ЗАҢСЫЗ КҮРЕСІН ОРНЫ ЖОЙЫЛАДЫ

Уақыты: 22.08.2017
Оқылды: 1280
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ жұмыс сапарымен Қарасай ауданында болды. Жалпақсай ауылы маңында пайда болған заңсыз күресін алаңында болып, туындаған мәселені шешуді қатаң талап етті. 

Жалпақсай ауылы маңында пайда болған заңсыз күресін алаңы Ұмтыл ауылдық округінің аумағында. Тұрғындардың айтуынша, он жылдан бері мұнда қатты тұрмыстық қалдықтар ретсіз төгіліп келеді. Прокуратура, экология департаменті тарапынан арнайы тексерулер жүргізіліп, округ және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшылары әкімшілік жауапкершілікке тартылғанымен, заңсыздық әлі тыйылмауда. Жалпы қатты тұрмыстық қалдықтар мәселесі облыста өзекті күйінде қалып отыр. Оның себебі, қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт облыста жоқ. Адам денсаулығына зиянын тигізіп, қоршаған ортаны ластап жатқан келеңсіздік тұрғындардың наразылығын туғызуда. Тыйым салынғанына қарамастан жүк көліктері қоқыс төгіп кететін көрінеді. Мұны тоқтату үшін айналдыра ор қазу керектігі сөз болды. Облыстық экология департаментінің басшысы Қонысбек Байеділовтің айтуынша, мұнда 60 мың текше метр немесе 15 мың тоннадай әртүрлі қалдық жинақталған.
Амандық Ғаббасұлы аудан әкімі Махаббат Бигелдиевке, облыстық, аудандық тиісті атқарушы органдар мен мекемелердің басшыларына заңсыз күресін алаңын бір ай мерзімде жоюды қатаң тапсырды. Қоқыстың орнына жасыл өскін егілуі керектігін айтты.

Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Қарасай ауданы.