ЖЕРДІ САТПАУ: ГЕКТАР-ГЕКТАР АЛҚАБЫ БАР ҚОЖАЛЫҚ ИЕСІМЕН СҰХБАТ

Уақыты: 06.05.2021
Оқылды: 998
Бөлім: ЭКОНОМИКА

ҚР Президенті Қ.Тоқаев жерді сатуға және жалға беруге заң жүзінде тыйым салуды тапсырып, ел  қуанышын еселегені белгілі. Осыған байланысты Панфилов ауданындағы «Ернар» ЖШҚ төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері, кәсіпкер Тасқын ЖАПАРҚҰЛМЕН сұхбат құрған едік.

– Тасқын Тұрғанғазыұлы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында жерге байланысты мәселелерді тұжырымдап, түйіндеп, депутаттардың сараптамасына ұсынды. Республика меншігіндегі жерді шетел азаматтарына сатпау және ұзақмерзімге жалға бермеуді заңмен шегелеу ұсынысы халқымыздың көкейкесті тілегімен астасқаны анық. Бұған сіз қандай пікір қосар едіңіз?

– Бұл ел ішінде көптен бері айтылып келе жатқан, әр қазақстандықтың тілегіне айналған мәселенің түйіні. Соның бір айғағы – 2016 жылы республикада құрылған Жер реформасы комиссиясының жұмыс жасауы. Бұл комиссияға еліміздің әр аймағынан жер жағдайын жетік білетін 73 маман мүше болып, жарты жылдан астам жұмыс жасады. Солардың қатарында Алматы облысынан марқұм Жақсылық Үшкемпіров екеуміз мемлекеттік комиссияға мүше болып, еліміздегі жер реформасын жан-жақты жүйелеуге қатыстық.

Біз аймақтарды аралап, жер реформасына байланысты жергілікті халықтың, жермен тікелей жұмыс жасайтын шаруалардың ой, пікірлерін, ұсыныстарын біліп, қорытынды есептерімізді Үкіметке бергенбіз. Содан кейін бес жылға жерге байланысты мораторий жарияланды. Мемлекет басшысының халық қалаулыларының талқылауына ұсынған түйіндемесінде сол комиссия жұмысының қорытындылары ескерілді деп ойлаймын. Жерімізді шетел азаматтарына сатпау және жалға бермеу жөніндегі ел Президентінің бастамасы жалпы халық қолдайтын, дер кезінде айтылған оң пайым деп білемін.

– Жер мәселесі ауыл-аймақтарда қандай маңызға ие?

– Алматы облысы агралы аймақ болғандықтан жер мәселесі назардан тыс қалған емес. Облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының аймақтық филиалы және жергілікті халықтың қатысуымен жиі талқыланып, әрдайым дұрыс шешімдер жасалып отырады. Соңғы кезде ауылшаруашылығындағы, оның ішінде егістік алқаптар жаңа цифрлық технологиямен жерсерігі арқылы бақылауға алынған. Бұл көптеген егістік жерлерінің игерілмей қалуына байланысты жайларды және себеп-салдарын анықтауға тиімді жағдай жасауда.

Соңғы жылдары облыс аумағындағы өзен-көлдер мен басқа да табиғи су көздерінің біртіндеп тартылуы егіншілерді де, малшыларды да тығырыққа тіреп жүр. Егіншілер үшін мәселенің шешімі – жаңа технологияларды пайдалану, яғни, тамшылатып және жаңбырлатып суару әдісін өндіріске кеңінен енгізу. Сонымен қатар, жерасты суларын зерттеп, анықтап, пайдаға жарату да күн тәртібіндегі мәселе деп білемін. Сол сияқты өзендердің суын жинақтап, қажетке жұмсау үшін су тоспаларын көбейткен жөн.

– Өзіміздің өңір – Панфилов ауданындағы жерге қатысты мәселе жайлы не айтар едіңіз?

– Жаңа айтқан су тапшылығы, оған қосымша топырақ эрозиясы өңірде өткір деңгейде. Егер Қорғас, Тышқан және Өсек өзендерінің бойында су тоспалары жасалса, тағы 12 мың гектардан астам тыңайған жер айналымға енер еді. Сонда қазіргідей 25 мың гектар емес 40 мың гектарға жуық алқапқа «дала аруының» тұқымын себуге мүмкіндік тумақ. Тіпті, болмағанда сол егістік алқаптарының бір бөлігін топырақты тыңайтатын жоңышқа, соя сияқты дақылдармен алмастырып, топырақ эрозиясын кемітуге болады.

– Сұхбат соңында өз шаруашылығыңыздың тіршілігіне қысқаша тоқталсаңыз?

– Биыл біздің «Ернар» ЖШҚ 950 гектар жерге қатардағы жемдік жүгері, 136 гектарға тұқымдық жүгері өсіруді жоспарлаған. Бұдан басқа, 480 гектар бидай, 90 гектар жоңышқа, 50 гектар соя, 40 гектар арпа, 25 гектар картоп тұқымын егеміз. 24 гектар жеміс бағымыз бар. Сұптай теліміндегі 177 гектар жүгері алқабын тамшылатып, Шолақайдағы 40 гектар жоңышқаны жаңбырлатып суармақпыз.

Қазір еңбеккерлеріміз қой төлдету науқанына кірісті. Биыл 1400 саулық төлдетіледі. Бұдан басқа 485 асыл тұқымды қазақтың ақ бас сиыры және 370 американдық Санта-гертруда сиыры төлдейді. 950 жабы тұқымды жылқымыз бар. Мал бордақылау алаңында 550 өгізше бордақылауға қойылған. Шаруашылығымызда жетпістен астам адам тұрақты еңбек етеді. Олардың арасында Ташполат Пахрамов, Ахметжан Исламов, Тілеуберді Қамбаров сынды білікті механизаторларымыз, бақташы Дархан Қодаров, шопан Мұхамет Жантеміров және жылқышы Нариман Сабыров сынды еңбек озаттарымыз уақытпен санаспай жұмыс істеп, табысты тасқындатып  жүр.

Сұхбаттасқан - Мырзағали НҰРСЕЙІТ

Панфилов ауданы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан