ЗАУЫТТАР САЛЫНАДЫ

Уақыты: 12.06.2021
Оқылды: 1175
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ облыстық әкімдікте «Катада TRANS GROUP» ЖШС өкілдерін қабылдады. Жиында Ұйғыр ауданына крахмал зауытын салу, сонымен қатар, қаржы құйғалы отырған инвесторлардың алдағы жоспарлары талқыланды. 

Кездесуде сөз алған «Катада TRANS GROUP» ЖШС директоры Абдулла Итахунов:
– Біз жобамызды 2017 жылы бастағанбыз. Енді оны дамыту мақсатында Оңтүстік Корея елінен инвесторлар тарттық. Алдағы уақытта Ұйғыр ауданына 120 гектарға картоп егіп, оны өңдейтін зауыт салу жоспарда бар. Бұған инвесторлар 79 млн. 100 мың доллар қаржы құяды. Корей елінен жаңа заманауи техникалар алып келеміз. Орталық Азиядағы ең ірі кәсіпорындардың бірі болмақ. Жер дайын тұр. Егер рұқсат берсеңіз қазір-ақ бастап кетуге дайынбыз. Құрылыс жұмыстары шамамен 18 айдың ішінде аяқталады, – дей келе зауыт ашылса 80 адамның жұмыспен қамтылып,  мамандар даярлау үшін инвесторлардың қаржысына жыл сайын 7 адамнан он жыл бойы оқуға жіберілетіндігін жеткізді. Зауытта картоп протеині, крахмалы, шырыны сынды өнімдер жасалмақ. Өздері өсіріп, өндіріп қана қоймай өнімнің елу пайызынан көбін алыс-жақын шетелдерге экспорттайды екен.      
Облыс әкімі облысымызда Орталық Азия бойынша ең ірі зауыт болғаны жетісулықтарға да  тиімді екенін сөз етті. Аймағымызды дамытуға атсалысатын, заманауи зауыт салатын инвесторларға қолдау білдіретінін айтты. Сонымен қатар, Ұйғыр ауданының әкімі Шухрат Нурахуновқа жол салу, су, жарық тарту тұрғысында бірқатар тапсырмалар берді.  
***
Осыдан кейін облыс әкімі «Самрұқ-Қазына Construction» АҚ өкілдерімен кездесті. Онда шаруашылықты дамытып, аймағымызға түрлі зауыттар салу мәселесі талқыланды. 
Жиында «Самұрық-Қазына Construc- tion» АҚ басқарушы директоры Дархан Мұсанов: 
– Шаруашылықты дамыту мақсатында инвесторларды тартып, облыс бойынша бес зауыт салу жоспарда бар. Оның екеуі Талдықорған қаласында бой көтермек. Бірі газоблок, екінші қызыл кірпіш шығаратын зауыт. Зауыттан жылына 30 млн. дана кірпіш, 60 мың газоблок шығару жоспарланып отыр. Ламинат, стекловата, есік шығаратын зауытты Іле ауданынан салуға ниеттіміз. Жалпы құрылыс жұмыстарына 25 млрд. теңге инвестиция құйылады. Техника арнайы Италия мен Испаниядан келеді, – дей келе 570 адамның жұмыс орнымен қамтамасыз етілетінін айтты.  Сонымен қатар, зауытты жер жаннаты Жетісу жеріне салудың басты себебі, табиғи ресурстары кереметтігі екенін жеткізді. Құрылыс жұмыстары келесі жылы басталса, 2023 жылы іске қосылмақ. 
Жиын барысында Амандық Ғаббасұлы: «Осындай ірі зауыттардың біздің өңірімізде салынуы қандай керемет?! Өңіріміз көркейіп, жылда түрлі ғимараттар салынып, зауыттар ашылса, жергілікті жұртшылық жұмыспен қамтылса бұл бізге үлкен пайда», –  деп зауыттың салынуына қолдау білдіретінін айтты. 

Айдар ҚАЛИЕВ