ҮКІМЕТ БАСШЫСЫ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНА КЕЛІП, АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАРДЫ КӨРДІ

Уақыты: 17.09.2021
Оқылды: 1127
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жетісу жеріне арнайы іссапармен келген ҚР Премьер-Министрі Асқар МАМИН алдымен өңірдегі мегаполис Алматы қаласының селден қорғау, энергетикалық, әлеуметтік, тұрғын үй және туристік инфрақұрылымының дамуын тексеріп, сел ұстайтын «Аюсай» және «Ақсай» бөгеттерімен, «Қарғалы» су тарту құрылысымен, Ақсай, Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің бассейндеріндегі мореналық көлдердің жай-күйімен танысты.

Одан соң Алматы облысының аумағына сапарлап шыққан Үкімет басшысы экономиканың агроөнеркәсіптік кешен, көлік-логистика, фармацевтика, туризм сынды салаларының дамуын тексеріп, жаңа инвестициялық жобаларды іске асырудың нәтижесімен танысты. Іле ауданындағы «Береке» индустриялық аймағында «FRUIT ART» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің экспорттық жеміс-жидек кластері инфрақұрылымының іргетасын қалауға қатысқан Үкімет басшысы жаңа нысанның құрылысына сәттілік тіледі.

Жаңа кәсіпорынға газ ортасы реттелетін, 15 мың тонна өнім сыятын жеміс сақтау қоймасы, тәулігіне 200 тонна шикізатты қайта өңдеу қуаты бар жеміс-жидек кептіру зауыты, 9 гектар алаңда жылына 1800 тонна құлпынай және 900 тонна көкат өсіретін жылыжай кешені кіреді. 34 миллиард теңге инвестиция құюдың алғашқы кезеңі 2022 жылы аяқталуы тиіс. Ондағы өнімді өндіру және қайта өңдеу Еуропалық Одақ және АҚШ елдерінің инновациялық технологиялары бойынша жүзеге асырылады.

Тұрақты 500 және маусымдық 7 500 жұмыс орны ашылатын жобаны іске асыру еліміздің импорттық өнімге тәуелділігін 100%-ға төмендетеді. Ішкі нарықты толық қамтыған кәсіпорын өнімі шетелге, оның ішінде ЕуроОдақ елдеріне экспортталады. Бұдан соң Қапшағай қаласында теңіз балығын өсіретін «Оспанова Девелопмент» ЖШС балық өнеркәсібі кешенін салу жобасын іске қосуға қатысқан Үкімет басшысы жаңа нысанның жұмысымен танысты. Жылына 10 мың тоннаға дейін балық өсіретін жобаның құны 67,3 миллиард теңгені құрайды.

Жетісу жерінде 2025 жылға дейін қант саласын дамыту жоспарымен танысқан Премьер-Министр суармалы жерді кеңейту есебінен қант қызылшасының егістігі 3,3 есеге, яғни, 53 мың гектарға дейін ұлғайтылатынын, су үнемдеу технологиясын қолданудың арқасында жалпы өнім жинау өсімі 3,6 есеге, яғни, 2 миллион тоннаға дейін өсетінін білді.

Одан соң жалпы халық саны 220 мың адамды құрайтын Алматы қаласының төрт серіктес қаласы – «G4 City» құрылысының жобасын көзімен көріп, бірінші кезеңде 2370 гектар аумақта саны 60 мың адамды құрайтын 1,4 миллион шаршы метр тұрғын үймен «Gate City» салынатынын білген Асқар Мамин Панфилов ауданында Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Нұр Жолы» өткізу пунктіне барып, «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының көліктік және логистикалық инфрақұрылымының дамуымен, Құрғақ порт операторының қызметімен, «Қазпошта» АҚ Бонд қоймасының жұмысымен, арнайы экономикалық аймақтың инвестициялық жобаларымен танысты.

Жылына 60 мың тонна жемшөп өндіретін «SSA Feed Mills» құрама жем зауытының өндірістік желісінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан Үкімет басшысы жобаның құны 4,7 миллиард теңге екендігін, өнімнің 55%-ы ішкі нарыққа бағытталатынын, 45%-ы шетелге экспортталатынын сұрап білді.

Бұдан кейін Қарасай ауданының Абай ауылына барған Премьер-Министр иммунобиологиялық препараттар шығаратын «Антиген» ҒӨК» ЖШС жобасымен танысты. Кәсіпорын алаңында айына «QazVaq» вакцинасының 1 миллион дозасына дейін құю бойынша халықаралық стандарттарға сәйкес келетін желі ұйымдастырылған. 

«Көлсай көлдері» және «Алтын Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи парктерін аралап көрген Премьер-Министр Жетісу жеріндегі туризмді дамыту шараларымен танысып, биылғы 8 айда Алматы облысында экономиканың барлық негізгі салалары бойынша өсім толық қамтамасыз етілгенін, құрылыс жұмыстарының көлемі былтырғы кезеңмен салыстырғанда 16,6%-ға артқанын, 663,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенін, аймаққа 369,9 миллиард теңге инвестиция тартылғанын сұрап білді.

Арнайы жұмыс сапарына облыс әкімі Амандық Баталов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Айдар Әріпханов, Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров, Мәдениет және спорт вице-министрі Ғабидолла Әбдірахымов сынды тұлғалар қатысты.

Мәди ӘСЕТҰЛЫ

Алматы облысы