ЖУРНАЛИСТЕРГЕ ТАЛҒАР АУДАНЫНЫҢ ДАМУ ДИНАМИКАСЫ КӨРСЕТІЛДІ

Уақыты: 02.05.2021
Оқылды: 1208
Бөлім: ЭКОНОМИКА

«Jetisu Media» КММ мен Талғар ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Талғар ауданының даму динамикасы» тақырыбында көшпелі баспасөз-мәслихаты өтті. Аталған ауданның тыныс-тіршілігін тілге тиек еткен бұл шараға қатысушы БАҚ өкілдері бірқатар нысандарда болып, олардың жұмыс ырғағымен және алдағы жоспар-міндеттерімен танысты. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

«Jetisu Media» мекемесінің директоры Жанна Арынбекова бастаған БАҚ өкілдерін Талғар ауданының әкімі Қайдар Әбдіханов қабылдап, ауданның экономикалық-әлеуметтік даму бағытын баяндады. Сондай-ақ, іссапар барысында Талғар қаласындағы көпқабатты үйлерді орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосудағы блок-модульді қазандықтар мен аулаларды абаттандыру жұмыстарын көрсетіп, алдағы атқарылар жұмыстар жайын әңгімелеп берді.

- Өздеріңіз білетіндей, облыс әкімі Амандық Ғаббасұлының тікелей қолдау көрсетуінің арқасында пилоттық жоба жүзеге асып, соңғы екі-үш жылдан бері Талғар қаласындағы көпқабатты үйлерді түгелдей БМҚ-ға (блокты-модульді қазандықтар) қосу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қазір тұрғындар қыстан қысылмай, қиындық көрмей шығуда. Бұл облыста алғашқы болып жүзеге асқан ірі жобалардың бірі. 2018 жылдан бастау алған БМҚ орнату жұмыстарына тоқталар болсам, алғашқы жылы 6 БМҚ, одан кейінгі жылы 15 БМҚ, ал былтыр 11 БМҚ орнатылып, жалпы алғанда Талғар қаласы бойынша БМҚ саны 32-ге жетті. Соның нәтижесінде қаладағы барлық 5 қабатты тұрғын үйлер, яғни, 142 үй, 4489 пәтер жылумен қамтамасыз етілді. Енді Талғар қаласындағы 23 екі қабатты үйлерді және Бесағаш, Кеңдала, Панфилов, Қарабұлақ, Ақтас, Алтындән ауылдарындағы көпқабатты үйлерді жылыту үшін БМҚ орнатуды жоспарлап отырмыз. Ол үшін бюджеттен 50 млн.теңге қарастырылған, – деген аудан әкімі Қайдар Әлиханұлы бұдан әрі аулаларды абаттандыру жұмыстарын тілге тиек етті.

Бұл мақсатта былтыр «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 53 жобаны іске асыруға 5 млрд.997 млн.теңге бөлінген. Осы бағдарлама арқылы Талғар қаласының 32 ауласына абаттандыру жұмыстары жүргізілген және 20 шақырымдық арықтар жөндеу көрген. Сонымен қатар, алдыңғы жылы ауданның жалпы ұзындығы 90 шақырым болатын 60 орталық көшесін жарықтандыру жобасы жүзеге асқан. Оның ішінде 16 көшені қамтитын, ұзындығы 27 шақырым болатын 902 тіреуіш орнатылған, бұл орайда 247 млн.теңге игерілген. Осы жылы аталған жұмыстарды жалғастыру үшін 300 млн.теңге бөлінгендігі баяндалды.

Халық саны жылма-жыл өсіп отырған іргелі ауданда көпқабатты тұрғын үй құрылысы қарқын алып, инвестиция көлемі де арта түскен. Биылға 75 млрд.теңге инвестиция тарту көзделген. Бұл жоспардың артығымен орындаларына еш күмән жоқ. Соған қоса, республикалық бюджеттен айналма жол құрылысына және ауыл шаруашылығына ауқымды қаржы қарастырылған.

Талғар қаласы бойынша басты назарда тұрған тағы бір нысан – 1200 орынды жаңа мектептің құрылысы екендігі көпке мәлім. Өткен жылдың көктемінен іргесі қалана бастаған бұл мектеп құрылысы осы жылдың желтоқсан айында толық аяқталып, пайдалануға берілетіндігі жөнінде Талғар қаласының әкімі Айдар Нұрмұханбет баян етті. Бүгінде бұл нысанның құрылысын елімізге танымал «BI GROUP» мердігер компаниясы жүргізуде, онда 150 адам еңбекке тартылған. Жалпы аумағы 5 гектар жерді алып жатқан жаңа мектептің құрылысына бөлінген облыстық бюджеттің 3 млрд.150 млн. теңгесінің 35 пайызы игерілген.

