ҰЙҒЫР АУДАНЫНДА "ДАЛА АРУЫН" ӨСІРЕТІН АЛҚАПТЫҢ КӨЛЕМІ ҰЛҒАЙДЫ

Уақыты: 03.05.2021
Оқылды: 1332
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Көктемнің әр күнін жылға азық еткен өңір диқандары жаппай егіс алқаптарындағы жұмысқа кірісіп, жаздық масақты дәнді дақылдарды себу үстінде. Биыл ауданда 17 431 гектар жерге ауылшаруашылығы дақылдарын себу жоспарланған.

Оның ішіне 14 440 гектар дәнді дақылдар, 200 гектар майлы дақылдар, 1 351 гектар көкөніс, картоп, бақша және 1090 гектар таза себіндік, 50 гектар сүрлен себілмек. Сондай-ақ, 135 гектар жерге бақ отырғызылуда. Ал, егістікті әртараптандыруға байланысты жүгері алқаптарының көлемі былтырғыдан анағұрлым көбейіп отыр.

Тұтас алғанда егіс науқанына 265 трактор, 195 соқа, 51 сепкіш, 524 тырма құралы жұмылдырылған. Сонымен қатар, жыл басынан бері шаруа қожалықтары 106 млн.560 мыңға су жаңа 10 трактор сатып алған.

Агросаланы дамыту бағытында мемлекет тарапынан әртүрлі бағдарламалар жасалған. Шаруаларды қолдау мақсатында жылдағыдай арзан бағадағы жанар-жағармай, тыңайтқыштар қоры берілуде.

Ендігі негізгі міндеттің бірі – ауылшаруашылығының заманауи әрі озық техникаларын көбейту. Осы бағытта биыл ауданда «Алтын Дән Шонжы» сервистік-даярлау орталығы ашылды. Орталыққа 550 млн.теңге қаржыға 39 әртүрлі заманауи ауылшаруашылығы техникасы алынды. Аталмыш сервистік даярлау орталығының трактор қызметтері жүгері өсіру технологиясын сақтауға көмектесіп, сәйкесінше, өнімділікті арттыруға, егіс алқабын жедел дайындап, егін жинау мерзімін қысқартуға септігін тигізеді. Сонымен қатар, сервистік-даярлау орталығының трактор қызметтерін басқа дақылдарды өсіру үшін де пайдалануға болады. Орталық шаруашылықтарға ерте көктемнен күзгі жиын-терінге дейін қызмет көрсетпек.

Бүгінде сервистік-даярлау орталығы 14 шаруашылық құрылымымен 215 гектар жерге қызмет көрсетуге келісімшарт жасасып, аудан көлемінде жұмыстарын жалғастыруда.

Ақжол ТУРАХАН,

Ұйғыр ауданы әкімінің баспасөз хатшысы