ТОЗҒАН КӘРІЗ, ТӨСЕЛМЕГЕН АСФАЛЬТ: ДЕПУТАТТАР ТҰРҒЫНДАР МӘСЕЛЕСІН ҚАРАДЫ

Уақыты: 20.07.2021
Оқылды: 1030
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Жанарбек ӘШІМЖАН, Жанна ТЕЛПЕКБАЕВА, Мақпал ТӘЖМАҒАМБЕТОВА және Вакил НАБИЕВ Іле ауданына келді. Мәртебелі меймандарды облыстық мәслихаттың хатшысы Жанболат ЖӨРГЕНБАЕВ, аудан әкімі Бағдат ҚАРАСАЕВ, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Алмасбек СӘТИБАЕВТАР қарсы алып, өңірде атқарылып жатқан іргелі істермен таныстырды. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Алдымен «Nur Otan» партиясы филиалының кеңсесіне келген депутаттарға Бағдат Әбілмәжінұлы ауданның экономикалық-әлеуметтік жетістіктері жайында баяндап, шешімін күткен мәселелерді де жасырмай айтып өтті. Облыс бюджетінің қомақты бөлігін қалыптастырып отырған ірі өңірде ішкі және сыртқы миграцияның салдарынан туындап отырған мәселелер де аз емес.

Солардың ең өзектісі – саяжайларда тұратын жұртшылықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына қатысты болып отыр. Құқықтық-заңнамалық негізі болмағандықтан аудан өз күшімен аталған мәселені шеше алмасы анық. Б.Қарасаев депутаттардан осы жайды назарға алып, Парламент және Үкіметтік деңгейде шешуге атсалысуға шақырды.

Осыдан кейін Мәжіліс депутаттары өздерімен жүздесуге ниет білдірген азаматтарды қабылдады. Бірінші болып халық қалаулыларының алдына келген Боралдай кентінің тұрғыны Елена Ткаченко Боралдай елді мекеніндегі кәріз жүйелерінің тозығы жетіп, тұрғындарға үлкен қиындықтар туғызып отырғанын жеткізді. Айта кетерлігі, ауылдағы 30 шақырымды құрайтын кәріз жүйесінің 80-90 пайыздан астамы пайдалануға жарамсыз жағдайға жеткен.

Бұл туралы анықтама берген Бағдат Қарасаев 2020 жылы Боралдайдағы кәріз желілерін жобалауға 25 млн.теңге бөлініп, мемлекеттік сараптамадан өткенін, құрылыс-монтаждау жұмыстарына 650 млн.теңге қажет екенін айтып өтті. Бүгіндері облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына өтінім беріліп, құзырлы мекемеден қолдау күтіп отырған жай бар.

Байсерке ауылынан арнайы келген Бақыт Сүлейменова Алматы – Жетіген – Қапшағай демалыс аймағын жалғап тұрған автокөлік жолы бойындағы, Байсерке елді мекеніндегі «Даму» индустриалды-логистикалық орталығы жанынан теміржол үстімен өтетін көпір салу мәселесін көтерді. Себебі, Іле және Талғар аудандарына қарасты елді мекендерде тұратын 50 мыңға жуық халық, соның ішінде 12 мың студент Алматыға қатынау үшін осы қауіпті аймақтан күн сайын өтуге мәжбүр. Сонымен қатар, бұл жолмен тәулігіне 20 мыңнан астам автокөлік жүріп өтеді екен.

Шамалған стансысы маңында болған қайғылы оқиға қайталанбауы үшін осы мәселені шұғыл шешу қажет! Аудан әкімі қазіргі уақытта көпірдің техникалық-экономикалық негіздеу құжаттары дайындалып, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатқанын жеткізді. Дегенмен, бұл маңызды жобаны жүзеге асыру үшін «Қазақстан темір жолы» мекемесінің мақұлдауы, әрине, үкіметтің қаржылық қолдауы қажет екені түсінікті. Депутаттар аталған жайдың маңыздылығына байланысты Парламент мінберінен бұл мәселені көтеруге уәде берді. 

Қоянқұс ауылының тұрғыны Өмірбек Құлбаев елді мекендегі Тәуелсіздік көшесіне асфальт төсеуге жәрдемдесуін сұрады. Аталған мәселе бұған дейін баспасөз беттерінде көтеріліп, оңды шешім қабылданғанын жеткізген аудан әкімі көшені асфальттауға бюджеттен 9,6 млн.теңге бөлініп, ағымдағы жылы жұмыс атқарылатынын хабарлады.

Осыдан кейін меймандар Өтеген батыр кентінде орналасқан «TAMOS» оқыту орталығына келіп, жас ұрпаққа білім мен тәрбие берудің жаңаша моделін қалыптастырып отырған мекеменің жұмысымен танысты.  

Ынтымақ ауылында орналасқан «Дольче Фарм» ЖШС-не қарасты медициналық құралдар шығаратын зауытқа келген депутаттар бүгінгі күні маңыздылығы артып отырған кәсіпорынның жұмысымен танысты. 

Елена Эдуардовна Лидің құрылтайшылығымен бой көтерген жобаның құрылысы 2017 жылы басталып, 2,3 млрд.теңге инвестиция салынған екен. «Дольче Фарм» ЖШС-і Қазақстандағы жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсету кезінде пайдаланатын бір реттік стерильді медициналық комплектілерді шығаратын зауыт екені мәлім. Қауіпті аймақтарда дәрігерлер киетін жамылғылардан бастап қолғап, бахилла сияқты 200-ге тарта өнім шығаратын нысанда бүгіндері 380 адам еңбек етуде.  

Алматы қаласынан 70 шақырым жерде, Междуреченск ауылдық округінде бой көтерген «Sokol» автодромы Достан Ибрагимовтың құрылтайшылығымен атқарылып жатқан аса ірі жобалардың бірі. 2009 жылы құрылысы басталған автодромға 22,2 млрд.теңге инвестиция салынып, 500 адамды жұмыспен қамтып отыр. Құрылысы толық аяқталғаннан кейін бұл жерде халықаралық дәрежедегі кез келген жарыстарды өткізе беруге болады. Нысанның жұмысымен танысқан халық қалаулылары еліміздің иммиджін көтеретін осындай автодром жобасын жеке қаражаттарымен жүзеге асырушыларға алғыстарын айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Іле ауданы

Алматы облысы