НҰРТӨРЕ ЖҮСІП БАСТАҒАН БІР ТОП СЕНАТОР ҚАПШАҒАЙ ҚАЛАСЫНА КЕЛДІ

Уақыты: 06.05.2021
Оқылды: 2132
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұртөре ЖҮСІП, Сұлтанбек МӘКЕЖАНОВ, Динар НӨКЕТАЕВА, Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ және Ләззат СҮЛЕЙМЕН Қапшағайға барып, өңірдің тыныс-тіршілігімен танысты. Астаналық қонақтар әр сала бойынша тұрғындардың талап-тілегін тыңдады. Халық қалаулыларын Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов, Қапшағай қаласының әкімі Нұрлан Құматаев қарсы алып, атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Халық қалаулылары әуелі Заречный ауылдық округінде орналасқан «Маревен Фуд Тянь-Шань» ЖШС «Роллтон» тауарлық белгісімен танымал зауытқа барды. Жылдам дайындалатын кеспе, кең қолданыстағы тағамдар мен жартылай фабрикаттар дайындауға бағытталған зауыт 2018 жылдың маусым айынан жұмыс істеп келеді. Үш жыл ішінде салынған инвестициялардың жалпы көлемі 55 миллион долларды құрап, құрылыс алаңы 4,5 гектарға дейін ұлғайған.

Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 85 мың тонна өнімді құрайды. Өндіріс орнында 610 адам жұмыспен қамтылған. Оның 95 пайызы жақын маңдағы елді мекен тұрғындарынан тұрады. Мұнда әзірленген өнімдер ішкі нарықпен қатар алыс-жақын шетелдерге экспортталады. Елімізде жасалатын әртүрлі кеспелер мен қызметкерлердің жұмысына Сенат депутаттары оң баға берді. Өз сөзінде олар болашақта жұмысшылар тапшы болмас үшін қазірден бастап жоғары оқу орындарының студенттерін іс-тәжірибеден өткізу және оларға жатақхана салу керектігін айтты. Сондай-ақ, қазақша атаумен де кеспе шықса деген ұсыныстарын білдірді.

Осыдан кейін арнайы топ ат басын қалалық жағажайға бұрды. Сапар барысында сөз алған облыстық туризм басқармасының басшысы Жанар Алшымбаева аймағымызда атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, салынып жатқан туризм ошақтары жайлы кеңінен тарқатты. Қапшағай қалалық жағажайындағы істеліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Мұнда туризм саласы бойынша 10 қонақүй, 176 демалыс базасы бар. 2017 жылдан бастап қалалық жағажайға түрлі нысандар салынып, абаттандыру жұмыстыра жүргізілуде. Барлығы заманауи талапқа сай салынған. Мамандардың айтуынша меймандар жыл санап артып келеді. Биыл қосымша тағы бес нысанның құрылысы басталды. Болжам бойынша жазда 900 мыңға жуық адам келеді деп жоспарлануда.

Жетісу жақұттары туризм төріне айналатынын естіген Сенат депутаттары ерекше ризашылығын білдірді. Десе де, балалар туризмін дамыту, жағажайға көгалдандыру жұмысын жасау, аптап ыстықта көлеңке болу үшін көптеп ағаштар отырғызу керектігін жеткізді. Сондай-ақ, шалғай ауылда тұратын балалардың демалуына мүмкіндік жасап, автобус берілсе деген ұсыныс білдірді.

Келесі кезекте қонақтар Ивушка шағынауданында салынып жатқан 50 пәтерлі үйдің құрылыс жұмыстарымен танысты. Былтыр сәуір айында басталған құрылыс жұмысы шілде айында аяқталмақ. Қала бойынша үй кезегінде 2000 адам тұр. Осыған орай қала әкімінің айтуынша пәтер көпбалалы аналар мен тұрмысы төмен отбасыларға беріледі. Сонымен қатар, қаладағы барлық аулалардың жөнделмек. Оған жергілікті бюджеттен 3,6 млрд.теңге бөлініпті.

Депутаттардың сапары «Қапшағай жылу» қалалық коммуналдық кәсіпорнының жұмысын бақылаумен жалғасты. Олар жылына 25 мың тонна мазут жағатын нысанның көгілдір отынмен жұмыс істейтінін көріп, заманауи кәсіпорынға көңіл толатындығын тілге тиек етті. Осыдан кейін «More Lux» демалыс орнының жұмысымен танысты. Туризмді дамыту мақсатында салынған демалыс орны 2013 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Бір күнге бөлме алу 25-100 мың аралығында. Оның ішіне таңғы ас кіреді.

Мамандардың айтуынша, демалыс орнына келушілердің саны жылдан-жылға артып келеді. Сапар барысында арнайы топ 274 гектар жерде орналасқан "Нұрғиса" күн электр стансысына бас сұқты. Бұл республика бойынша ең ірі стансылардың бірі. Оның қуаттылығы - 100 МВт. Жылына 160 млн.киловатт электр энергиясын өндіреді. Жалпы, тартылған инвестиция көлемі 32 млрд.теңгені құрайды. 300 мыңнан астам панель орнатылған. Мекемеде 35 тұрақты жұмыс орны бар. Қызметкерлердің барлығы инженер маманы. Сондай-ақ, 3 пайызы жасыл энергетикамен қамтылған.

Мұндағы қызметкерлердің айтуынша, жасыл энергия көзін 10 пайызға жеткізу - ендігі меже. Сапар соңында халық қалаулылары әр мекеме қызметкерінің айтқан және қағаз жүзінде жазып берген ұсыныстарын толық қарайтынын және оның шешілуіне қолдау танытатынын білдірді.

Айдар ҚАЛИЕВ

Қапшағай қаласы

Алматы облысы