ЕСКЕЛДІ АУДАНЫНДА БИЫЛ 3500 ГЕКТАР АЛҚАПҚА ҚАНТ ҚЫЗЫЛШАСЫ ЕГІЛЕДІ

Уақыты: 29.04.2021
Оқылды: 1568
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ескелді ауданының шаруалары қант қызылшасын отырғызуға кірісті. Жыл сайын өнім алудан алдыңғы қатарда тұрған өңір диқандары биыл 3500 гектар жерге қызылша егуді жоспарлап отыр. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Қазіргі таңда шаруалар тәтті түбірді отырғызу жұмыстарын бастап кетті. Көктемгі дала жұмыстарына қажетті агротехникалар сақадай-сай. Бүгінгі күні 3500 гектар жерге егілуге тиіс қызылшаның 270 гектары егіліп бітті. Тәтті түбірді егу жұмыстарына 15 техника жұмылдырылған.

– Қызылша егілетін жер өте құнарлы болуы тиіс. Ол үшін селитра, аммофос, малдың қилары арқылы жер тыңайтылады. Агротехникалық шаралардың басым бөлігі қолдың күшімен істелетіндіктен, қызылша егу үшін қажырлы еңбек керек екені ескерілуі тиіс. Алайда үлкен еңбектің соңы – үлкен табысқа алып келетіні белгілі, – дейді аудан шаруалары.

Жалпы, Ескелді аданына қарасты 11 ауылдық округ бар. Биыл осы округтардың ішінен Бақтыбай ауылдық округі қызылша өсіруден алдыңғы қатарда тұр. Оған қоса, жаздық және күздік егіске байланысты мәселелер шешілген. Қазіргі уақытта қант қызылшасын және бақша дақылдарын отырғызу жұмыстары жүргізілуде.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"