АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ЖОЛ АПАТЫ ЖИІЛЕП, ӨЛІМ-ЖІТІМ КӨРСЕТКІШІ ӨСКЕН

Уақыты: 01.12.2021
Оқылды: 976
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысының әкімі Қанат БОЗЫМБАЕВ жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қысқы кезеңде автомобиль жолдарын күтіп ұстау мәселелері тақырыбында жиын өткізді. Жиынға аудан, қала әкімдері, мердігер компаниялардың өкілдері, жолға жауапты басқармалардың, полиция департаментінің басшылары қатысты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жиында облыс басшысы Қанат Бозымбаев облыста жол инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жүргізіліп, республикалық және жергілікті маңызы бар жолдар салынып, жөнделіп жатқанын атап өтіп, алайда жол апаттарының соңғы жылдарда жиілегенін тілге тиек етті. Мәселен, өткен 10 айда 1873 жол апаты тіркелген, 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жол апаты 7,5 процентке өскен. Ал соңы өлімге әкеп соқтырған жол апаттары 20 процентке артқан.

- Ауа райының суытуына байланысты жол үстіндегі апатты оқиғалардың орын алу қаупі ұлғаяды. Осыған байланысты бүгінгі кеңестің күн тәртібінде екі мәселені - жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қысқы кезеңде автомобиль жолдарын күтіп-ұстау мәселелерін талқылаймыз, - деді Қ.Бозымбаев.

Бірінші мәселе бойынша алғашқы баяндаманы облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ғалымжан Дәрібаев жасады. Баяндамашының айтуынша, жыл басынан бері жол апаттарының 704-і – республикалық жолдарда, 1169-ы жергілікті жолдарда болған. «Осы оқиғаларға талдау жасау барысында олардың басым бөлігінің Еңбекшіқазақ, Талғар, Қарасай аудандары арқылы өтетін «Алматы - Көкпек – Көктал - Қорғас», «Алматы – Бішкек», «Алматы – Талғар» республикалық трассаларында орын алатыны белгілі болды. Жағдайды түзету үшін ПД-мен бірлесіп 101 аса апатты деген учаскелер анықталды. Осы учаскелерге стробоскоптар, бейнекамералар, шулы жолақтар, жол белгілерін орнату, жаяу жүргінші жолын жарықтандыру жоспарланған. Бұл шараларды іске асыру 2,7 млрд. теңгені қажет етеді», - деді өз сөзінде Ғ.Дәрібаев. Бұл ретте басқарма басшысы жол учаскелеріне жауапты мердігер компаниялардың жауапкершілігін арттырудың да маңызды екенін айтты.

Облыс әкімі Қанат Бозымбаев басқарманың жағдайды жақсартуға арналған нақты жоспарларын және оның қандай нәтиже беретінін сұрап біліп, жұмыстың жоспарға сай атқарылуы тиістігін еске салды.

Мұнан соң облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Серік Күдебаев автокөлік жолдарындағы құқық бұзушылықтың алдын алу үшін облыста не істеліп жатқанынан хабардар етті. Баяндаманы тыңдаған облыс әкімі «2022 жылы «Талдықорған-Өскемен» автомобиль жолын пайдалануға беру жоспарланған, оның біздің облыстағы учаскесінің ұзындығы 312 км. Жазғы кезеңде бұл жолмен жүретін туристер легі артады. Осы жолда апаттардың алдын алу үшін қажетті шараларды қазірден ойластыру керектігін айтты.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Алматы облыстық филиалының директоры Болатбек Айтбаев та баяндама жасап, республикалық маңыздағы жолдар бойынша атқарылған жұмыстар жайлы хабарлады. Филиал басшысының айтуынша, жол апаттарына ықпал ететін факторлар мен жайттарды болдырмай мақсатында облыс әкімдігімен, ПД-мен бірлесіп дайындалған іс-шаралар жоспарына сәйкес жүргізілуде. Түрлі жол белгілерін, «Зебра» жолақтарын және басқа да жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған қажеттіліктер орнатылуда. Мәселен, Алматы-Шелек-Қорғас автожолының 100 шақырымына малдың жолға шығып кетуіне жол бермейтін қоршау қойылған. ПД-мен бірлесіп жолдың қай учаскелеріне «Сергек», «Автоураган» автоматтандырылған камералар қою керектігі белгіленіп, орнатылу үстінде.

Дегенмен, облыс басшысы Қанат Бозымбаев баяндамашының өз хабарламасында тек атқарылған істерді жағымды сипатта ғана тізбектеп шыққанын айтты. Жол апаттарының санын азайту үшін өзекті мәселелерді талдап, оның шешімін қарастыруға көп көңіл бөлу керектігін баса ескертті.

Келесі кезекте республикалық жолдарды басып өтетін Талғар, Қарасай, Еңбекшіқазақ аудандарының әкімдері қысқаша өз өңірлеріндегі осы бағыттағы ахуал туралы баяндады. Хабарламалар аяқталған соң Қанат Алдабергенұлы аудандардағы жұмысты да ширату керектігін айтты.

