"НАЗАРДАН ТҮСІРМЕЙМІЗ": БАЛҚАШ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ "ЖЕТІСУ" ГАЗЕТІНЕ СҰХБАТ БЕРДІ

Уақыты: 20.10.2021
Оқылды: 1305
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Байтақ Қазақстанды ғана емес, бүкіл әлем елдерін дүрліктірген пандемия қанша дегенмен де ағайын арасындағы алыс-беріс пен барыс-келісті біршама азайтқанын мойындауымыз керек. Дәл осы кезде облыс аумағындағы аудандар мен қалаларға жасалатын журналистік іссапарлар да азайып кеткен еді. Тәжтажалдың екпіні айтарлықтай бәсеңдеп, көңіл орнына түсе бастаған кезде мұндай сапарды Балқаш ауданынан бастадық. Аталған аудан әкімі Ғалым ТОҚПЕЙІСОВПЕН арадағы әңгімеміз де осы коронавируспен күрес тақырыбынан бастау алып, ары қарай өрбіді.

– Ғалым Қасымұлы, бақ дарыған байтақ аудан аумағында індеттің беті қайтты деген қуанышты хабарды құлағымыз шалып қалды. Мұның өзі жүйелі түрде атқарылған жұмыстың нәтижесі деуге болатын шығар?

– Оған сөз бар ма? Кейінгі кезде коронавируспен ауырғандардың қатары күн санап азая бастады. Кей күндері мұндай сырқатты жұқтырған 1-2 адам ғана анықталса, енді бірде «Бүгін ешкім ауырған жоқ» деген қуанышты жаңалықты құлағымыз шалып қалады. Өткен кездері әр күн сайын 15-16 адамның ауырғанын ескеретін болсақ, мұның өзін үлкен жетістік деуге болады.

Ондай жетістікке көпшілік орындар мен мекеме, кәсіпорындарда санитарлық талаптарды қатаң сақтаудың, емдеу, аурудың алдын алу жұмыстарын өз дәрежесінде жүргізудің, содан кейін, әрине, вакциналау бойынша жоспарланған шараларды жүйелі атқарудың нәтижесінде қол жеткіздік. Нақты айтатын болсақ, өткен уақытта 15900 тұрғынға вакцина салдыруымыз керек болса, бұл көрсеткіш 170685-ді құрап, жоспарды 107 пайызға асыра орындадық. Індетке тосқауыл қоюдың, жақындарын тәжтажалдан қорғаудың бірден-бір жолы екпе алу екендігін түсінген жерлестеріміздің бұл орайда үлкен белсенділік танытқанын атап өтпей болмайды.

– Көп аудандардағы жиын-терін жаз ортасында бітсе, Балқаштағы күріш ору науқаны жаңадан аяқталып келе жатыр. Соған орай жалпы шаруашылық жайына да қысқаша тоқталып өтсеңіз.

– Күріш өсіруге расында көп мән береміз. Бірақ ауданда күріштен басқа да бірқатар дақылдар өсіріледі. Мәселен, аудандағы егіс көлемі 29809 гектарды құраса, соның 7400 гектарына ғана күріш егілген. Ауыспалы егіс жүйесі бойынша күрішпен қатар өсірілетін арпа 2060, бидай 5470, картоп 490, көкөніс 370 гектарды, бақша дақылдары 50 гектарды алып жатыр. Оған қосымша 13969 гектарға мал азықтық дақылдар себілген. Соның ішінде арпа-бидай жинау науқанының нәтижесі көңіл қуантарлықтай болды. Атап айтқанда 7530 гектар егістік алқабынан 14445,7 тонна өнім алынып, өнімділік гектарына 19.2 центнерді құрады. Ет, сүт, жұмыртқа өндіру бойынша да көп ілгерілеу бар. Енді біраз күнде нақты нәтижесі шығарылатын күріш жинау науқаны көрсеткіштерінің де көңілден шығатыны сөзсіз.

Биылғы қуаңшылыққа байланысты қысқы мал азығын дайындау бойынша ауданда арнайы штаб құрылып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Тұрғындарымен, шаруашылық басшыларымен жиналыстар өткізіліп, әр ауылдық округ бойынша қысқы мал азығына қажетті жемшөп көлемі анықталып, тиісті мамандарға нақты тапсырмалар берілді. Ерке Іле мен айдынды Балқаштың жағасында орналасқан ауданда, күрішпен қатар жоңышқа да көптеп өсірілетін аумақта жемшөп тапшылығының болмайтынына сенімдіміз.

Негізгі сала – мал басын өсіру бойынша көрсеткіштер де көңіл қуантады. Ірі қара мен жылқы, түйе, қой-ешкінің басы мен құстың саны жылдан-жылға өсіп келеді. Мал тұқымын асылдандыру жайы да назардан қағыс қалған емес. Бір сөзбен айтқанда бақ дарыған Балқаш өңірінің берекесі ешқашан ортаймақ емес.

