БӨЛЕКСАЗ АУЫЛЫНДА САЯБАҚ АШЫЛЫП, ШЫРШАЛАР ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ

Уақыты: 06.05.2021
Оқылды: 1836
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Бөлексаз ауылында саябақ ашылып, шырша көшеттері отырғызылды. Ауыл әкімі Жасұлан Өмірзақов атаулы шарамен тұрғындарды құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Шара барысында Амантай Жақашев, Мұқатай Тоқтасынов, Гүлсім Өскенбаева, Рақия Елжанова секілді тыл ардагерлеріне өңір тұрғындары атынан сыйлық тапсырылып, құрмет көрсетілді. Саябақтың айналасын қоршап, шырша мен тал көшеттерін әкеліп, игілікті демалыс орнына негіз қалаған ауыл азаматы Абылай Ерланұлына тұрғындар алғысын айтып, естелік сыйлық тапсырды.

Салтанатты шақта тыл ардагері Амантай Жақашев, шаруа қожалығының төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Бұршақбай Белеков, Бөлексаз орта мектебінің директоры Мұратжан Мәсімханов сөз алып, жиналғандарды мамыр айындағы мерекелермен құттықтады. Жаңадан ашылған саябақ жастар мен ауыл тұрғындарының бір уақыт демалатын жайлы орнына айналсын деген тілектерін жеткізді. Бұдан соң тыл ардагерлері, ауыл тұрғындары саябаққа шырша, тал-терек көшеттерін отырғызды. Сондай-ақ, ауданның Құрметті азаматы Бұршақбай Белековтың қолдауымен ауылдағы әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына азық-түлік түрінде көмек көрсетілді.

Ауылдағы «Ақниет» әжелер ансамблі «Төр жайлау», «Әди-айдай», «Ақ кимешек» секілді халық әндерін әуелетіп, көп көңілін желпінтті. Аян Жақан, Кәден Айдос секілді өнерлі өрендер әсем әндерімен ажарлады.

Ауылдың орталығынан жасалған, тұрақты күтімге алынатын саябақ өскелең ұрпақ үшін жақсы тарту екені сөзсіз. 

Қанат БІРЖАНСАЛ

Алматы облысы