Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ БАЛҚАШ АУДАНЫНА БАРДЫ. ӨҢІРДЕ ҚАНДАЙ МӘСЕЛЕ ШЕШІЛДІ?

Уақыты: 15.04.2022
Оқылды: 2327
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Балқаш ауданына іссапармен барған Алматы облысының әкімі Қанат БОЗЫМБАЕВ күрішті өңірдің келелі мәселелеріне құлақ қойып, жергілікті жұртшылықтың өтініш-тілегін тыңдады.

Алдымен «Бірлік агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егістік алқабына барған жұмыс тобы күріш, астық, шөп өсірілетін алқаптағы дала жұмыстарына куә болды. Іргетасын 2001 жылы құрған серіктестік биыл 800 гектарға күріш, 1100 гектарға бидай, 3547 гектар жерге көпжылдық шөп өсіруді жоспарлап отыр. Дала жұмыстарында жыл сайын 260 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, маусымдық науқан кездерінде жұмыскерлер саны 500-ге дейін өседі. Жұмыскерлердің орташа айлық жалақысы 120-150 мың теңгеге тең. Одан бөлек, жауапкершілігі шектеулі серіктестік қажетті техникамен толық қамтылған.

Келген қонақтарға шаруашылықтың жетістігі мен жұмысын таныстырған облыстық мәслихаттың депутаты Әбдіжаппар Қыстаубаев өңір жұртшылығын толғандырып отырған мәселе – су жетіспеушілігін алға тартты. Оның айтуынша, жыл өткен сайын Іле өзенінің суы тартылып барады. Соның кесірінен күріш өсірудің көлемі азайып отыр. Себебі, белуарына дейін суда тұруы тиіс күріш дақылы ылғалды көп қажет етеді. Жаздың шыжғырған ыстығында су деңгейі төмендесе күріштің өнімділігі азаяды. Осыған орай «Бірлік агрофирмасы» ЖШС күріш алқабының көлемін азайтуға мәжбүр болған. Биыл 800 гектарға күріш егудің себебі сол. Сонымен қатар, Балқаш ауданындағы егістік жерлерін 4 мың гектарға өсіру туралы мемлекеттік бағдарламаның тиімсіз екендігін сөз еткен шаруашылық мамандары алдымен осы уақытқа дейін игеріліп келген жерлерді сумен қамтамасыз етудің қажеттігін алға тартты. Одан бөлек, Миялы, Бақбақты, Бірлік ауылдарының егістігіне су жеткізетін «Тасмұрын» магистралді каналының арнасын жаңарту қажеттігін алға тартқан Әбдіжаппар Қыстаубайұлы сонау 1940-шы жылдары қолмен қазылып, салынған арнаның су жіберу мүмкіндігін ұлғайтуға көмек беруді сұрады. Өтінішке жауап берген облыс әкімі Қанат Бозымбаев:

– Алда өтетін облыстық мәслихаттың отырысында су арнасын тазартудың жобалық-сметалық құжаттамасын жасауға қажетті қаржы қарастырайық. Сосын алдағы күз айларында ұзындығы 20 шақырымға тең арнаны тазартуға көмектесеміз, – деп жергілікті жұртшылықтың көкейінде жүрген өзекті мәселені тап басты. – Дегенмен арна  табанын онша тереңдетпеген де жөн шығар. Әйтпесе, ылғал жоғалту мәселесі толастамайды. Ертеректе су арнасының табанын драглайн деп аталатын арнайы техникамен тазартатын. Мүмкін сондай техниканы алдырып, Балқаш ауданының су шаруашылығына беру керек шығар?! Онда ауданның су арналарын тазарту оңай болар еді.

Осылайша диқандарды толғандырған мәселенің шешімін табудың жолын қарастырған облыс әкімі одан соң Бақбақты ауылының маңында орналасқан «Dinara-Ransh» Агрофирмасы» ЖШС-ның мал бордақылау алаңына барып, байлауға қойылған 5 мың бас ірі қараны семірту жайымен танысты. Жылына 210 тонна етті сатылымға шығаратын шаруашылық тұрақты жұмыспен қамтып отырған 60 адамның орташа айлық жалақысы 100 мың теңгені құрайды.

