БЮДЖЕТ ҚАРЖЫСЫН ПАЙДАЛАНУҒА ҚАТЫСТЫ ЗАҢБҰЗУШЫЛЫҚТАР АНЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 10.04.2022
Оқылды: 1187
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысы бойынша тексеру комиссиясының 2022 жылға аудит объектілерінің тізбесіне сәйкес, «Алматы облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» мемлекеттік мекемесінде жергілікті бюджетті жоспарлау жəне орындау, жергілікті бюджет қаражатын жəне мемлекет активтерін пайдалану тиімділігіне аудиторлық іс-шара жүргізілді.

Мемлекеттік аудитпен 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, 2021 жылдың 31 қазаны аралығындағы кезеңде жұмсалған 25350142,0 мың теңге бюджет қаражаты қамтылып, нәтижесінде, жалпы сомасы 6 671 182,9 мың теңге бюджет қаражатын пайдалану бойынша қаржылық заңбұзушылықтар анықталды.

Соның ішінде, азаматтық қызметшілер болып табылмайтын 10 штаттан тыс жұмыскерге 338,2 мың теңге сауықтыруға арналған жәрдемақы негізсіз төленген, орындалмаған міндеттемелер бойынша тұрақсыздық айыппұлдары 26254,1 мың теңге, 26074,7 мың теңге өнім берушілермен енгізілген кепілдік жарна бойынша кредиторлық берешектер есепті бюджет кірісінің есебіне жіберілмеген. Құрылыс жұмыстары бүгінгі күнге дейін аяқталмаған нысан бойынша 11600,0 мың теңге бюджетке өндірілмеген кепілдік жарна, 6602340,7 мың теңгеге аяқталған 9 нысан құрылысы бухгалтерлік есепке алынбаған, 4425,2 мың теңгеге қосалқы бөлшектер жетіспеушілігі орын алса, 150,0 мың теңгеге жұмыс көлемі орындалмаған.

Аудиторлық іс-шара жүргізу барысында 6602340,7 мың теңгеге аяқталған 9 нысан құрылысының сомасы бухгалтерлік есепке алынды. Құрылыс жұмыстары бүгінгі күнге дейін аяқталмаған нысан бойынша 11600,0 мың теңге кепілдік жарна, 26074,7 мың теңге өнім берушілермен енгізілген кепілдік жарна бойынша кредиторлық берешектер бюджет есебіне өндірілді.

Ал азаматтық қызметшілер болып табылмайтын 10 штаттан тыс жұмыскерге сауықтыруға арналған жәрдемақы бойынша 338,2 мың теңге, орындалмаған міндеттемелер бойынша тұрақсыздық айыппұлдар бойынша 26254,1 мың теңге, барлығы 26592,3 мың теңгені жергілікті бюджет есебіне өндіру және 4425,2 мың теңгеге қосалқы бөлшектер жетіспеушілігі мен 150,0 мың теңгеге орындалмаған жұмыстар бойынша барлығы 4575,2 мың теңгеге қалпына келтіру жұмысын атқару жөнінде «Алматы облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» мемлекеттік мекемесіне облыс бойынша тексеру комиссиясының нұсқамасы жолданды. Орындау мерзімі - ағымдағы жылдың 10 мамырына дейін.

Қанат МАНАМҰРАТҰЛЫ,

Алматы облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі