ЖАМБЫЛ АУДАНЫНЫҢ ДИҚАНДАРЫ КӨКТЕМГІ ҚАУЫРТ ЖҰМЫСҚА КІРІСТІ

Уақыты: 27.04.2021
Оқылды: 774
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жері ауылшаруашылығы үшін қолайлы Жамбыл ауданында бүгінде көктемгі дала жұмыстары қызу жүріп жатыр. Ауа райының ашық күндерін барынша тиімді пайдаланып қалуға тырысқан диқандар қауымы егістікті дайындау жұмыстарын еңсеріп, дән егуде.

Ауданның бас агрономы Қайрат Тойшыбековтің айтуынша, ауданда ауылшаруашылығы мақсатындағы жалпы егістік жердің көлемі 117101 гектарды құрайды. Осы жердің 103394 гектарына биылғы өнім үшін түрлі ауылшаруашылық дақылдарын себу жоспарланып отыр.

Бұл орайдағы жұмыстар өткен күзде 14 мың гектарға күздік бидай себумен басталған болатын. Ал негізгі дақылдардың тұқымы топыраққа әдеттегідей көктемде сіңірілетіні белгілі. Нақтылай кетсек, осы мезгілде жаздық арпа 33400 гектар, дәндік жүгері 616 гектар, сұлы 350 гектар, мақсары 2644 гектар, майбұршақ 1720 гектар, картоп 1658 гектар, көкөніс 1104 гектар, бақша 618 гектар алқапқа егілуге тиіс. Бұған қоса 47284 гектарға мал азығы дақылдары, атап айтқанда 817 гектар сүрлемдік жүгері, 4029 гектар біржылдық шөп, 1600 гектар көпжылдық шөп егіледі. Оған қоса 40838 гектар жерде бұрын себілген көпжылдық шөп бар.

Дән егу үшін бүгінгі күнге ауданда 26356 гектар жер жыртылып, 40838 гектар жер тырмаланды. Жаздық арпа жоспарда 33400 гектарға көзделген болса, осы кезге дейін оның 31000 гектарына егіліп, меже 92 пайызға орындалды. Көкөніс 250 гектарға, көпжылдық шөп 1200, картоп 470 гектарға егілді. Жаздық арпа тұқымының көлемі 6145 тонна болған еді. Осы тұқымдық дән толығымен «Жетісу Агро» зертханасында сапа және класс анықтау мақсатында тексеруден өткізілді.

Көктемгі дала жұмыстарына қатысатын ауылшаруашылығы техникалары алдын ала дайындалып барып жұмысқа жегілді. Қазіргі уақытта дала төсінде 215 трактор, 145 дана соқа, 110 дана тырма, 105 дана тұқымсепкіш, 50 дана қопсытқыш жұмыс істеп жатыр. Осы жұмыстарға қажетті арзандатылған дизель отынына шаруашылық құрылымдарынан алдын ала сұраныстар берілген болатын. Соған сәйкес көктемгі дала жұмыстарына қажетті 1 250 тонна дизель отыны бөлінді, бағасы – 1 литрі 164 теңгеден. Осындай сұранысты 9 шаруа қожалығы 311 тоннаға білдірген еді, қазіргі уақытта соның 48,5 тоннасы алынды.

Серік ӘШІМБЕКҰЛЫ

Жамбыл ауданы

Алматы облысы