ҮШ КҮНДЕ ҚОҚЫС ШЫҒАРЫЛМАСА, БҰЛ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АПАТҚА ӘКЕЛІП СОҒАДЫ

Уақыты: 17.04.2022
Оқылды: 1209
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Бүгінде қоқыс және оны сұрыптау мәселесі еріксіз алаңдатады. Сондықтан, бұған ерекше көңіл бөлген жөн. Тұрмыс қалдықтарын өңдейтін технологияның жолға қойылмауы, қажетті ресурстардың тапшылығы, күнделікті шығатын қоқыс көлемінің көптігі, сонымен бірге, адамдардың қоқыс залалы мен экологияға тигізер кері әсерін толық сезінбеуі үлкен проблема. Сол себепті, тұрмыс қалдықтарын қоқыс жәшігіне салмас бұрын оның қайда кететінін ойлаған абзал.

Алматы қаласындағы «Kausar cleaninq» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Дина Әшімова осыған байланысты шаруа жайын әңгімеледі. Дина Абайқызы аталған серіктестіктің  жаңа талаптарға сай мемлекеттік заңнамаларға сәйкес жұмыс істейтінін сөз етті.

– Біз жүк тасымалдаушы компания емеспіз. Тұтынушылар сапалы әрі уақытылы қызмет көрсетуді қалайды. Олар сол үшін ақы төлейді. Көпшілік көңілінен шығатындай жұмыс атқаруға тырысамыз. Алдағы уақытта қайталама материалдарды сұрыптап, өңдеуге мән береміз. Тұрғын үй немесе коммерциялық сектордан контейнерлерді ғана емес, сонымен бірге, қосымша рұқсат пен лицензияны қажет ететін құрылыс қалдықтарын, бағалы металдарды, компьютерлік компоненттерді, медициналық, тағы басқа заттарды жинау бағытында жұмыс жүргізілуде, – дейді Дина Абайқызы.

Бастапқыда бұл шаруамен айналысу оңай болмапты. Қоқыс жинауды бастап, жоғары табыс алу мақсатында алдымен бизнес-жоспар құрған. Нәтижесінде түрлі техника алу қажеттілігі туындаған. Кейіннен қолдан арзан техникалар мен полигон жалға алынып, жұмысшылар әкелінген. Сөйтіп, үш-төрт ай ішінде жұмыс басталған. Қазіргі таңда қатты қалдықтарды шығару мекемесі Алматы қаласындағы «Тастақ», «Ялян», «Тұлпар» сияқты ірі базарлар мен он бес шақты ірі кәсіпорындардан шығарылған қатты қалдықтарды сұрыптайды. Таяуда Қызылорда қаласынан жалға полигон алып, жұмыс бастаған.

Айта кетейік, кез келген өркениетті қалада тазалық таңғы 5.30-дан таңғы 6.30-ға дейін және кешкі 18.00-ден 19.30-ға дейін жүреді. Егер сіз үш күн ішінде қоқысты шығармасаңыз, бұл экологиялық апатқа әкеледі деп есептеледі. Сондықтан, қоршаған ортаны, айналамызды қоқыстан арылтып, таза ұстауға күш салайық!

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Алматы қаласы