ҚЫЗАНАҚ, ҚИЯР, ГҮЛ ӨСІРЕДІ: ГОЛЛАНДТЫҚТАР ИНВЕСТИЦИЯ САЛУҒА ДАЙЫН

Уақыты: 08.06.2021
Оқылды: 1091
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы қаласында өткен Жетісу жеріндегі жылыжай шаруашылықтарының басшылары және диқандарымен кездесуден соң Нидерланды Корольдігінен келген делегация сол елдегі Қазақстан Республикасының Төтенше және өкілетті Елшісі Асқар Жұмағұловпен бірге Қарасай ауданындағы Елтай ауылдық округіне қарасты Қаратөбе ауылына барып, өндірістік жылыжай кешенін ұйымдастырып отырған «Ecoculture» компаниясының жұмысымен танысты. Алыстан ат арытып жеткен қонақтарға Алматы облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Мақсұт Жапаров пен Қарсай ауданы әкімінің орынбасары Қанат Айманов жол көрсетті.


Халқымыз жақынының жайын білмегенге қарата: «Қанына тартпағанның қары сынсын» дейді. Нидерланды Корольдігінде жасалған жылыжайлардың жайын білмекке барған делегация мүшелерінің қадамы осындай ойға жетелейді. Жеті гектарға тең аумақта жауапкершілігі шектеулі екі серіктестік – раушан гүлін өсіретін «Еcoculture» және қызанақ пен қияр баптайтын «Еcoculture Fields» жылыжайлары орналасқан. Қонақтарды қуана қарсы алған осы компаниялардың құрылтайшысы Данияр Абдулгафаров көпшілікке жұмыстарын таныстырып өтті.

2012 жылы іргетасы қаланған «Ecoculture» ЖШС 2013 жылы гүл жылыжайын іске қосып, «Престиж», «Ред Дезир», «Ревивал», «Аваланч», «Формула 1» сынды голланд, неміс және француз тұқымды раушандарды өсіре бастайды.

Сондықтан компанияның тұрақты табысының гүл саудасынан келетінін айта кеткен жөн. Алматы қаласындағы ірі сауда орталықтарында гүлдің басым бөлігі саудаланса, бір бөлігі шетелдерге шығарылады. Атап айтқанда, экспортқа барлық өнімнің 30%-ы шығарылса, ішкі нарықты 70% қамтамасыз етеді.

Ал, 2017 жылы «Еcoculture Fields» ЖШС құрылып, қызанақ пен қияр өсіру қолға алынды. Соған байланысты 1,9 гектарға орналасқан жылыжайда қызанақтың алты тұқымы өсірілсе, қиярдың бір тұқымына 1,5 гектар жер бөлінген. Ең қызығы, арнайы дайындалған топырақта өсірілетін қызанақ пен қияр тамшылатып суарылып, көмірқышқыл газын ерекше жолмен алады. Жылу, су және көмірқышқыл газы арнайы орнатылған пеш арқылы жеткізіледі.

Кешенді жылыжайды аралап көрген қонақтар өндіріс орнында тиімді өнімдер өсіруге баса назар аударылатынын байқап, жекелеген сынақ алаңдарында түрлі көкөністер химиялық және биологиялық жолмен терең өңделетінін сұрап білді. Жылыжайда жүргізілген биологиялық тәсілдердің арқасында таза табиғи өнім алынады. Жаңа жұмыс орындарын ашып, еліміздің салық жүйесіне үлес қосып отырған қос компания да Алматы қаласының маңынан азық-түлік белдеуін құруға үлес қосуда. Қос компания жобасының 70% «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы қаржыландырылып, 2 143,1 миллион теңге жұмсалған. Ал, жобаның жалпы құны 2 673,3 миллион теңгені құрайды. Осыған байланысты кәсіпорын директоры Данияр Абдулгафаров «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның басшылығына ризашылық білдірді.

Одан соң сөз тізгінін алған Алматы облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Мақсұт Жапаров 2017 жылы облыста іске қосылған алты жылыжайдың ішінде қарасайлық компаниялар ең ірісі саналатынын атап өтті.

Осындай мәліметтермен танысқан голландтық қонақтар ризашылық білдіріп, Қазақстандағы жылыжай өндірісіне инвестиция салуға дайын екендіктерін жеткізді.

Мәди АЛЖАНБАЙ