КӨКТЕМГІ ДАЛА ЖҰМЫСЫН ҚАРЖЫЛАЙ ҚОЛДАЙМЫЗ - ОБЛЫСТЫҚ ӘКІМДІК

Уақыты: 04.04.2022
Оқылды: 1383
Бөлім: ЭКОНОМИКА

"Алматы облысының шаруашылықтарына көктемгі дала жұмыстарын дер кезінде және сапалы жүргізуге мемлекет тарапынан тиісті қолдаулар көрсетілуде. Мәселен, Аграрлық несие корпорациясының екі бағдарламасы аясында 60 шаруашылық 1 млрд.160 млн.теңге қаражат алды, тағы 717 млн.теңгенің 25 өтінімі қарастырылуда", - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, егіс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бүгінде 167,3 мың гектарға ылғалды жабу, 84,1 мың гектарға себу алдындағы өңдеу жұмыстар жүргізіліп, 73 мың гектар жер жыртылды. Барлығы 15,6 мың гектар масақты дәнді дақыл және 1,5 мың гектар майлы дақыл егілді. Сол сияқты қант қызылшасының тұқымымен қамтамасыз ету үшін қазіргі уақытта 5,7 мың га көлемінде 256 шаруашылықтан өтінімдер қабылданып, «Жетісу» ӘКК 1256 себу бірлігін Қаратал, Көксу, Ескелді аудандарына өткізді. Тәтті түбірдің басқа да шетелдік тұқымдарын Көксу қант зауытына жеткізу мен тарату жұмыстары осы аптаның ішінде аяқталады.

Көктемгі егіс жұмыстарына минералды тыңайтқыштардың қажеттілігі 23 мың тонна болса, соның 13,7 мың тоннасын немесе 59,6 пайызын 998 шаруашылық субъектілері алып үлгерген. Жанар-жағар майдан да қиындық жоқ. Жалпы, өңірде көктемгі егіс жұмыстары мамыр айына дейін жалғасады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"