымен бірге, ауылдар мен аудандар арасындағы бірнеше жолға шектеу қойылды.

Қазіргі таңда "Алматы-Өскемен" автожолының 70-615 шақырым аралығы барлық көліктер үшін жабық. "ҚазАвтоЖол" АҚ мен "Казавтодор" ЖШС Алматы облыстық филиалдарының хабарламасы негізінде 22 қаңтар, сағат 16.00-ден бастап аталған жол учаскелерінде ауа райы нашарлап, көріну шектелген. Жел күшейіп, соңы боранға ұласқан.

Ауа райының қолайсыздығына байланысты Байсейіт-Шонжы, Үшарал-Достық, Талдықорған-Қапал-Көктөбе, Нарынқол-Кеген, Қызылқайың-Лепсі, Лепсі-Ақтоғай, Лепсі-Төлебаев-Құрақсу-Матай, Көкпек-Кеген-Тұйық, Жалаңаш-Саты-Күрметі-Көлсай көлі бағытындағы автожолдарда қозғалыс шектеліп, жүруге тыйым салынды.

Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменті азаматтардан осы бағыттағы сапарлардан бас тартуды және 112 қызметі жіберетін СМС-хабарламаларды назардан тыс қалдырмауды сұрайды.

Алыс жолға шыққан кезде ауа райы болжамымен танысып, төтенше жағдайларда сізге көмектесетін барлық қажетті заттарды өзіңізбен бірге алып жүріңіз.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"