АМАНДЫҚ БАТАЛОВ КҮН ТӘРТІБІНДЕ ТҰРҒАН ЖҰМЫСТАРДЫ ПЫСЫҚТАДЫ

Уақыты: 21.09.2021
Оқылды: 1168
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ қазіргі таңда күн тәртібінде тұрған бірқатар мәселелердің орындалу барысын пысықтау мақсатында жедел жиын өткізді. Онда алғашқы болып сөз алған облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бағлан Тәнекенов қысқы жылыту маусымына дайындық барысын баяндады. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі мәлімдеді.

Басқарма басшысы жалпы қысқы жылыту маусымына облыстық бюджеттен 13,4 млрд.теңге қарастырылып, оның 4,2 млрд.теңгесі жылыту нысандарының құрылысына, 9,1 млрд.теңгесі отын сатып алуға жұмсалғанын айтып өтті. Облысымыздағы жылытудың негізгі көзі  – орталықтандырылған 35 қазандық екенін, биыл жылумен қамту бойынша 5 жобаны жүзеге асыру үшін 3,3 млрд.теңге қарастырылғанын, 3 қазандықты газбен жылытуға қосу үшін 2,6 млрд.теңге бөлінгенін жеткізді.

Осы орайда облыс әкімі Амандық Баталов газбен жылытуға ауыстырылып жатқан Талдықорған қаласындағы №2, №5, кеңейту және жаңғырту жүріп жатқан Қарабұлақтағы орталық қазандықтардың жұмысы қашан аяқталатынын сұрап білді. Басқарма басшысы Талдықорғандағы қазандықтардың монтаждық жұмыстары аяқталып, Қарабұлақтағы орталық қазандықты іске қосу жұмысы жүріп жатқанын айтып өтті.

Бұдан бөлек, бүгінгі таңда 74 қазандық жөндеуден өткен. 16 білім беру нысанының қазандығын жөндеу үшін 221,8 млн.теңге қарастырылған. 17,7 шақырым жылу жүйесі күрделі жөндеу мен жаңғыртудан өтуде.  

Жылыту маусымына энерго-кәсіпорындар сұранысы 405,3 мың тонна көмірді, 15 мың тонна мазутты құрайды. Бүгінге дейін 402,9 мың тоннасы сатып алынған. 135,4 мың тоннасы тиелген, 53,8 мың тонна көмір бар.

Бюджеттік мекемелерге 26,2 млн.литр сұйық отын, 23,9 мың тонна көмір және 4,3 мың тонна пеллет алу үшін 6,5 млрд. теңге қаржы бөлінген. Жылыту маусымы кезінде халықтың көмірге сұранысы 1,37 млн. тоннаны құрайды. Бұл мәселелердің бәрі бүгінгі таңда шешімін табуда.

Ең өзекті мәселенің бірі – мектептердің қысқа дайындығы. Бұл ретте аймақ басшысы облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлсара Исағұловадан отынның мектепке жеткізілу жайын сұрап білді. Өз кезегінде басқарма басшысы сұйық отынның 51 пайызы, қатты отынның 86 пайызы жеткізілгенін, қыркүйек айының соңына дейін мектептердің 70 пайызы отынмен қамтылатынын жеткізді. Осы сынды мәдениет және денсаулық сақтау, әлеуметтік салалардың да жылыту маусымына дайындық барысына облыс басшысы жіті көңіл бөлді.

Қазіргі таңда құрылыс жұмысы жүріп жатқан білім беру нысандары жайында облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов есеп берді. Облысымызда жалпы құрылыс жұмыстары жүріп жатқан 22 білім беру нысаны бар. Оның ішінде жыл соңына дейін пайдалануға берілуі тиіс мектептер ерекше бақылауда.

Бүгінгі таңда 6 білім ошағының жұмысы баяу жүруде. Ал бір білім ошағы – Қарасай ауданындағы Белинский атындағы орта мектептің құрылыс жұмысы уақытылы аяқталмауы мүмкін деген қауіп бар. Осы орайда Амандық Ғаббасұлы құрылыс жұмысына жауапты мердігерлерді жеке-жеке тұрғызып, істің мән-жайына үңілді. Кешеуілдеп жатқан мектептердің жұмысын жандандыруды тапсырды. Бұған құрылыс басқармасымен қатар аудан әкімдері де жауапты екендігін еске салды.

Облыс басшысы халықты вакциналау бойынша Ақсу, Балқаш, Кербұлақ аудандары жоғары нәтиже көрсетсе, Панфилов, Қаратал, Талғар аудандарының артта келе жатқандығын атап өтіп, бұл істі де ширатуды тапсырды.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының орындалу барысы жайлы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов баян етті. Аталмыш бағдарлама бойынша 2019 – 2020 жылдары 75 жоба жүзеге асырылған, 25 елді мекен қамтылған. Нәтижесінде 4 спорт нысаны тұрғызылып, 17 білім беру мекемесі, 3 аудандық орталық аурухана, 4 мәдениет нысаны,  20 шақырым жылу жүйесі, 75 шақырым ауылішілік электрмен қамту желілері, 127 шақырым ауылішілік жолдар жөндеуден өтіп, 4,4 шақырым жылу жүйелері жүргізілген.

Биыл 45 ауылдық елді мекен бойынша 63 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Қазіргі таңда 7 жоба аяқталған, 53-і бойынша жұмыс жалғасуда, 3 жоба негізінде конкурстық шаралар іске асуда. Ағымдағы жылға бөлінген 18,4 млрд.теңгенің 3,2 млрд.теңгесі, демек, жылдық жоспардың 17,2 пайызы игерілген. Жыл сайын «Ауыл – ел бесігі» жобасына Ұлттық қордан, республикалық және жергілікті бюджеттен айтарлықтай қаржы бөлінуде.

Осыған орай облыс басшысы жауапты адамдарға қалған қаржыны игеруді жеделдетуді тапсырды.

Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов Ұлттық санақ барысы бойынша есеп беріп, маңызды науқанның өз деңгейінде жүзеге асып жатқанын жеткізді.

Алма ЕСЕНБАЙ

Алматы облысы