АЛАКӨЛГЕ БІР-АҚ САҒАТТА ЖЕТУГЕ БОЛАДЫ: ҚАЙТА АШЫЛҒАН ӘУЕ РЕЙСІ

Уақыты: 14.05.2021
Оқылды: 2063
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Суының әр тамшысына емдік қасиет қонған Алакөл ауданының туристік әлеуеті өте жоғары. Бұл бағытта атқарылып жатқан ілкімді істер соның айғағы болып отыр. Көл бойын бекіту, Талдықорғаннан тартылған күре жолға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, Ақши, Көктұма ауылдарының инфрақұрылымын ретке келтіру, пойыз қатынасын жандандыру мен әуе рейстерін жаңғырту мәселесі күн тәртібінен түскен емес.

Бүгінде «Үшарал-Талдықорған» бағытында қатынайтын рейстер халыққа да тиімділігін көрсетіп үлгерді. Мемлекет тарапынан субсидиялау жүруіне байланысты жолақысы 8 мың теңгені ғана құрайды. 15 жасқа дейінгі балаларға 4 мың. Бір қуантарлығы бұл бағытта «Авиакомпания «Жетісу» АҚ-ның рейстері тәулігіне екі мәрте ұшады. Шомылу маусымының жақындауына байланысты «Нұр-Сұлтан-Үшарал-Нұр-Сұлтан», «Алматы-Үшарал-Алматы» бағытындағы рейстер де қайта жаңғыртылды.

Мамырдың бірінші жұлдызынан бастап Алматы бағытында «Авиакомпания «Скат» АҚ-ның ұшақтары қатынауда. Билет бағасы - 15 мың теңге. 14 мамыр елордамыздан көтерілген ұшақ «Үшарал» әуежайына келіп қонды. Бұл бағытта «Авиакомпания «Qazaq Air» АҚ қызмет көрсетеді. Жол шығыны –17 700 теңге. Қалтаға аса салмақ та салмайды, ең бастысы уақытыңызды үнемдеуге таптырмас нұсқа.

- «Үшарал» әуежайы ашылғалы бері тынысымыз кеңігендей. Тас жолдың жөндеу жұмыстары басталғалы көлікпен қатынау бізге ауырлау соғады. Сондықтан да ұшаққа отырып, бір сағаттың ішінде діттеген жерімізге жетуге мүмкіндік алып отырмыз. Ауданда осындай әуежай ашылғанына дән ризамыз. Бір жағынан шипалы көлімізге меймандап келер адамдарға да жеңілдік. Ұзақ жолдың машақатын көрмей-ақ, қалаған уақыттарын келіп-кете алады, – дейді алпыстың бел ортасына келген аудан тұрғыны Болат Жақсыбаев.

2019 жылы Алакөл көліне сапарлап келген туристер саны 1 миллионнан асып жығылса, карантинге байланысты былтыр 700 мыңның төңірегіне тұрақтаған еді. Бұл айдынды ауданның экономикасына оң әсер етіп, осы салада жүрген кәсіпкерлердің де табысын ұлғайтып отыр. Мыңдаған жұмыс орны ашылып, нәпақасын тауып жүрген отбасылар да қаншама?! Ал әуежай қызметі туристік саланы дамытуға ерекше серпін бергені сөзсіз.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ

Алакөл ауданы

Алматы облысы