САРҚАНДА ЕЛУ ПӘТЕРЛІ КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙ САЛЫНЫП ЖАТЫР

Уақыты: 03.05.2021
Оқылды: 1094
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Аудан орталығында мемлекеттік бағдарлама аясында елу пәтерлі тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Айта кетерлігі, көппәтерлі тұрғын үй Сарқан қаласында соңғы рет 1992 жылы салынған.

Күзден бері салынып жатқан бес қабатты бұл үйде 15 үш бөлмелі, 25 екі бөлмелі және 10 бір бөлмелі пәтерлер болады деп жоспарлануда. Мердігер талдықорғандық «Golden City DS» ЖШС жұмысты жүйелі жүргізуде. Болашақ бес қабатты үйдің орны қазылып, іргетасы құйылып, құрылыс талаптары сақталып, жұмысшылар саны ұлғаюда. Болашақта қала- да тағы да бірнеше көпқабатты үй салу жоспарлануда. Одан бөлек, жобалық қуаттылығы 960 оқушыға арналған Екіаша ауылдық мектебі 1969 жылы пайдалануға беріліп, жарты ғасырдан астам күрделі жөндеу көрмеген. Өткен жыл- дан бері қолға алынған бұл ауқымды жұмыс аяқталып қалды. Бояу-сырлау, әрлеу жұмыстары және мектеп ауласын абаттандыру белгіленген мерзімге дейін жүзеге асырылуы тиіс.

– 2020 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 800909,0 мың теңге бөлінді, – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Панар Иманғазиева.

Мемлекеттік сатып алуда «Ақмешіт-Мелиоратор» ЖШС жеңімпаз болып табылып, «Сарқан аудандық білім беру» мемлекеттік мекемесі мен мердігер арасында 2020 жылдың 16 шілдесінде жалпы сомасы 709809261,8 теңгеге келісімшарт жасалып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы 80465,0 мың теңгеге, биыл 15000,0 мың теңгеге мектептің материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Жаңғырған және жаңартылған мектеп ғимараты болашақта көз қуантып, көңіл өсіретіні сөзсіз.

Жомарт ИГІМАН

Сарқан ауданы

Алматы облысы