АУЫЛ АДАМДАРЫ ЕГІСТІК АЛҚАБЫНДА ЕҢБЕК ЕТУГЕ ҚҰЛЫҚСЫЗ. ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ

Уақыты: 07.04.2022
Оқылды: 2056
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Бүгінде «Көктемнің әр күні – жылға азық» екенін ескерген диқандар дала төсін еңбек дүбіріне бөлеуде. Жер жырту, топырақ тегістеу, тұқым себу сынды тынымсыз тірліктің қыза түскені анық.

Десе де осы шақта адам күшінің жетіспеушілігі қолбайлау болатынын «Будан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты Нұра учаскесінің басшысы Айдар Әтеев:

Біздің шаруашылық негізінен жүгерінің жоғары сортты тұқымын өсірумен айналысады. Қарамағымызда 2 мың гектарға жуық егістік алқабы бар. Сәуірдің орта шенінен тұқым себу жұмыстары басталады. Осы науқанға жұмысшы тапшылығы сезілуде. Жасыратыны жоқ, жермен жұмыс жасауға ауыл адамдары құлықсыз. Әйтпесе екі қолға бір күрек таба алмай жүрген азаматтар да бар. Бұл жыл сайын кездесетін мәселе десем өтірік емес. Дала жұмысына ылғи да көршілес өзбек бауырларымыз келуші еді. Соңғы жылдардағы жағдайға байланысты олардан қол үзіп қалдық. Жүгері алқабының басында жұмысшыларға үш мезгіл ас беріледі. Жалақылары да жақсы. Соған қарамастан жұмысшы табу қиынның қиынына айналды, – деп жеткізді.

Сынаптай сырғыған уақытта кідіріс жоқ. Қиындыққа қарамастан қолда бар мүмкіндікті жұмылдырып, тұқым себу жұмысын өз мерзімінде атқаруға бар күш-қайратын жұмылдырып жатқанын тілге тиек етті.

Былтырғы қуаңшылық пен су жетіспеушілігі салдарынан тұқым алу көрсеткіші төмендеп кеткенін ашына айтқан Әтеев биыл орын алған олқылықтың орнын толтыруға тастүйін дайындық жасауда. Жазғы маусымда 20-ға жуық еңбеккер жұмылдырылатын, жұмысы ерте көктемнен күздің соңына дейін үзіліссіз жалғасатын шаруашылықтың жұмысқа қажет техникалары сақадай сайланып тұр. Бірақ техника тізгіндейтін тракторшы мен жаз уақытында суарушы тапшылығы кедергі болмаса деген күдік те бар.

Ұлбосын ИСАБЕК

Нұра ауылы,

Талғар ауданы

Алматы облысы