Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

БИЗНЕСКЕ БАСТАР ЖОЛ: КӘСІПКЕРЛІКТІҢ ҚЫРЫ МЕН СЫРЫ

Уақыты: 10.06.2021
Оқылды: 698
Бөлім: ЭКОНОМИКА

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Еңбекшіқазақ аудандық филиалының басшысы Бақытгүл Дүйсебекованың айтуынша, 2020 жылы кәсіпкерлерді қолдау ойдағыдай жүзеге асырылды. Оларға  жан-жақты қызмет көрсетіліп, түрлі кеңестер берілді. Соның ішінде сәтті шыққан 113 жобаға 467 281 286 теңге бөлінді.

– Жеке кәсіп ашуға қызығатындар саны жыл сайын артып келеді. Әсіресе, жастар жағы өте белсенді. Бұған, әрине, қуанасың. Өйткені, жастар – еліміздің болашағы. Біз өткен жылы пандемия қиыншылықтарын бастан өткізе жүріп кәсіпкерлікті қолдау жұмыстарын назардан тыс қалдырмадық. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Бастау Бизнес» жобасы қолға алынды. Осы жоба негізінде онлайн форматта 300-ден астам адам оқып, арнайы сертификаттар алды. Жалпы мұндағы оқу курсы 12 модульден тұрады. Онда кәсіпкерлікке қажетті маркетинг негіздері, қаржы сауаттылығы, бизнес-жоспар әзірлеу, бизнес-идеяны таңдау сияқты бағдарламалар бар. Алған білімдерінің деңгейін анықтау үшін курсқа қатысушылар арнайы тест тапсырады. Сарапшылардың бағалауынан өткендер грант алу мүмкіндігіне ие болады. Қысқасы, мұнда келген адам кәсіпкерліктің қыры мен сырын жан-жақты меңгереді, – дейді Бақытгүл Дүйсебекова.
Қазіргі таңда осы жобаға қатысқандардың ішінде өз кәсібін ашқандар баршылық. Соның бірі – Есік қаласында тұратын Әсем Тынайбекова. Оның анасы Гүлнәр отыз жыл бойы тігінші болып жұмыс істепті. Әсемнің бойына ана тәлімі кішкентайынан дарыған. Сөйтіп ол  отбасымен ақылдаса келе тігін цехын ашуға бел буады. 
Осы мақсатта «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының филиалына қарасты курста бір айға жуық оқиды. Бизнес-жоспар құруды үйренеді және тағы басқа мүмкіндіктерді меңгереді. Нәтижесінде, 200 мың теңге көлеміндегі грантқа қол жеткізді.
– «Жас кәсіпкер» бағдарламасы маған көп нәрсені үйретті. Соның арқасында жолымыз ашылды. Бес адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Біз түрлі фирмалар мен компания жұмысшыларына арнайы киім тігумен айналысамыз. Болашақта тігін цехын кеңейту мәселесі де жоспарымызда бар. Мемлекеттің мен секілді кәсіпкерлікке ұмтылған жастарды қолдағанына ризамын. Ерінбей еңбек етсең, кәсібің нәсібіңе айналады. Оған еш күмәнім жоқ, – дейді тігін цехының иесі Әсем Тынайбекова. Айта берсек, мұндай жарқын мысалдарды аудан өңірінде көптеп кездестіруге болады.

Болат МӘЖИТ
Еңбекшіқазақ ауданы