КАРТОПТЫҢ ЖАҢА СОРТЫ

Уақыты: 07.06.2021
Оқылды: 1414
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Бекболат ауылында орналасқан Қазақ жеміс және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты «екінші нан» саналатын картоп дақылының қазақстандық жаңа сұрыпын шығару ісімен айналысып келеді.


Институттың «Қайнар» филиалына қарасты алқапта картоп, көкөніс, бақша дақылдарының селекциясы, тұқым шаруашылығы және егіс технологиясы бойынша зерттеулер жүргізіліп келеді. Осы жердегі 400 гектар егіс алқабының 200 гектары ғана суармалы, қалған жерлері суландыру жүйесінің істен шығуына байланысты жарамсыз болып қалғандықтан тәжірибе алаңы жылдан-жылға азайып келе жатқанын айта кету керек. Биыл 35 гектар алқапқа картоп, 2 гектарға бақша өнімі және 20 гектардан аса жерге  көкөніс егілген. Көкөніс дақылдарына қияр, қызанақ, қырыққабат, пияз, сәбіз, қызылша дақылдары кіреді. 

– Біздің институт негізінен картоптың жаңа сортын шығарумен және жоғары сапалы «элита», «суперэлита» тұқымдарын қалыптастырып, еліміздегі ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерге сатумен айналысады, – дейді аталған институттың «Қайнар» филиалының  директоры Жарас  Мамырбеков.  – Одан бөлек, осы дақылдардан жоғары өнім алудың технологияларын зерттеп, өндіріске енгізу жұмысы да біздің еншімізде. Бүгіндері гранттық жоба аясында химиялық және синтетикалық тыңайтқыштарды пайдаланудан бас тартып, тек қана органикалық, биоорганикалық тыңайтқыштарға басымдық беру арқылы қауын мен қарбыздың экологиялық таза өнімін алудың технологиясын зерттеп, шаруаларға ұсынуды мақсат етіп отырмыз. 

Бүгінгі таңда институтта 4 ғылым докторы, 12 ғылым кандидаты, 5 PhD докторы мен 20-ға тарта магистр еңбек етуде. Бұлардың қатарында жасы сексеннің сеңгіріне шыққан, Қазақстандағы картоп шаруашылығының атасы саналатын  академик, бөлім жетекшісі Сайлау Бабаев, картоптың минитүйнектерін алып, сараптама жасайтын, вирустар мен түрлі аурулардан ажыратылған  сұрыбын шығаратын биотехнология зертханасының меңгерушісі, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты Жүрсінгүл Тоқбергенова, одан бөлек, картоптың Қазақстандағы 40-тан аса сұрыбының авторы, картоп селекциясының  меңгерушісі Валерий Красавин сынды аттары мәлім ғалымдар бар. Сонымен қатар, өз жобаларын қорғап, мемлекеттік гранттарды ұтып алған жас ғалымдар да баршылық екен. Олардың қатарында Ақбөпе Айтбаеваның есімін ерекше айтуға болады.

Айта кетерлігі, бүгінде елімізде егілетін картоп тұқымы негізінен Германия мен Голландиядан жеткізілуде. Мұның  басты себебін  тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында тұқым шаруашылықтарының тоқырап, жабылуы мен үлкен құрылымдардың ыдырап, ұсақ фермерлік шаруашылықтардың зерттеу және тәжірибе жасаумен айналысуға қауқарсыздығымен түсіндіруге болатын шығар. Соның салдарынан жаңа әрі сапалы сұрыптарды егіп, көбейту мәселесі кенжелеп қалған. 

Институттың жұмысын жандандыруға қолбайлау болып келе жатқан өзге де мәселелер баршылық. Атап айтқанда, суландыру жүйесінің, тоғандар мен арықтардың бітеліп қалуына байланысты егілген алқаптың өзін жаз айларында сумен қамтамасыз ету күрделеніп келеді. Қарғалы өзенінен келетін негізгі канал 15 жылдан бері жөндеу көрмей, ағаштар өсіп, топырақпен көміліп қалып отыр. «Үшқоңыр ирригация» мекемесінің жөндейміз деп  уәде бергеніне де біраз жылдың жүзі болғанға ұқсайды. Институт иелігіндегі ауылшаруашылығы техникалары  әбден тозған. Түптеп келгенде, шаруаның бәрі қаржыландыруға келіп тіреледі. Бірнеше институт біріктірілгеннен бері зерттеу жұмыстарын толыққанды қаржыландыру жүзеге асырылмай келеді. Соның салдарынан қызметкерлер үш айдан бері жалақы көрмепті. Соған қарамастан өз ісіне адал ғалымдар жұмыстарын жалғастыруда.  

Болашақта өзіміздің ғалымдар шығарып, өзімізде өндірілген өнімдерге деген сұраныс артатынына сенер болсақ, аталған институттың да бағасы артып, бағы жанатын күн туады деп үміттенеміз.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