Талғар қаласында орналасқан баспа өнімдерін шығаратын ең ірі кәсіпорын – «Интеллсервис» деп аталады. Республика көлеміне танымал кәсіпорында заманауи полиграфиялық машиналар, атап айтсақ, 6 түсті баспа және цифрлық машиналар орнатылып, жоғары сапалы өнімділікпен қатар бәсекеге қабілеттілікті де арттырған. Соның нәтижесінде баспа өнімі ел аумағынан асып, көршілес Ресейге экспортталуда.

Қаптама өндірісін дамытудың перспективалық бағыттарының бірі сұйық өнімдерге – шырындарға, сүт өнімдеріне, алкогольсіз сусындарға арналған жұмсақ орау болып табылады. Қазақстанда мұндай орауыштың тұтыну нарығы өте үлкен. Импортты алмастыратын өнім өндірісін дамыту басым бағыт болып табылатындығы және кәсіпорынның инновациялық қызметін дамытатындығы жайында «Интеллсервис» ЖШС-нің директоры Александр Костин әңгімелеп, келешекте кәсіпорын іргесін кеңейтіп, өнім көлемін арттыруды көздейтіндіктерін мәлімдеді.

Кәсіпорынның танымалдылығын арттыруда жоғары сапаға баса көңіл бөлінген. Нарықтағы бәсекелестікті арттыру мақсатында 2017 жылы орташа жылдамдықты шыныаяқ жасайтын «RUIZE-600A» машинасы орнатылған, жаңа жабдықтың артықшылығы – оның кесе өлшемдерін басқарудың интегралды жүйесі бар. Сондай-ақ, RUIZE-WLTM-10A орта жылдамдықты екі қабатты қағаздан шыныаяқ жасайтын машина да жаңа инновациялық технология болып табылады.

Бұл - ыстық сусындарға арналған жаңа өнім. Ал «CH-12Y» түсті қағаз қораптарын дайындайтын жартылай автоматты машина қол еңбегін алмастырған. «YILIAN FOJ-1100B» қағаз орамдарын орауға және кесуге арналған машина, бұл жоғары дәлдікпен көзілдірік үшін Jumbo орамдарын түбіне дейін ашуға мүмкіндік береді. Осы жабдықтарды сатып алу арқылы кәсіпорын өндірістегі жаңа инновациялық технологияларды игеріп, сол арқылы қосымша жұмыс орындарын ашқан. Іргесі 1991 жылы құрылған кәсіпорынның 30 жылдық тарихы толағай табыстар мен жетістіктерге толы.

Бұл күнде 242 адам тұрақты еңбек ететін аталған кәсіпорында жұмысшыларға бар жағдай жасалғаны жөнінде он жылға жуық қызмет етіп келе жатқан еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау жөніндегі инженер Әлия Ахмоллаева мақтанышпен атады. Карантиндік шектеулерге қарамастан кәсіпорынның жұмыс ырғағы бұзылмай, жалғасын табуда.

Ауданның ауылшаруашалық саласында жылыжайдың алар орны айрықша. Тұтынушыларды табиғи әрі жоғары сапалы көкөністермен қамтамасыз ету мақсатында 2017 жылы іргесі қаланған Тұздыбастау ауылындағы «Массари» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 0,5 гектар жерге орналасқан жылыжай кешенінде өсімдік шаруашылығы өнімдері, оның ішінде қияр мен қызанақ өсіруді жолға қойған. Кешеннің өндірістік қуаты жылына шамамен 120-200 тонна өнім өндіру. Өткен жылы 200 тонна қияр алып, сауда нүктелеріне жөнелткен.

Биыл көшеге көрік берер табиғи гүл тұқымдарын отырғызып, көгалдандыру компанияларымен келісімшарт жасасып, жылыжай өнімінің түрлерін арттырғаны жөнінде аталған компанияның меңгерушісі К.Боков баяндады. 25 сотық жерден басталған жылыжай көлемі жылдан жылға кеңейіп, жарты гектарға жеткен. Өндірілген өнімді Алматы қаласындағы ірі сауда нысандары мен «Алтын орда» базарына өткізу жолға қойылған. Жыл бойы жұмыс істейтін жылыжай кешенінде 10 шақты адам еңбек етуде.

Осылайша өндірісі өрлеген ауданның ахуалын көзбен көріп, құлақпен естіген көшпелі баспасөз-мәслихаты аудан әкімі Қайдар Әлиханұлының Бесағаш ауылдық округ тұрғындарымен өткен кездесуімен қорытындыланды. Ауыл жұртшылығы аудан әкіміне ауызсу, жол мен жарық мәселелерінде әлі күнге түйінді проблемалардың барын ашып айтып, алдағы уақытта шешім табуына мұрындық болар деген сенімдерін білдірді.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы