ҚАПШАҒАЙҒА МИНИСТР КЕЛІП, АГРАРЛЫҚ САЛАНЫ ДАМЫТУ МӘСЕЛЕСІН ТАЛҚЫЛАДЫ

Уақыты: 27.03.2022
Оқылды: 1783
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қапшағай қаласында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол ҚАРАШӨКЕЕВ, Сенат депутаты Ақылбек КҮРІШБАЕВ, Алматы облысының әкімі Қанат БОЗЫМБАЕВ, Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Серік ҚОЖАНИЯЗОВ, аудан, қала әкімдері, сол сияқты шаруа қожалықтарының, аграрлық шаруашылықтардың басшылары өңірдегі ауыл шаруашылығының дамуына қатысты өзекті мәселелерді талқылады.

Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Облыс әкімі Қанат Бозымбаев өз сөзінде агроөнеркәсіп саласын ары қарай дамытуда облыстың әлеуеті жоғары болғанымен әлемдегі тұрақсыздық өз әсерін тигізіп отырғанын айтты.

Мәселен, биыл минералды тыңайтқыш, гербицид, тұқым, техника және оған қажетті қосалқы бөлшектердің бағасы өскен, суармалы су жетіспеушілігі байқалады, су тарифі көтерілді және басқа да мәселелер бар.

Ауыл шаруашылығы министрі Е.Қарашөкеевтің айтуынша, өткен жылдан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау тетігін жетілдіру жұмыстары басталды. Жалпы осы саланы қолдауға биыл 309 млрд.теңге субсидия бөлінді, оның 79,7 млрд.теңгесі - өсімдік шаруашылығына, 100 млрд.теңгесі - мал шаруашылығына, 8,4 млрд.теңге - өнім өңдеуге, 120,4 млрд.теңге қаржы құралдарына қарастырылған. Отандық агроөнеркәсіптік кешеннің орнықтылығын сақтап қалу үшін қосымша 388,2 млрд. теңге бөлінетін болады.

Сол сияқты бұрын күші жойылған жұмыртқаны субсидиялау бағдарламасы жалғастырылады, ал жұмыртқа бағытындағы құс шаруашылығының барлық субъектілері үшін субсидиялау нормативтері бірдей болады және 2 еседен жоғарылатылады. Бұл мақсатқа 7,5 млрд.теңге бөлінеді. Қарақұмық пен майлы дақылдар құнын арзандатуға қосымша 5,6 млрд.теңге қарастырылады.

Министр өз сөзінде алдағы уақытта ірі тауарлы сүт фермаларының құрылысын және көкөніс қоймаларын салу мен қайта жаңартуды қаржыландыруға, ет бағытындағы құс фабрикаларын салу мен жаңғыртуға, жылыжай шаруашылықтары желісін ұйымдастыруға, суару жүйелерін жаңғыртуға, тамшылатып суару технологиялары негізінде жеміс-көкөніс өнімдерін тиімді өндіруді ұйымдастыруға басымдық берілетінін айтты.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Серік Қожаниязов ирригация жүйелерін жаңғырту, ауыспалы егіс әдісін сақтау, суды үнемдеу, суды көп қажет ететін дақылдардың көлемін азайту сияқты шараларға кеңінен тоқталды. Соның ішінде Алматы облысында атқарылған мұндай жұмыстар суландыру жүйесіне оң ықпал етуі тиіс.

Жиын қорытындысында Қанат Бозымбаев:

- Бірқатар өзекті мәселелер талқыланды. Алға қойған міндеттерді сапалы орындау үшін аудан, қала әкімдері тыңғылықты жұмыс жүргізуі тиіс. Көктемгі дала жұмыстарына техниканың дайындығын, жанар-жағар май, тыңайтқыш қорларын жинақтауы керек. Ауа райының қолайсыздығына бейімделген жоғары сапалы тұқыммен өндірісті қамтуға тиіспіз. Ислам даму банкі арқылы Ескелді және Ақсу аудандарының ирригациялық жүйелері қалпына келтірілуде, десек те уақытылы қаржыландыру болмағандықтан көптеген жобалар түзетуді қажет етеді. Су үнемдеу технологиясы алаңы биыл 27 мың гектарға жеткізілуі тиіс. Мал азығын даярлау бақылаудан тыс қалмауы керек. Ол үшін азықтық дақылдардың егіс көлемін ұлғайтып, мемлекеттік орман қоры, табиғи ұлттық парктер, жер қорындағы шабындықтарды тиімді пайдалану қажет. Жалпы агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы негізгі басымдық ішкі нарықтағы импортты алмастыруға беріледі, - деді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"