ТАЛҒАРДАҒЫ "АҚБҰЛАҚ" ТУРИСТІК ОРТАЛЫҒЫНА ТӨТЕ ЖОЛ САЛЫНАДЫ

Уақыты: 22.07.2021
Оқылды: 2070
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар МАМИННІҢ басшылығымен өткен жиында Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ Талғар ауданының аумағында туристік, спорттық және тау кластерін дамыту бойынша баяндама жасады. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Жиында Амандық Ғаббасұлы туризмнің тау кластерін дамыту үшін «Ақбұлақ» халықаралық туристік орталығына баратын жолды жақсартып, инженерлік жүйе тарту барысында көптеген шаралардың атқарылып жатқанын айтты. «Ақбұлақ» орталығы республикадағы ТОП – 10 туристік картасы нысанының қатарына кірген. Жүзеге асырылып жатқан туристік жоба аумағында «Ақбұлақ клаб ресорт» гольф-курорты, «Ақбұлақ» тау шаңғысы курорты, «Алатау» шаңғы-биатлон кешені, «Ақбұлақ» Олимпиада ойындары орталығы және «Алматы хорс энд поло клаб» ат спорты клубы орналасқан. 

Селекторлық жиында демалушылардың қауіпсіздігі, таза ауамен тыныстауы, игерілмей жатқан жерлерді тиімді пайдалану жайлары айтылды. Сондай-ақ, жол жиегіндегі қызмет көрсету сервистерінің талапқа сай болуы, нысандардың жол жиегінен алсыстау орналасуын да назарда ұсталыну керектігі сөз болды.

Облыс басшысы «Ақбұлақ» туристік орталығына 200 гектар жер бөлінгенін айтты. Сондай-ақ, тау шаңғысы курорты мен гольф-курортқа 801,5 гектар жер учаскесі бөлінген. Халықаралық туристік аймаққа жол қатынасын жақсарту үшін ұзындығы 19,6 шақырымдық «Бірлік – Алмалық – Рысқұлов – Қазстрой – Ақбұлақ» тасжолы салынған. Алматы аэропортынан туризм орталығына бару үшін БАКАД-тан «Бірлік – Ақбұлақ» автожолы бөлімшесіне қосылатын төте жол салу мәселесі қаралуда.

Туристік аймаққа бару үшін 35 шақырымдық электр желісін тарту, 15 шақырымдық газ құбырын жүргізу, 28 шақырымға су тарту, 25 шақырымға телефон желісін тарту және 14 шақырымдық жол салу көзделуде. Облыс әкімі Амандық Баталов «Ақбұлақ» халықаралық туристік кластерінің әрқашан бақылауда болатынын айтты.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан