Еліміздегі өнеркәсіптің өркендеуіне қолайлы жағдай туғызатын арнайы экономикалық аймақтарда тауар өндіру көрсеткіші кенжелеп тұр. Соңғы екі жылда мұндай аймақта өндіріс пен көрсетілетін қызмет көлемі ойдағыдай орындалмаған. Ал облыстарда автомобиль жолдары мен әлеуметтік нысандардың құрылыс қарқыны төмен. Ол аз десеңіз, тұрғындардың көп бөлігі «Нұрлы жер» бағдарламасының тиімді тұстарынан хабарсыз. Сондай-ақ, әрбір әкім өз өңірінде тұрақты жұмыс орындарын ашуды жандандыру қажет. Өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы және мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы бойынша өткен кеңесте Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осындай қордаланған мәселелерді атап көрсетіп, ҚР Үкіметіне, министрліктерге, облыс және қала әкімдеріне тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. Жиын көк шалғынға оранған сұлу Көкшенің төрінде, сексен көлі бар Бурабай жерінде өтті.
Бірнеше мәселе көтерілген кеңеске ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы, Премьер-Министр және оның орынбасарлары, Президент Әкімшілігінің басшысы, облыс пен Астана, Алматы қалаларының әкімдері қатысты. Отырыста мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы, жуырда қолға алынған рухани жаңғыру жұмыстары талқыланып, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы есептер тыңдалды. Кеңес ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Маминнің сөзімен ашылды. Ол өз сөзінде «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», Индустриялық-инновациялық даму, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламаларының орындалу барысы туралы айтып берді.
Елбасы әрбір баяндамадан кейін іске асуы кешеуілдеп жатқан экономикалық-әлеуметтік маңызы зор салаларға тоқталып, жиынға қатысушы жауапты тұлғаларға аталған кемшіліктерді қайта қарауды міндеттеді. Мәселен, Елбасы егін орағына дайындық және агрохолдинг жұмыстары жөнінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Мырзахметовке, «Индустрияландыру картасы» аясындағы жобаларды жүзеге асыру бойынша ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбекке бірқатар тапсырма берді. Жиында Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Марат Тәжин «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаланың орындалу барысы жайлы, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев цифрландыру мәселесі туралы сөз алды. Сонымен бірге, облыс пен қала әкімдерінің өңірлерді дамыту бағдарламалары бойынша берген есебі тыңдалды.
Елбасын Елордадағы көлік кептелісі алаңдатады. Ең қиыны – Астанадағы тұрғындар санының өсуіне байланысты балабақша мен мектепте орындардың жетіспеушілігі. Президент Астана қаласының әкімі Әсет Исекешовтің назарын осындай мәселеге аударды. Ал Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекке шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуды, жаңа өндірістік нысандар салу үшін жер мен баспана алуды бір ретке келтіруді тапсырды. Сондай-ақ, Елбасының алдында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов та өңірдің дамуы жөнінде есеп берді. Мемлекет басшысы біздің облыстың экономикалық-әлеуметтік дамуына баса көңіл бөлді. Атап айтқанда, Жетісудың жақұты – Алакөлдің инфрақұрылымына тоқталып, туризмді дамытудың маңыздылығын айтып өтті.
Облыс әкімдерінің есебін тыңдаған Елбасы әр өңірдегі өзекті мәселелерге тоқталды. Тарқатып айтсақ, Ақмола облысында ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорындардың жұмыс нәтижесі төмен. Орал өңірінде инвестиция көлемі 21 пайызға дейін түсіп кеткен. Тараз шаһары тұрғындарын жұмыспен қамту кенжелеп қалған. Ал Қостанай облысында бала өлімі толастамай тұр. Елбасы өңір басшыларының есебін тыңдау барысында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың әлеуметтік-экономикалық жобаларды жүзеге асыруда қолданып отырған тәжірибесін көпшілікке үлгі етті.
Елбасы әкімдер есебінен кейін мемлекеттік бағдарламалардың іске асуына назар аударды. Бағдарлама аясында қолға алынған құрылыстарда қарқын жоқ. Президент биыл 109 білім беру нысанының құрылысына 70 миллиард теңге бөлінгенін, оның ішінде 70 мектеп биыл пайдалануға берілетінін айтты. Алайда бүгінде 70 білім ордасының небәрі жетеуі ғана дайын. Аталған мектептердің басым көпшілігі Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстарына шоғырланған. Бұл – «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында орын алған кемшіліктер. Ал «Нұрлы жер» ше? Елбасы тіпті бұл бағдарламаны тұрғындардың көпшілігі білмейтінін, жаңа жобаға банктердің қатысу белсенділігі төмен екендігін алға тартты.
– Индустрияландыру аясындағы басты мәселе – инвестиция тарту. Инвесторлар әлі де әкімшілік кедергілерге тап болуда. Әкімдер өңірлердегі өз жұмыстарын қайта қарап, белсенді қимылдауы тиіс, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Мемлекет басшысы кеңейтілген кеңесте кәсіпкерлікке, экспорттық өндіріске, компаниялардың акцияларына, егін шаруашылығына, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының іске асуына көңіл бөлді. «Қоғамымыз жаңғырудың бұл бағытын жылы қабылдады. Бұл ретте осы жұмыстарға барша жұртты тарту қажет. Әкімдер бағдарламаның іске асуына жауапты екенін ұмытпауы керек», – деді Президент. Елбасы биыл кәсіпкерлікті дамытуға 37 миллиард теңге қарастырылса да, тұрғындарға шағын несие беру жұмыстары баяу жүргізіліп жатқанын сынады. Жиын қорытындысында Президент өңірлерде бағдарламалардың жүзеге асуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына әкімдер жауапты екенін еске салды.
Қуаныш ТҰНҒАТАР.