Бекетке пойыз жүрді

Уақыты: 22.08.2017
Оқылды: 1506
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы қаласынан «Қазыбек бек» бекетіне пойыз жүре бастады. Бұл Жамбыл ауданының Теміржол селолық округіне қарасты бекет тұрғындары үшін үлкен қуаныш болды. Теміржолдың бойында орналасқан ірі елді мекен халқы бұл игілікті ұзақ күтті.

Халқының саны алты мыңнан асатын бекет тұрғындары бұған дейін Алматыға тікелей қатынайтын қоғамдық көліктің болмауынан жол қатынасында қолайсыздық көріп келіп еді. Сол үшін таксиге мың, мың жарым теңге төлеп, шаш етектен шығындалатын немесе автобуспен аудан орталығына барып, одан басқа көлікке отырып жетуге тура келетін. Осылайша Алматыға төте жолдың болмауынан айналып баратын. Оған қоса қалаға кіреберістегі «Алтын Орда» базары тұсындағы кептеліс көптен бері жұртшылықты мезі еткені тағы бар. Жол азабын тартқан жұрт осылайша межелі жеріне үш сағат көлемінде әрең жететін. 
Енді «Алматы-2 – Қазыбек бек» бекеті пойызына бар-жоғы 80 теңге ғана төлеп, Алматының қақ ортасына топ ете түсетін болды. Бұл ауыл тұрғындарына жасалған үлкен қамқорлық. Әсіресе, олардың қалада оқитын балалары мен қатынап жұмыс істейтіндерге өте тиімді. Таңертең ауылдан шыққан пойыз екі сағатқа жетер-жетпес уақытта жолаушыларды қалаға апарады. Ал кешкісін сағат 18.43-те Алматы-2 вокзалынан шығып, «Қазыбек бекке» сағат 20.30-дар шамасында келеді.
Осы пойыздан теміржол компаниясы пайда табуды емес, ең бірінші кезекте қарапайым ауыл адамдарына көмек қолын созуды басты мақсат етіпті. Теміржол бағыты Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Тұран Экспресс» жолаушылар тасымалы компаниясының ұйымдастыруымен құрылған әлеуметтік жоба. Вагондарда барынша қолайлы жағдай жасалған. Салқындатқыш пен теледидар, тамақ ішуге арналған жиналмалы орындықтар мен ұзақ жол жүргенде ыңғайлы орындықтар, экологиялық биодәретхана сияқты құрылғылармен жабдықталған. Елдің қамын ойлап, көпшілікке жақсылық жасағандарға тұрғындар дән риза. «Алматы-2 – Қазыбек бек» бекеті пойызымен сондай-ақ, Алматы мен «Қазыбек бек» бекетінің арасындағы Боралдай, Жыңғылды, Шамалған, Ақсеңгір сияқты бекеттердің тұрғындары мегаполиске оңай келіп-кете алады. Бұл игілік «Қазыбек бек» бекеті маңындағы Ақсеңгір, Жайсаң, Көкдала, Балғабек Қыдырбекұлы ауылдарының тұрғындарына да ортақ. Теміржолдың бойында болмағанмен, оларға да қалаға пойызбен қатынаған тиімдірек.
Сонымен қатар жуырда «Алматы-1 – Қапшағай» бағытына да  пойыз жүре бастады.  № 6955/6956/6957/6958 Алматы-1 – Қапшағай пойызы Алматы-1, Медеу, Байсерке, Қайрат, Жетіген, Іле разъездері, Қапшағай бекеті, Қапшағай қаласы бойынша жолаушылар тасымалдайды. Бұл бағытты алдағы уақытта «Алматы-2» вокзалына дейін созу жоспарда бар.

Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Жамбыл ауданы.