Береке бастауы

Уақыты: 22.08.2017
Оқылды: 1382
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жаз аяқталып, күз де таяды. Бұл мезгілдің шаруалар үшін маңызы ерекше. Сол себепті олар дала төсін дүбірге бөлеп, табиғат берген мол ризықты шашау шығармай жинап алу қамымен жүр. Оған ауа райының қолайлылығы да айтарлықтай демеу болып отыр. Яғни, ауылдықтардың алаңсыз еңбектенулеріне еш кедергі жоқ. 

Егін жинауды аяқтауға таяған Көксу ауданының шаруалары бұл істе белсенділік танытып келеді. Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Елтай Жұмағұловтың сөзінше, биыл аймақта егіс алқабының жалпы көлемі 31 мың 710 гектарды құраған. Соның ішінде масақты дәнді дақылдардың тұқымы 8758 гектар жерге орналастырылып, оларды жинау жұмысы жетпіс пайызға  орындалған. Қалғаны Қабылиса ауылдық округінде жалғасып жатыр. Жаз бойы еңбекпен өсірген өнімдерін бүлдірмей сақтауды ойлаған ауылдықтар қоймаларды тазартып, қажетті іс-шараларды дер кезінде атқарған. Егіс алқаптарынан орылып, әкелінген дән қамбаға құйылып, қабылдануда. 
Жиын-терін жұмыстарын атқаратын ауылшаруашылығы техникалары мен жанар-жағармай да жеткілікті дайындалыпты. Қырдағы қызу тірлікті көрсетіп, диқандардың еңбегімен жақын таныстыру үшін Қабылиса ауылдық округінің әкімі Еркін Бисенов бізді егістік алқабына әкелді. Біз барған сәтте өздеріне жүктелген міндетті мінсіз атқарып,  дала төсін дүбірге бөлеген комбайншылар дамыл таппай еңбектеніп жатты. 
Жалпы, бұл ауылдық округте мал және егін шаруашылығымен айналысатын жүз сегіз жеке шаруа қожалығы бар. Қабылисалықтар биыл үш мың  үш жүз гектар алқапқа арпа-бидай дәнін егіпті. Бүгінде соның елу пайызы орылып, тиісті орындарға жеткізілген. Қызу науқан қыркүйек айының ортасына дейін жалғасады деп күтілуде. 
Егін ору ісіне сегіз комбайн жұмылдырылған. Соның бесеуі осы округке тиесілі болса, қалғаны сырттан әкелініпті. Сала мамандары бүгінде малшылар мен механизаторлардың әлі де жеткіліксіз екенін, бұл іске ауыл жастарының құлықсыздық танытатынын, соған қарамастан тиісті іс-шаралардың атқарылып жатқанын сөз етті. 
Біз табан тіреген «Атамекен-Жанбота» шаруашылығы аймақтағы іргелі қожалықтың бірі саналады. Құрылғанына жиырма жылға жуықтаған шаруашылықтың бүгінгі тірліктері жаман емес. Ауылдың бірталай азаматын жұмыспен қамтып отырған жайы бар. Жетекшісі Ғазиз Кенжебеков бізді негізгі атқаратын жұмыстарымен таныстырды. Айтуынша, оларда елу шақты ірі қара, төрт жүз бас ұсақ мал, жүз шақты жылқы бар. Бүгінде олар малдарын арнайы орында бордақылап, етін сауда сөрелеріне шығарады. Жылқыларды да сауып, қымызын сұраныс бойынша өткізеді екен. Тұрақты тұтынушылары да бар. Алдағы уақытта мал тұқымын асылдандырып, сапасын жақсартуды қолға алмақ ниетте. 
Ет экспорттауды да ойға алыпты. Оларға қажет жемшөп өздеріндегі  егістік алқаптарында дайындалады. Сол себепті мал азығынан еш қысылған емес. Атшаптырым аумақты алып жатқан жайылымдық жерлері де бар. Десек те бұл мал өскен сайын таршылық етіп отырған көрінеді. Үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектердің де пайдасын көріпті. Шаруашылық иесі мұндай қолдаулардың істің ілгерілеп, кәсіптің кеңеюіне жол ашатынын айтады. Ауылшаруашылығы жұмыстарын жүргізетін техникалардан да таршылық көріп отырған жоқ. Ескіргендері шетінен жаңалануда. Оның ішінде лизингке алынғандары да бар. 
Шаруашылық биыл жүз гектардан аса алқапқа арпа-бидай егіпті. Оны ору жұмыстары қазір қызу жүріп жатыр. Ауыспалы егістік жүйесін сақтауға да айрықша мән берген. Мамандар көктемдегі жауын-шашынның мол түсуінен биылғы егіннің бітік шыққанын, оның әр гектары    20-25 центнерден айналып жатқанын және бұл өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда жақсы көрсеткіш екенін алға тартып, болжам бойынша жоспардың толық орындалатынына сенім артты. Келесі кезекте жемшөп дайындау, қант қызылшасын жинау сияқты жұмыстар өз ретімен жалғаспақ. 

Айгүл Байбосынова.
Көксу ауданы.