– Шағын сұхбатта шаруашылықтың барлық саласына тоқталмай-ақ қояйық. Соған орай оқырманды қызықтыратын тақырыптарға – әлеуметтік мәселелерге көшсек деймін. Ауданға газ құбыры тартылды. Сексеуілі сиреп бара жатқан аудан үшін оның маңызы айтып жеткізгісіз, әрине. Енді елді мекендерге қашан газ беріле бастамақ?

– Газ құбырының тартылғаны аудан үшін шындығында үлкен жеңілдік, жақсылық болайын деп тұр. Өйткені, бүгінде қалың сексеуіл тоғайларының ауылы алыстап кетті. Қатаң қорғалатын жақын жердегісін алуға болмайды. Содан кейін де аудан тұрғындары бұл жаңалықты үлкен қуанышпен қарсы алды.

Көгілдір отын құбыры бүгінде аудан орталығына, оның айналасындағы Ақдала, Бояулы ауылдарына дейін тартылуда. Қазіргі кезде Бақанастағы 387 тұрғын үйге, Ақдаладағы 68 тұрғын үйге газ құбыры тартылды. Бұл ауылдарға биылғы қараша айының аяғында немесе желтоқсан айының басында газ беріле бастамақ. Миялы, Бақбақты, Бірлік ауылдарына көгілдір отынды келесі жылы беру жоспарланған. Береке, Бура, Үшжарма, Ақкөл және Ақжар ауылдары бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар жасалуда.

Әрине, жақын арада газ беріледі екен деп соған ғана үміттеніп отыра беруге болмайды. Сондықтан жеке сектор мен мекемелер қазандықтарын көмірмен, сексеуілмен қамтамасыз ету жұмыстарын назардан түсірмейміз. Бақанастың өзінде ғана екі жерде көмірдің тоннасы 22 мың теңгеден сатылып жатыр. Орман шаруашылығы қызметкерлері санитарлық мақсатта шабылған сексеуілді жәрмеңке сайын сатуға шығарып отыр.

– Жәрмеңке демекші, бұрындары аудан орталығында күзгі жәрмеңкелер ұйымдастырылып, өңірде өндірілетін өнімдер көптеп сатылып жатушы еді.

– Ондай жәрмеңкелер өткізу дәстүрі қазіргі кезде де жүйелі жалғасуда. Әр аптаның сенбі күндері өзімізде өндірілетін ет пен балық, көкөніс, жемшөп, картоп, күріш тұрғындарға базар нарқынан арзан бағамен ұсынылады. Қыркүйек айының 25-нен басталатын мұндай жәрмеңкелер қараша айының аяғына дейін жалғасып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің қымбаттап кетпеуіне де өзіндік әсерін тигізеді. Өнім өндіруші шаруа қожалықтарына да, тұрғындарға да тиімді бұл шараны асыға күтетіндер көп. Жеке шаруа қожалықтарының иелері мен ірі шаруашылықтардың басшылары өз өнімдерін тұрғындарға қолжетімді бағамен сату жөніндегі ұсыныстарымызға дәйім түсіністікпен қарайды.

Сөз орайы келгенде аудандағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында 15 ауылдық округінде арнайы топ құрылып, жұмыс жасап жатқандығын да айтып өткен жөн болар.

– Осы жерде іскер азаматтар жасайтын қайырымдылық, ізгілік шаралары ойға оралмай қоймайды. Ондай азаматтар ауданда аз емес шығар?

– Табысы төмен, көпбалалы отбасыларына, қарттар мен мүгедектерге көмек қолын созып жүрген кәсіпкерлер ауданымызда көп десек, ешбір артық айтқандық бола қоймайды. Ондай қайырымды азаматтар әр ауылдан дерлік табылады. Мәселен Бірлік ауылы тұрғындарын Әбдіжаппар Қыстаубаев қамтамасыз етіп жүрсе, Бақбақтыда Ермек Өнербеков, Көкжидеде Нарымбет Әбдібаев нарық қыспағында қалғандарға көмек қолын созуда. Ермек Өнербеков биыл 20 отбасына қайырымдылық жасап, өткен кезеңде 8 баласы бар «Алтын алқалы» анаға тұрғын үй сыйлады.

Бұл орайда қайырымдылық жасаумен айналысатын «Қарекет» қорының жұмысын, бүтіндей бір ауылдың тұрғындарына қиын кезеңде көмектесіп, ізгілікті ісін соңғы жылдарға дейін жалғастырып келген Сағындық Ахметов ағамыздың азаматтығын айтпай кетуге болмайды.

Менің орынбасарым Бөріхан Нарымбет Алматы қаласында тұратын Б.деген азаматпен хабарласып тұрады. Көмектескен адамдарына өзінің атын атамауды өтінген кәсіпкер аудандық әкімдік жіберген тізім бойынша мұқтаж отбасыларына азық-түлік жіберіп тұруды әдетке айналдырған. Осы жақында ғана ол тағы 10-15 отбасына көмек жасады.

Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Тек осының өзі ғана ауданымызда қайырымдылық сияқты адамгершілік асыл қасиеттерді жандарына серік еткен атпал азаматтардың көп екендігін айқындап тұрған жоқ па? Ондай азаматтар мұқтаж отбасыларына жай уақытта көмектесіп қана қоймай балаларды мектепке дайындау, спорттық жарыстарға, басқа да шараларға жіберу кезінде жомарттықтарын, жанашырлықтарын танытады.

– Бақанас ауылында 20 пәтерлік 5 қабатты үй тұңғыш рет бой көтеріп отыр екен. Қалай қарай созсаң да мүмкіндік беретіндей жері кең ауылдық өңірде мұндай көпқабатты үйді салудың қандай қажеттігі болды? Ауылдық жерде жеке ауласы, бақшалық жер телімі бар жеке үйлер салу керек емес пе?

– Жалпы, алғанда бұл ойыңыз дұрыс қой. Дегенмен, үй алушылардың арасында отбасын құра қоймаған мемлекеттік қызметкерлердің әйтпесе бақшалық өңдеуге жағдайы келе бермейтін мүмкіндігі шектеулі жандардың, қызмет жағдайына байланысты ауданға белгілі бір мерзімге жұмыс істеуге келетіндердің болатындығын да естен шығармауымыз керек. Жаңағыдай үй салуды жоспарлағанда осы жағдай да ескерілді. Содан кейін де шығар, барлық жағдайы жасалған, бір орталықтан газбен жылытылатын мұндай пәтерлерде тұрғысы келетіндердің аз еместігін байқап отырмыз. Қалалық жерлердегідей қолайлы жағдай ауылда да жасалынса жаман бола қоймайтын шығар.

– Сұрағымыз көбіне аудан орталығымен шектеліп қалып жатса кешірім өтінеміз. Кезінде Бақанастың көшелеріне бақшалық суаратын арық суы жүйелі берілмей көптеген мәселелер туындап жататын еді. Бұл мәселе бүгінде шешімін тапқан шығар?

– Бұл мәселе шешімін тапты десе болады. Бұрындары аталған мәселеде каналдағы судың деңгейіне, арықтың жағдайына байланысты қиындық туындайтын. 2013 жылы каналдан шығатын арықтың маңайы бетондалып, тұрақты су шығарып тұру мүмкіндігі жасалды. Сол кезден бері мамыр айының басынан бақшалық суаратын су ауылға жүйелі жіберіліп тұрады.

Сөз орайы келгенде бақша егемін дегендерге ауыл сыртынан, бұрын жоңышқа өсірілген құнарлы алқаптардан жерді жалға алып, картоп, басқа да көкөністерді өсіруге барлық мүмкіндік бар. Ол жалғыз Бақанас емес, күріш өсірумен айналысатын басқа елді мекендер тұрғындарына да қатысты. Одан басқа ауылдарда да бақша өсіруге тілек білдірген тұрғындар өтініштерінің жерде қалмасы анық.

Халықты сапалы ауызсумен қамту жұмыстарын «Балқаш Таза Су» МКК жүргізеді. Аудан бойынша 20 елді мекен орталықтандырылған ауызсумен қамтылған, яғни тұрғындардың 91,1% орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған.

Биылғы жылы Көктал ауылының сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңғырту жұмыстарына 80 млн.687 мың теңгеге келісімшарт жасалып, жұмыстар жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары қараша айында аяқталып, қолданысқа берілетін болады.

– «Айран сұрай келіп, шелегіңді жасырма» деген де қайырым бар емес пе? Соған орай келген жұмысымыздың бірі баспасөз науқанына қатысты екендігін жасырмай-ақ қояйық. Баспасөзге жазылу кезінде тұрғындарға облыс әкімдігі құрылтайшы болып отырған қос басылымға – облыстық «Jetіsý» мен «Огни Алатау» газеттеріне жазылыңыздар деген бір ауыз сөз айтсаңыздар, дүние бүлініп кете қоймас деп ойлаймыз.

– Оған сөз бар ма? Олай дейтініміз, аудан аумағында атқарылып жатқан игі істер ең алдымен сіздер еңбек ететін қос басылымда жарық көріп жатады. Өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына еңбегі сіңген қайраткер жерлестеріміз жайлы мақалалар да осы басылымдарда жиі жарияланады. Газет басшылығы анда-санда айтылған өтініштерімізді де ескерусіз қалдырмайды. Ендеше, «Сыйға сый, сыраға бал» дегендей, өзімізге етене жақын төл басылымдарды неге насихаттамасқа?

Шынын айту керек, бір серіктестікке бірігіп отырған «Jetіsý» мен «Огни Алатау» газеттеріне жазылыңыздар деп көп үгіттеудің де қажеті жоқ. Олай дейтінім, ауданымызда газеттеріңізді жыл сайын жаздырып алып жүретін оқырмандардың қатары көп. Демек, қос басылым үшін баспасөзге жазылу науқанының ауданда қиындық тудыра қоймасы анық.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген - Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,

Қазақстанның Құрметті журналисі