АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ДАУЫЛ САЛДАРЫНАН 70-КЕ ЖУЫҚ НЫСАН БҮЛІНГЕН

Уақыты: 30.03.2022
Оқылды: 1336
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысында дауыл салдарынан нысандардың шатыры ұшып, ағаштар құлап, көліктерге зақым келді. Орын алған жағдайға байланысты Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашовтың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның отырысы онлайн форматта өтті.

Жиынға облыстық басқарма, департамент басшылары, аудан, қала әкімдері қатысып, зақым келген нысандарды қалпына келтіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Шарада  облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Асқар Тойшыбеков дауылға байланысты ахуалға тоқталды. Сондай-ақ, төтенше жағдайлардың алдын алу  басқармасының бастығы Мұрат Сыдықов алдын ала жел соғып, жауын-шашын болатыны, таулы аймақтарда көшкін жүруі мүмкін екендігі туралы хабарламалар уақытылы ескертілгенін айтты. Баяндамашының сөзіне сүйенсек, 28 наурыз күні қала, аудан әкімшілігі мен барлық мемлекеттік мекемелерге секундына 30 метр жылдамдыққа дейін жел соғатыны жайлы телефонограмма жіберілген, осы ақпарат 29 наурызда да қайтадан жолданған.

Секундына 25-27 метр жылдамдықпен соққан қатты дауыл салдарынан облыс аумағында 66 нысан бүлінген. Оның 10-ы көпқабатты, 11-і жеке үй, 21-і білім беру, 2-уі денсаулық сақтау, 2-уі сауда, 5-уі өндірістік, 3-уі ҚР Ішкі істер министрлігі, 1-уі Қорғаныс министрлігіне қарасты, 4-уі әкімшлік, 2-уі төтенше жағдайлар департаменті, 1-уі ҚР ҰҚК Шегара қызметі, 1-уі діни, 1-уі ауылшаруашылық, 2-уі техникалық қызмет көрсету нысаны. 3 автокөлік зақымданған. Құрбан болғандар жоқ, 1 адам жарақаттанған.

Аудан, қала әкімдері өңірдегі жағдайларды толыққанды баяндады. Кейбір елді мекендерде жарық сөнген. Қазір барлығына жарық берілді. Ал, зардап шеккен нысандарды қайта қалпына келтіру жұмыстары басталып кетті. Комиссия отырысын қорытындылаған Лаззат Махатұлы:

- Дауылды желдің салдарынан ғимарат шатырларының бұзылуы, ағаштардың құлауы, электр сымдарының үзілуі және тағы басқа деректер тіркелді. Осыған байланысты қажетті іс-шаралар жүргізілсін. Жасалған баяндама ескеріліп, ұсынылған шаралар дер кезінде атқарылсын. Берілген тапсырмаларды жауапкершілікпен орындауға шақырамын. Әсіресе, әлеуметтік нысандар, мектеп, денсаулық сақтау, көпқабатты үйлер, басқа да маңызды ғимараттарға актілер жасалып, мердігерлер бекітіліп, жұмыстарды бастау керек. Сондықтан, созбай, жылдам бәрін қалпына келтіруге кірісу қажет, – деп жауапты тұлғаларға нақты тапсырма берді.

***

Журналистер үйінде өткен брифингте дауылдың салдарына қатысты соңғы мәліметтермен қатар су тасқынының алдын алу жөнінде ақпарат берілді. Онда облыстық төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Мұрат Сыдықов, төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Ринат Карандашев және ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ-нің филиалы «ЖААПБ» басшысының орынбасары Айдос Сабырбаев атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.

Айдос Сабырбайұлының сөзінше, аймақта 50 гидрологиялық бекет жұмыс атқаруда. Қосымша бекеттер ашылады. Шолу бойынша жерде тоң жоқ, еріген қар мен жауған жаңбыр сіңіп жатыр. Сел қаупі мамырдан қыркүйекке дейін созылады. Күніне үш уақыт судың деңгейі, ауа температурасы, жауын-шашынның түсуіне мониторинг жүргізілуде.

Жиын соңында спикерлер тілшілердің сұрақтарына тұшымды жауап беріп, төтенше жағдайдың алдын алу және оның зардаптарын жою комиссиясының атқарған жұмысы, көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстарын кеңінен тарқатты.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы