АЛМАТЫ ІРГЕСІНДЕГІ ЕЛТАЙ АУЫЛЫНДА 1872 САЙЛАУШЫ ТІРКЕЛГЕН

Уақыты: 25.07.2021
Оқылды: 1104
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Бүгін жер жаннаты Жетісудың әр өңірінде халықтың белсене қатысуымен ауыл әкімдерінің сайлауы өтіп жатыр.

Қарасай ауданына қарасты Елтай ауылдық округінің әкімі қызметіне алғашында бес үміткер түскен еді. Олардың біреуі «Nur Otan» партиясынан, біреуі Қазақстан халық партиясынан болса, үшеуі өзін-өзі ұсынғандар қатарынан. Алайда ҚХП-ның өкілі мен өзін ұсынған бір үміткер талаптарға сай болмағандықтан додадан шығып қалып, үш адам халық таңдауына түсті.

Осылайша, «Nur Otan» партиясының өкілі Біржан Махатов, Райымбек ауылдық округі әкімдігінің қызметкері Еламан Өмірбаев пен аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығының басшысы Ескендір Егеубек ауылдық округтің әкімі орынтағынан үміткерлер болып тіркелді.

Елтай ауылдық округінде құрылған 6 сайлау учаскесі таңғы сағат 6-да өз жұмысын бастап, 7-де алғашқы сайлаушыларды қабылдай бастады. Алғашқы бір сағаттың ішінде 610 адам, яғни, сайлаушылардың 5,61 пайызы өз таңдауларын жасап үлгерді. Жалпы, аталған округте 1872 сайлаушы бар.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы

Алматы облысы