Келесі кезекте осы серіктестіктің сүт-тауарлы фермасына барған жұмыс тобын күтіп алған «Dinara-Ransh» агрофирмасы» ЖШС-ның құрылтайшысы Бақыт Атайбеков сапалы сүт сауылатын фермада Нидерландыдан әкелінген голштейн тұқымды ірі қара ұсталынатынын атап өтіп, 1500 сиырдан күніне 40 тонна сүт сауылатынын жеткізді. Сауылған сүт «FOOD MASTER» компаниясына, «Danone» ЖШС-на, «Райымбек-Агро» ЖШС-на өткізіледі. Осындай қарқынды еңбектің арқасында жылына 24 мың тонна сүт өндіріледі.

Бұдан кейін аудан орталығы Бақанасқа бет алған көпшілік аграрлы-индустриалдық колледжіне барып, кәсіптік оқу орнының жұмысымен танысты. Колледж директоры Бақытжан Өксікбаев 400 студентке білім беретін оқу орнының 1977 жылы салынған жатақханасының 2 қабаты ғана пайдаланылатынын жеткізіп, осыған орай жоғарғы 3-4 қабаттарына жөндеу жұмыстарын жүргізуге көмек сұрады. Жобалық-сметалық құжаттамасы дайын тұрған жатақхананы жөндеуге көмек берілетінін айтқан облыс әкімі Сейфуллин көшесінің бойындағы екі қабатты 6 тұрғын үйдің жай-күйімен танысты. Аудан әкімі Ғалым Тоқпейісов 1971 жылы тұрғызылған үйлерге жылу жеткізуге көмек сұрап, табиғи газ қазандығының қуаты аздық ететіндіктен қосымша қаражат керектігін атап өтті. Қажетті қаржыны қарастыруды орынбасарларына тапсырған облыс әкімі одан соң Балқаш аудандық орталық ауруханасын аралап, денсаулық сақтау мекемесінің жұмысымен танысып шықты.

Аудандық Мәдениет үйінде тұрғындармен кездесу өткізген облыс әкімі балқаштықтарға Жетісу жерінің жетістігі мен әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішін таныстырды. Оның айтуынша, өңірдің барлық саласында өркендеу баршылық. Атап айтқанда, 229 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, облыс экономикасына 97 миллиард теңге инвестиция тартылған. Жетісу жерінің негізгі кәсібі ауылшаруашылық болғандықтан мал өсіру мен диқаншылық кеңінен дамыған. Бұл жетістікте  Балқаш ауданының да үлесі барлығын атап өткен Қанат Алдабергенұлы әр салаға жауапты орынбасарларына тапсырма беріп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажетті міндеттер жүктеді.

Күрішті алқабы жайқалған Балқаш өңірінде балық шаруашылығы да кең дамыған. Соған байланысты Үкіметтің балық саласын дамыту жөніндегі бағдарламасына сәйкес жауапты мамандарға тапсырма берілді. Осындай мақсаттардың қатарында Балқаш жұртшылығын табиғи газбен, таза ауыз сумен қамтамасыз ету, баспанамен қамту сынды аса өзекті міндеттердің тұрғанын жеткізген баяндамашы тұрғындар қойған сауалдардың жауабын берді.

Тұрғындардың арасынан алғашқы болып сөз алған Бақанас ауылының тұрғыны Қанат Бекмұхамедов бірқатар мәселені көтеріп, аудан орталығына «Халық Банк» филиалының қажеттігі, тұрмыстық қалдық төгетін орынның жоқтығы, медицина мамандарының жетіспеушілігі, шөп бағасының қымбаттығы, кекіре шөбінен мал уланып қалатындығы, көмір бағасының аспандап кететіндігі, Бақанас ауылындағы Бижанов көшесінде жаяу жүргіншілер жүретін жолдың жоқтығы, балабақшаларда бүлдіршіндерге арналған ясли топтары мен жедел жәрдем көлігінің жетіспейтіндігі сынды аса өзекті мәселелерді айтып өтті. Оның әрбір сауалына жеке-жеке тоқталған облыс әкімі Қанат Бозымбаев айтылған мәселенің орындалуын өзінің қадағалауында ұстайтынын жеткізді.

Осылайша әрбір тұрғынның сұрағына тоқталып, көтерілген мәселені шешу жолдарын қарастыруды орынбасарларына тапсырған облыс әкімі бұдан соң тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Балқаш ауданы

Алматы облысы