АҚСУ АУДАНЫНДА ҚАНТ ҚЫЗЫЛШАСЫН ҚАБЫЛДАУ БАҒАСЫ КӨТЕРІЛДІ

Уақыты: 05.02.2021
Оқылды: 1744
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ақсу ауданында ауылшаруашылығын дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы барған сайын кеңейіп келеді. Әсіресе, қант қызылшасын өсіру алқабы ұлғайтылып, балтамырды қабылдау бағасы көтерілді. Бұл туралы "Жетісу" газеті Ақсу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Осы бағытта төл дақыл - қант қызылшасына ерекше назар аударылып, жыл өткен сайын егістік алқаптары ұлғайып келеді. Жағымды жаңалық, Ақсуда қызылшасын қабылдау бағасы біршама өсіп отыр. Бұрын 1 тонна қант қызылшасының құны 18000 теңге болса, қазір 22000 теңгені құрады. Яғни, мемлекет тарапынан субсидия берілсе, бұл баға тағы да көтерілуі мүмкін. Ақсу қант зауыты тарапынан бұрын 8000 теңге берілсе, енді 10000 теңгеге жеткізілді.

Өткен жылы ауданда 3167 гектар қант қызылшасы егіліп, 2 927 га қант қызылшасы дақылынан 87 600 тонна өнім жиналып, орташа өнімділігі 337,5 ц/га құрады. Суғару маусымында өзен суларының күрт төмендеуіне байланысты су тапшылығы орын алып, жоғары өнім алуға кері әсерін тигізді. 2021 жылға 3315 гектар қант қызылшасын себу жоспарланып, тұқымға сұраныстар жіберілуде. Бүгінгі күнге шетелдік тұқымға 666 себу бірлігі, 1350 келі отандық тұқымға сұраныстар берілді, шетелдік 1260 себу бірлігі шаруа қожалықтарының өзінде де бар.

2021 жылы 61 399 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын себу жоспарланып, егістік көлемі 382 гектарға ұлғайып отыр. Биылғы егіс науқанына  3 315 гектар қант қызылшасын себу жоспарланып, ол үшін 3000 гектар терең сүдігер дайындалды.

Ауданда қант қызылшасын өсірумен айналысатын 6 сервистік дайындау орталығы жұмыс жасайды, қосымша 1 сервистік дайындау орталығын құруға сұраныс берілді.

Айта кетейік, Ақсу қант зауыты 2017 жылы қайта түлеп, іске қосылған болатын. Қайта іске қосылған соң жұмыс жасау қарқыны жыл өткен сайын ұлғайып, артып келеді. Алып кәсіпорынның өндіретін өнім сапасы жаңа технологиялардың арқасында артып, оң нәтижеге қарай қадам басуда. Өткен жылы қызылша жомы жаңа технологиялар көмегімен тығыздалып, брекеттелген түрде шығарылды. Бұл өнім аудан тұрғындарымен, алыс-жақын аудандарға мал азығы ретінде қолжетімді бағада сатылды.

Қант қызылшасының көлемін ұлғайтып, мол өнім алу, қант зауытын дамыту ауданның басты стратегиясы болып қала береді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"