ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ ҚЫТАЙМЕН ШЕКАРАЛАС ЖАРКЕНТ ӨҢІРІНЕ БАРДЫ

Уақыты: 14.03.2022
Оқылды: 1545
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жазиралы Жаркент өңіріне Алматы облысының әкімі Қанат БОЗЫМБАЕВ арнайы іссапармен келді. Панфилов аудандық мәслихатының кезектен тыс сессиясында аймақ басшысы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару» Заңы мен әкімшілік реформаға сәйкес, бұрын осы өңірде бірқатар жауапты қызметті абыройлы атқарған Марат САҒЫМБЕКТІ Панфилов ауданына әкім етіп тағайындауға келісімін беру жөнінде мәселе қарады. Мәслихат депутаттары ұсынысты бірауыздан қолдап, келісімдерін беріп, шешім қабылдады.

Бұдан кейін аудан әкімдігінің жиынжайында өңір активі өткізілді. Жиында облыс әкімі кіріспе сөз сөйлеп, бірқатар өндіріс жетістіктері мен басқа да іс-шараларды жіпке тізгендей жіліктеп айтып өтті. Қанат Бозымбаев шегаралы шепте тұрған жазиралы Жаркент өңірі халқының еңбек жетістіктері мен аймақта жүзеге асып жатқан мемлекеттік ірі жобаларға да тоқталды. Сөзінің соңында өңір жұртшылығының өкілдеріне аудан әкімі лауазымына жаңа тағайындалған Марат Сағымбекті таныстырды.

Қанат Алдабергенұлы жаңа әкімнің өмір жолына тоқталып, Жаркент өңірінің тумасы және осы ауданнан табан аудармай қызмет еткен азамат екеніне сөз етті. Жастық шағынан осы күнге дейінгі аралықта өзіне жүктелген бар қызметті аса жауапкершілікпен атқарған білімді де білікті маман екенін атап өтті. Сонымен қатар, бүгінге дейін осы ауданның әкімі болған Талғат Өмірәлиевтің екі жылдан астам мерзім ауқымындағы жұмысына оң баға берді.

Аудан активінде Талғат Өмірәлиев сөз сөйлеп, өзімен қызметтес болған аппарат қызметкерлеріне, аудан халқына, облыс әкіміне алғыс айтты. Сол сияқты ауданға тағайындалған жаңа әкім Марат Сағымбек те актив алдында сөз сөйлеп, өзіне жүктелген сенімді ақтауға бар күш-жігерін салатынын жеткізді. Жиында Еңбек Ері Күләш Айтжанова мен ауданның Құрметті азаматы Асыгүл Дауытова сөз алып, жаңа басшының жұмысына сәттілік тілеп, өздерін толғандырып жүрген бірқатар ұсыныс, тілектерін де ортаға салды. Жиынды облыс әкімі Қанат Бозымбаев қорытындылады.

Актив жиынынан соң облыс әкімі аудандық Мәдениет үйінде өңір тұрғындарымен Президент Жарлығына сәйкес жаңа форматта кездесу өткізді. Жиында алдымен аймақ басшысы облыстың әлеуметтік, экономикалық дамуы жөнінде баяндама жасады. Осы күнге дейін жеткен жетістіктер сараланып, оның ішінде жазиралы Жаркент өңірі тұрғындарының мәдени, әлеуметтік, экономикалық табыстары айшықтап айтылды. Келер күннің еншісінде жүзеге асатын жұмыстар да назардан тыс қалған жоқ.

Баяндама барысында Жаркент қаласының іргесінде 2013 жылы салынған, көлемі 910 шаршы метр болатын, облыс әкімінің резиденциясына арналған бір қабатты ғимаратты балаларды оңалту орталығы жасауды ұсынды.  «Сөз реті келгенде айта кетейін, осы Жаркент қаласында облыс әкімінің резиденциясы тұр. Жерінің көлемі 1 гектар. Ауданда қонатын жап-жақсы қонақ үйлер бар. Тамақты дәмді дайындайтын дәмханалар да көп. Сондықтан резиденцияны балаларды оңалту орталығына өткізіп беремін. Бұл баласының келешегі үшін мың толғанып, әр күнін күреспен өткізіп келе жатқан ата-аналар үшін аса қажетті орын болар еді», – деді облыс әкімі Қанат Алдабергенұлы. Бұл жаңалықты залдағылар қол соғып қуаттады.

Баяндама аяқталған соң Қанат Алдабергенұлы залдан өзіне қойылған сұрақтарға жауап берді. Облыс әкіміне өтініш-тілектерін айтқан аудан тұрғындары аз болмады. Олардың арасында шынымен-ақ шешімін күткен маңызды мәселелерді қаузағандар баршылық.

Мысалы, Головацкий ауылынан келген Самат Қарашолақовтың айтуынша, ауылдағы мектепке дейінгі мекемеде тәрбиеленуге тиіс 400 баланың бар-жоғы 30 пайызы ғана балабақшамен қамтылыпты. Сол сияқты Үшарал ауылының тұрғыны Кәмшат Жақыбаева ауыл шаруашылық жерлерін сырттан келіп инвесторлық жобамен алған кәсіпкерлердің өздеріне жүктелген міндетін дұрыс атқармайтынын айта келіп, сол жерлерді қожалық құратын ауыл тұрғындарына қайтаруға көмек сұрады. Облыс әкіміне егін суаратын су бағасын төмендету, тыңайтқыштарды арзандату, ауыл шаруашылығында еңбек ететін сушы, механизатор, малшы мамандарының тапшылығы сияқты маңызды мәселелер көлденең тартылды.

Қанат Алдабергенұлы өзіне қойылған сұрақтарға түгел дерлік жауап беріп, шешімін күткен кейбір мәселелерді жаңадан тағайындалған аудан әкімі мен облыстағы жауапты тұлғаларға тапсырды. Жаркенттік бірнеше ақсақалды жеке қабылдауына шақырды.

Облыс және аудан әкімдігінің ресми парақшаларында кездесуден тікелей көрсетілім ұйымдастырылды. Сұрақ жолдағысы келген азаматтар әлеуметтік желідегі көрсетілімнің астына комментарий немесе хабарлама түрінде де сауалдарын қойды.

Облыс әкімі халықпен кездесуден кейін жергілікті азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, олардың талап-тілектерін назарға алды.

Айта кетейік, бұл кездесу Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес өткізілді.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Панфилов ауданы

Алматы облысы