ОБЛЫСТА ЖЫЛУ, ЖАРЫҚ, СУ УАҚЫТЫЛЫ БЕРІЛУДЕ. ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВТЫҢ ҮНДЕУІ

Уақыты: 11.01.2022
Оқылды: 1235
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Құрметті жерлестер! 5-6 қаңтарда Талдықорған қаласында, Алматы қаласының маңындағы аудандарда террористік-деструктивтік топ бүлік шығарып, күштік құрылымдар мен әкімшіліктерді басып алуға әрекет жасады. Құқық қорғау органдары мен әскери қызметкерлер зардап шекті.

Соған байланысты Президент тапсырмасына сәйкес терроризмге қарсы операция жарияланды. Облыста терроризмге қарсы штаб құрылды. Штаб құрамында барлық әскери күштік құрылымдардың өкілдері бар. Облыс орталығы мен аудандарда электр жарығы мен су, жылу жүйелері тұрақты режимде берілуде. Халыққа бірінші кезекте қажетті азық-түлік дүкендері, медициналық нысандар қалыпты жұмысын жалғастыруда.

Облыс аумағында қауіпті жағдай орын алып отыр. Сондықтан, құрметті жетісулықтар, терроризмге қарсы операциялардың жүргізілуіне байланысты үйден себепсіз шықпауларыңызды сұраймын. Қажеттілікпен күндіз шыққан жағдайда жеке куәліктеріңіз болсын. Балалар мен жастардың үйде болуын қадағалаңыздар. Уақытша шектеу шараларына түсіністікпен қарап, төтенше жағдай талаптарын қатаң сақтауларыңызды сұраймын.

Шұғыл арада лаңкестерге тойтарыс беріліп, тәртіп орнатылатын болады.

Қанат БОЗЫМБАЕВ,

Алматы облысының әкімі