НҰР-СҰЛТАНДА ЖЕТІСУ ӨЛКЕСІНІҢ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ ӨНІМДЕРІ САУДАЛАНДЫ

Уақыты: 15.09.2021
Оқылды: 1029
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысының ауылшар­уашылығы тауар өндірушілері өткен демалыс күндері Нұр-Сұлтан қаласында өткен күзгі жәрмеңкеге қатысты. Қалыптасқан дәстүр бойынша елордалық сатып алушылардың сұранысына орай сапалы әрі экологиялық жағынан таза өнім түрлері ұсынылды. Жәрмеңкеде саудаланған азық-түлік түрлері тұрғындарға қолжетімді бағамен сатылды. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Жетісулық шаруалар мен фермерлер, қайта өңдеушілер өздерінің өсіріп, өндіргендерін Нұр-Сұлтан қаласына бірінші жыл әкеліп отырған жоқ. Сол себепті аймақтан жеткізілген тауарлар елордалықтар үшін аса танымал әрі үлкен сұранысқа ие. Ал ұйымдастыру мәселелеріне ауылшаруашылығы басқармасының мамандары жауап береді. Олардың айтуынша, осы маусымда астаналықтарға облыстың он жеті ауданы мен Текелі, Қапшағай және Талдықорған қалаларының тауар өндірушілері өнімдерін апарған.

«Хан-шатыр» ойын-сауық орталығының жанында өткен игі дәстүр қалалықтарды дән риза етті. Жергілікті жұрттың көңілінен шығып, мерейлерін тасытқан игілікті істе өнім түрлері мол болып, көпшілікті тамсандырды. Жетісулық диқандар апарған алма мен алмұрт, жүзімдер де көздің жауын алып, жұртты өзіне қаратты. Дәмі тіл үйірер қауын-қарбызды алушылар да көп болды. Қапшағайдың пиязына, Райымбек ауданынан әкелінген мал еті мен Еңбекшіқазақ ауданынан апарылған сиыр сүтіне кезекке тұрғандардың қатары да кешке дейін сиремеді. Жетісу жерінің қызыл картобын алушылар да аз болған жоқ. Бал мен балық сатып алғандар да өз ризашылықтарын білдірді. Ұн мен күріш, қантты қап-қабымен сатып алғысы келетіндер де кезекке тұрды. Қой, сиыр, жылқы еттері де сауда сөрелеріне лықа толып, өз алушыларын тапты. Қазы-қарта, жал-жаяға да сұраныс жоғары болды. Талдықорған мен қала маңындағы қайта өңдеу кәсіпорындары шұжық пен сүт өнімдерінің және ас атасы – нанның небір дәмдісін ұсынды. 

Жетісулықтар Нұр-Сұлтанға 54 тоннадан аса ет түрлері мен 4 тонна балық, 30 тоннаға жуық сүт өнімдері, 100 тоннадан аса көкөніс, 45 тонна жеміс-жидек, 40 тонна картоп әкелді. Олардың қатарына, сондай-ақ, нан, тоқаш, конфет сияқты тәттілер мен консервіленген тұздықтар, кондитерлік өнімдер де қосылды. Бұлардың бәрі 237,5 тоннаны құрады.

Жәрмеңке екі күнге созылды. Таң бозынан басталған базарға келушілер түс ауғанша толастамады. Жетісу тауарларының сапасы туралы жақсы білетін елордалықтар жәрмеңкеге асығып, қыс мезгіліне қажетті қор жасауға ұмтылды. Жәрмеңкеде саудаланған тауардың жалпы көлемі 215 миллион теңгеден асты.

Айта кетейік, Нұр-Сұлтанда демалыс күндері өтіп жатқан жәрмеңкелер 21 тамызда басталып, қарашаның ортасына дейін жалғасады. Бұған дейін Жамбыл, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарының ауыл тұрғындары жәрмеңке өткізген. 

Айгүл БАЙЖҰМАҚЫЗЫ

Нұр-Сұлтан қаласы