Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық ОМАР Талдықорған қаласындағы құрылыс жұмыстары жүріп жатқан және аяқталған әлеуметтік нысандарды аралады. Құрылыстағы кемшін тұстар анықталып, нақты тапсырмалар жүктелді. Нысандарды аралау барысында Жақсылық Мұқашұлы жасалған ескертпелердің бақыланып, уақытымен орындалуы қадағаланатынын айтты.
Алдымен облыс әкімінің орынбасары Талдықорған қаласындағы дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын №20 арнаулы лицейіне бас сұқты. Асығыс әрі сапасыз атқарылған күрделі жөндеуге басшылықтың көңілі толмады. Қабырғалар дұрыс сыланбай, құрылыстан қалған шаң әлі тазартылмаған. Оқушылар лас ауамен тыныс алып жүр. Спорт залдың жағдайы сын көтермейді. Әлі күнге дейін бірде-бір құрылғы орналастырылмаған. Лицей директоры Салима Мамлееваға ішкі әрлеу, безендіру, сабақ кестесі, стенд ілу сынды тапсырмалар жүктелді.
Ал 2009 жылы өртке оранған облыстық наркологиялық диспансердің құрылысына 852 млн. теңге бөлінген. Бүгінгі таңда оның 140 млн. теңгесі игерілді. 2018 жылдың маусым айында толық аяқталып, пайдалануға беріледі. Жақсылық Мұқашұлы құрылысты мүмкіндігінше белгілеген уақыттан бұрын аяқтауды назарға салды. Талдықорған «Білім-инновация» лицей-интернатының жатақxанасындағы жөндеу жұмыстары әлі аяқталмаған. Дарынды балалар уақытша қонақүйде түнеп жүр. Көпшілігі үйлеріне барып, келіп оқиды. Қыркүйек айының 18-інде барлығы реттеліп, оқушылар жатақханаға көшетін болады.
– Өзге өңірлердегі лицейлерге қараңыздар, тәжірибе алмасыңыздар. Басқа да мектептермен білім жарыстырып, спорттық додадан сайысқа түсіңіздер. Тереңдетілген білім берілетін мұндай жерде күн сайын неше түрлі іс-шара өтіп тұруы керек, – деген Жақсылық Омар апта сайын сенбіліктер өткізіп, ауланы тазарту керектігін тілге тиек етті. Лицей басшылығына қабырғаларды безендіруді қатаң тапсырып, 1 қазан күні қайтадан тексеретінін айтты. Әрмен қарай Талдықорған қаласындағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған спорт мектеп-интернатының жай-күйіне көз жүгіртті. Интернатта спорт және спортшылар жайлы деректі фильмдерді көптеп көрсету, сол туралы оқулықтар, газет-журналдарды топтастыру, су ішу құрылғысын орнату секілді нақты тапсырма жүктелді.
Мәулен Әнербай.