ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ: КЕМШІЛІКТЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Уақыты: 17.06.2021
Оқылды: 1335
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашовтың төрағалығымен селекторлық кеңес өтті. Оған облыстық деңгейдегі басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері және коммуналдық мекемелердің өкілдері қатысты.

Басқосуда алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарының барысы пысықталды. Сонымен бірге нысандарды, ғимараттар мен құрылыстарды заңсыз салу, учаскелердің нысаналы мақсатын өзгерту жайы сөз болып, Үлкен Алматы айналма автокөлік жолы бойындағы нысандар құрылысына жүргізілген мониторинг бойынша мәлімет берілді.
Белгілі болғандай, алдағы қысқа 35 орталық қазандық пен 98,9 шақырым жылу, 13,1 мың шақырым электр желілері және 3099 бірлік трансформаторлық қосалқы стансылар дайындау жоспарланған. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бағлан Абылқасымовтың сөзінше, жылыту маусымына бюджеттік ұйымдар үшін 26 миллион литр дизель отыны сатып алынып, бүгінгі күнге дейін 115 мың литрі жеткізілген. 
Аталған ұйымдар үшін 22,7 мың тонна қатты отын сатып алуға 378 миллион теңге қаражат бөлініп, осыған дейін 2,4 мың тоннасы сатып алынып, келісімшарт жасалған. Электр энергиясымен жабдықтау ұйымдары алдындағы мерзімі өткен дебиторлық берешек 207 млн. теңге, оның ішінде жеке тұлғалар – 60,1 млн. теңге, заңды тұлғалар –113,6 млн. теңге, басқалары – 33,6 млн. теңгені құрайды.        
Жиында жылуға қатысты орын алған кемшіліктер талқыланып, себеп-салдары сұралды және оны жою жолдары қарастырылды. Лаззат Махатұлы қысқа дайындықты осы бастан күшейтіп, отын қамына ерте кезден кірісудің маңыздылығын сөз етті. Әсіресе, әлеуметтік нысандардың жұмысын ширату қажеттігіне назар аударып, бұл бағыттағы шаруаны сапалы әрі уақытылы атқаруды міндеттеді. 
Бұдан соң «мүліктік меншік иелерінің бірлестігі» институтын енгізу жөніндегі реформаны жүзеге асыру жайы пысықталды. Онда айтылғандай, облыс бойынша 3581 көпқабатты тұрғын үйлердің 2698-і кондоминимум объектісі ретінде әділет органдарында тіркелген. Қалған тұрғын үйлерді жыл соңына дейін тіркеуден өткізу жоспарланыпты. Десе де бұл жұмыстар жергілікті атқарушы органдар тарапынан өз деңгейінде атқарылмаған. Жыл соңына дейін облыс бойынша 602 мүлік иелері бірлестігін құру көзделген. Алайда барлық аудан, қалалар бойынша аталған көрсеткіштер ойдағыдай орындалмапты. Осыған байланысты жұмыстарды іске асыруда салдыр-салақтыққа жол беріп, салғырттық танытқандарды сынға алған облыс әкімінің бірінші орынбасары аталған мәселені көп ұзамай шешуге тапсырма берді. 
Селекторлық кеңесте қаралған тағы бір мәселе – лифт жабдықтарының қазіргі жағдайы. Айта кетейік, облыс аумағында лифтілермен жабдықталған 106 көппәтерлі тұрғын үйлер бар. Ол үйлердегі лифтілердің жалпы саны 249 бірлікті құрайды, оның ішінде жұмыс істеп тұрғаны 197. Барлығы 33 көпқабатты тұрғын үйде 52 лифт істен шыққан. Бұл мәселелер де бүге-шігесіне дейін талқыланды. Сондай-ақ, жасыл аймақтар құру бойынша жер телімдерін бөлу мәселесі де пысықталды. Кеңес соңында «Nur Otan» партиясының жол картасын іске асыру туралы аталмыш партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлнар Тойлыбаеваның баяндамасы тыңдалды.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Сурет ғаламтордан алынды