ҚАРАТАЛ АУДАНЫНДА ИНВЕСТОРЛАРДЫҢ КӨМЕГІМЕН КРЕМНИЙ ЗАУЫТЫ АШЫЛДЫ

Уақыты: 25.03.2022
Оқылды: 1598
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қаратал ауданында «МК «KazSilicon» ЖШС-ның жоғары маркалы металлургиялық кремний өндіретін зауыты ашылды. Комбинатқа маман даярлауға ерекше мән беріліп, Бастөбедегі колледжде қазірдің өзінде электромонтер мен электр газ дәнекерлеуші кәсіпке 48 маман арнайы оқытылып жатыр. Дуалды оқыту аясында комбинаттың базасында техник-механиктер мен көпірлі кран операторларын қайта даярлауға мүмкіндік жасалады. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Облыс әкімі Қанат Бозымбаев өңірге инвестиция тарту бағытындағы жұмыстарға қысқаша тоқталып:

- Бүгін біз біршама жыл тоқтап тұрған «KazSilicon» металлургия комбинатының қалпына келтіріліп, қайта іске қосылғанына куә болып отырмыз. Жаңа инвесторлар комбинаттың екінші тынысын ашып, қысқа мерзім ішінде жаңғыртудан өткізді. Комбинатқа қажетті мамандар осы Қаратал ауданының өзінде дайындалады. Жергілікті мамандар даярлау ісі басталып та кетті. Осы шаралардың барлығы Президенттің  халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрақты жұмыс орындарын ашу туралы тапсырмасын орындау мақсатында жүзеге асырылып отыр, - деді Қ.Бозымбаев.

«KazSilicon» металлургия комбинаты» ЖШС зауыты Қаратал ауданының Жылыбұлақ ауылына таяу жердегі «Сарыкөл» кен орнынан алынатын желілік кварц түріндегі шикізатпен өзін қамтамасыз етеді. Жалпы, кремний әлемде металлургия саласында, сол сияқты жоғары дәлдіктегі электр құрылғылары өндірісінде пайдаланылатындықтан, үлкен сұранысқа ие. Бұл комбинатта жылына 6 мың тонна металлургия өндіріледі. Қазақстандық мазмұнның үлесі 80% болатын дайын өнімдер әлемнің 20 шақты еліне эскпортталмақ.

Бұған дейін ақпан айында облыс әкімі Қанат Бозымбаев жаңа инвесторлармен кездесіп, осы жобаның жай-жапсарын талқылаған болатын. Соның нәтижесінде біршама жыл  тоқтап тұрған кәсіпорынға аз уақыт ішінде жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, қысқа мерзімде іске қосылды. Жаңғырту барысында құрылыс-жөндеу, жабдықтар мен пешті қайта іске қосу жұмыстары  жүргізілді.

- Зауыттың іске қосылуы мен үшін, менің отбасым үшін, біздің аудан мен облыс тұрғындары үшін көптен күткен жаңалық. Өңірге инвестиция тарту мен инвестораларға қолайлы жағдай жасаудың арқасында соңғы 7 жылға жуық уақыт тоқырап қалған кәсіпорынның тамырына қан жүгірді, тұрғындардың ертеңгі күнге деген сенімі артты, сүйікті істерімен қайта айналыса алатындарына қуанып жатыр. Бұл елеулі оқиғаның Наурызбен тұспа-тұс келуі де жақсылықтың нышаны деп білемін. Бәріңізді көктем мерекесімен, үлкен істің басталуымен құттықтаймын, - деді «KazSilicon» зауытында 2006 жылдан еңбек еткен Данияр Нұрахынов.

Атап өтсек, осы жобаны іске асыруға 3,9 млрд. теңге инвестиция тартылып отыр. Кәсіпорында 200 адам жұмыс істейтін болады.

Жалпы биыл облыста құны 250 млрд. теңге болатын 100-ден астам жобаны іске асыру көзделген. Соның нәтижесінде 4 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Олардың қатарында минералды шикізат өндіру мен өңдеуге қатысты жобалар да бар.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"