- Республикалық маңыздағы жолдарда орын алған жол апаттарынан бөлек өз аудандарыңыздың жолдарында да келеңсіз жағдайлар орын алып отыр. Соған да басты назар аударып, апатты болдырмау шараларын қарастырыңыздар. Жағдайларға терең талдау жасаңыздар, соның қорытындысына қарап тиісті шешім қабылдаңыздар. Бұл ретте мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмін және оның барынша мемлекетке тиімді жағын пайдалану керек, - деген Қ.Бозымбаев күн тәртібіндегі бірінші мәселені қорытындылап, тиісті лауазым иелеріне нақты тапсырмалар берді.

Атап айтқанда, полиция департаменті жол қозғалысының құқық бұзушылықтарын болдырмауға бақылауды күшейтуі тиіс. Сол сияқты жол апатының алдын алу, жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін анықтау арқылы жағдайға ықпал етуі керек. Сонымен қатар, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалына Алматы облысы полиция департаментінің өкілдерімен бірлесіп, тиісті шаралар қабылдау үшін жол апаттары жиі болатын автомобиль жолдарының учаскелеріне тексеру жүргізу тапсырылды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша да тиісті басқарма, мекемелер, мердігер ұйымдар өкілдері сөз алып, олардың қызметі, туындаған проблемалар мен оларды шешу жолдары жиын барысында кеңінен талқыланды.

Мәселен, Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ғалымжан Дәрібаев өз сөзінде «Талдықорған - Үшарал» трассасы, «Сарыөзек - Көктал», «Үшарал - Достық» автожолдары қар ең көп түсетін учаскелер екенін атап өтті. Оларды қардан тазалайтын арнайы мердігерлер белгіленген. Дегенмен биылғы алғашқы қар жауған кезде үш учаскеде қар тазалауда қиындықтар туындап, тазалау жұмыстары 2-3 сағатқа кешіктірілген. Оған жауапты «ҚазАвтоЖол» және «Азимут Жол» мекемелерінің өкілдері облыс әкімінің алдында жауап берді және алдағы уақытта мұндай олқылықтарды болдырмауға қажетті барлық шаралар қабылданып жатқанына сендірді.

«ҚазАвтоЖол» мекемесінің облыстық филиалының басшысы барлық керекті техника толығымен жеткілікті екенін, инертті материалдарды дайындау әзірге 88%-ке орындалғанын, жұмыс жалғасып жатқанын айтты. Облыс әкімі өз сөзінде:

- Бұл іс бүгінге дейін неге 100 пайызға жетпеген? Не кедергі болды? Осыны қадағалау облыстық штабтың міндеті. Штабтың жұмысын ширату керек! - деді Қанат Алдабергенұлы.

Жолдарды күтіп ұстау жөнінде «Үшарал – Достық» автомобиль жолы бойынша «АБК – автодор НС» ЖШС мен «Талдықорған – Өскемен» автожолы бойынша «СITIC Construction Ltd» компаниясының өкілдері айтып берді.

Жиын соңында облыс әкімі Қ.Бозымбаев тиісті лауазымды тұлғаларға бірқатар міндеттер жүктеді. Мердігерлік ұйымдардың қызметіне бақылауды күшейтіп, жолдарды қысқы мерзімде күтіп ұстау жұмыстарын уақытылы және сапалы жүргізуге мониторинг жасауды тапсырды.

- Қар басып қалатын, жолдың аса қауіпті учаскелері ерекше бақылауға алынсын. Қазір ауа райы болжамын ертерек қарап, соған қарай әрекет етуге барлық мүмкіндік бар. Сондықтан бетон жабыны бар жол учаскелерінде ауа райы жағдайларына сәйкес алдын алу шаралары қабылданып, заманауи химиялық қоспаларды пайдаланыңыздар. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге үшін мердігер ұйымдарға қызмет көрсетуге берілген жол учаскелері тұрақты тексеріліп отыруы керек. Облыстың полиция және төтенше жағдайлар департаменттерімен, олардың өңірлік бөлімшелерімен бірлесіп, жолдардың жай-күйі туралы жедел ақпарат алмасып, іс-қимыл алгоритмі әзірленсін. Полиция департаментімен бірлесіп қар жинайтын арнайы техникаға және көктайғаққа қарсы материалдардың бар-жоғына нормаларға сәйкес тексеру жүргізуді тапсырамын. Осы тапсырмалардың орындалуын облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов жеке бақылауына алсын. Осы шаралардың нәтижесінде жол апаттарын азайтуға тиіспіз, және жол апатының азайғанын халық сезінуі керек, - деді Қ.Бозымбаев.

Атап өтсек, облыста 9 628 км автожол қысқы күтіп ұстауға жатады, соның 2 817 шақырымы республикалық, 6 811 км облыстық маңыздағы жолдар. Биыл облыстық маңыздағы жолдарды жөндеу мен күтіп ұстауға жергілікті бюджеттен 2,8 млрд.теңге бөлінген, соның 623 млн. теңгесі қысқы мерзімде күтіп ұстауға қарастырылған. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 13 мердігер ұйым тартылған. Жолдарды күтіп ұстауға тиісті техника мен қажетті құралдар жеткілікті.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"