АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА СУ ТАПШЫЛЫҒЫНА ҚАТЫСТЫ АРНАЙЫ ЖИЫН ӨТТІ

Уақыты: 02.03.2021
Оқылды: 1077
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысының әкімдігінде аймаққа арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов пен облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиевтің төрағалығымен өткен басқосуда су тапшылығы мәселесі сөз болды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Шараға онлайн режимде аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары да қатысып, өз  ұсыныстарын ортаға салды.

– Біз осыған дейін оңтүстік өңірдегі облыстарды аралап, суландыру маусымы басталмай тұрып, нақтылы жағдайды бағамдап қайту үшін келіп отырмыз. Қатарымызда бірнеше министрліктің өкілдері бар. Жалпы, еліміздегі суармалы жердің 90 пайызға жуығы оңтүстіктегі төрт облысқа тән. Соның ішінде Жетісу өңірінің үлесі басым екендігі белгілі. Өткен жылы тұрғындар су тапшылығын анық сезінді. Бұл алдағы уақытта да қайталануы мүмкін. Өйткені қазіргі жағдай бойынша Алматы облысы су қоймаларына жиналған су мөлшері өткен жылдармен салыстырғанда төмен. Ал суландыру маусымы басталғанша керекті су мөлшерін жинай аламыз ба? Мұнан өзге де толғандыратын мәселе баршылық. Сондықтан, өткен жылдағыдағы қиындықтарды саралап, нақты қорытынды шығарып, су тапшылығының алдын алу керек, – деді Серік Салаватұлы.

Осыдан кейін сөз алған «Қазгидромет» РМК облыстық филиалы, облыстық ауылшаруашылық басқармасы, "ҚазСуШар" РМК облыстық филиалы «Қапшағай», «Бартоғай»  су қоймаларының басшылары нақтылы жағдайды таныстырып шықты. Олардың айтуынша, биылғы жыл қар қалың болғанымен қар суының есебімен қоймалардағы су мөлшері жылдағыдай деңгейге жете қоюы мүмкін емес. Өйткені, су мөлшерінің төмендеуіне климаттағы өзгерістер мен трансшегаралық өзендердегі су мөлшерінің азаюы және жыл сайын суармалы егіс алқаптарының артуы әсер етіп отыр.

Айталық, былтыр дәл осы уақытта «Қапшағай» су қоймасында 17 млрд. 42 млн. текше метр су болса, биыл 16 млрд.160 млн. текше метр су жиналған. "Қапшағай" су қоймасындағы су егіс алқаптарын суғарумен қатар, ауыз су үшін де пайдаланатынын ескерсек, жағдай қиын. Оның үстіне Балқаш ауданындағы күріш дақылының егіс көлемінің жыл сайын артуы да «Қапшағай» су қоймасына салмақ салып отыр. «Бартоғай» су қоймасындағы жағдай да дәл солай. Оның үстіне «Бартоғай» су қоймасы қолданысқа берілгеннен бері бірде-бір рет күрделі жөндеу жұмысы жүргізілмегендіктен су шығыны да артып келеді.

Ал облыстық ауылшаруашылық басқармасының ақпараты бойынша, аймақта ауылшаруашылығы мақсатындағы жер 1 млн. гектардан астам, оның ішінде 583 мың гектары суармалы жер санатында. Жыл сайын жер егіс алқаптары, оның ішінде, суармалы жер көлемі ұлғайғанымен оған керекті су мөлшерінің азайып отырғаны белгілі. Алайда облыстық ауылшаруашылық басқармасы басшысы облыс тұрғындарының суға деген қиыншылығын «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша қолға алынған каналдар, қайта жөнделген «Қызылағаш» су қоймасы мен бірнеше жылдан бері Ислам даму банкінің қаржыландырылуымен жүргізілген Көксу, Ескелді, Ақсу, Алакөл аудандарындағы ирригациялық жүйелерді қайта жаңғырту жобасынан үлкен үміт күтетінін жеткізді.

Әрине, Ислам даму банкінің қыруар қаржысымен қолға алынған Көксу, Ескелді, Ақсу, Алакөл аудандарындағы ирригациялық жүйені қайта жаңғырту жобасы жетісулықтардың «қағанағын қарық, сағанағын сарқ қылады» деп үміттенгеніміз анық. Алайда осы бір-екі жылдың көлемінде толық пайдалануға берілетін ауқымды жобаның әлі күнге бітетін түрі жоқ. Қазір бұл жоба аясында Ескелді мен Ақсу ауданында жұмыс қызу жүріп жатқанымен Алакөл мен Көксу ауданында жұмыс басталған жоқ. Жоба аясындағы жұмыс қарқынды делінетін Ескелді ауданындағы жағдайда мәз емес.

Вице-министр облыстық әкімдіктегі бас қосу алдында Ескелді ауданы, Жеңдік ауылына барып, жұмыс барысын бағамдап, атқарылған шаруаларға көңілі толмайтындығын ашық білдірді. Жеңдік ауылындағы кездесуде «ҚазСуШар» облыстық филиалының директоры Саят Құдайбергенов істелген жұмысты жақсы қырынан көрсетуге тырысқанымен шешуге тиісті кемшіліктің шаш етектен екендігі белгілі болды. Өйткені, 2016 жылы бекітілген Ескелді ауданындағы ирригациялық жүйелерді жаңғырту жобасы дұрыс болмағандықтан қайта қаралып жатыпты. Каналдардың басым бөлігі жаңғыртылғанымен оның су беру мүкіндігі аз болғандықтан қосымша көне су арналарын шарасыз пайдаланып отырғаны да белгілі болды. Аталған аудандағы ирригациялық жүйелерді жаңғырту жұмысына мердігер «Асатай» ЖШС өкілдері вице-министрге атқарған жұмысына төленетін тиесілі қаржыны ала алмай отырғанын айтып, жұмыстың жүйелі жүретіндігіне сенімсіздік танытты.

Облыстағы су шаруашылығын реттеуге қатысты мұнан өзге де атқарылатын дүние аз емес. Оны облыстық әкімдіктегі кездесуде аудан, қала әкімдері ұсыныс ретінде білдірді. Олар Талдықорған қаласының іргесіндегі Дауылбай, Көктал, Алмалы ауылдарының суармалы егістіктерін сумен қамтамасыз етуге қолайлылық тудыру үшін Балақты өзені арнасынан, Панфилов аудынындағы жүгері дақылының егіс көлемін ұлғайту үшін Қорғас, Өсек өзендерінің бойынан  су қоймасын, Балқаш ауданындағы күріш дақылын өсіретін жерді қысқартып, экологиялық жағдайды ұшықтырмау үшін Іле өзенінен су алатын Тасмир және Бақанас каналдарына үрлемелі платина, Кеген ауданы аумағынан еріген қар суларын жинақтайтын жобалық-сметалық құжаты әзірленген 9 су қоймасын салуға керекті қаржы бөліп, қолдау танытуын өтінді. 

Барлық тараптың есебі мен ұсынысын толық тыңдап шыққан вице-министр Серік Қожаниязов тексеріліп анықталған жағдайлар мен өңірлерден түскен ұсынысты министрлікте көтеріп, оның шешілуіне қолдау танытатынын білдірді. Сондай-ақ, алдағы суландыру маусымына байланысты тиісті мекеме басшылары мен аудан, қала әкімдіктеріне тапсырма берді.

Қажет АНДАС

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан