Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

АЙТПАСА ДА ТҮСІНІКТІ. АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ЕКІГЕ БӨЛІНУІ ТУРАЛЫ МАҢЫЗДЫ СҰХБАТ

Уақыты: 01.05.2022
Оқылды: 2012
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауы ешкімді бейжай қалдырмағаны белгілі. Осы орайда біз Жетісу өлкесіне еңбегі сіңген айтулы азамат, Білім және ғылым мекемелері және бюджеттік ұйымдар салалық кәсіподағының төрағасы Тоққожа ЕСТЕНОВКЕ жолығып, Алматы облысының екіге бөлінгендегі тағдыр-талайы туралы ойын білген едік.

– Тоққожа Естенұлы, ­­­­«Қасіретті қаңтар» оқиғасынан кейін еліміздегі қалыптасқан жүйені өзгерту қажеттігі анық аңғарылды. Осы орайда Қасым-Жомарт Кемелұлының бағдарламалық Жолдауын сіз қалай қабылдадыңыз?

– Жолдау менің көңілімнен шықты. Бұл тек жаңа әкімшілік-территориялық құрылымдарға ғана қатысты емес, көптен бері көпшіліктің көкейінде жүрген күрмеуі қиын мәселелердің ашық айтылуымен де ерекшеленді. Кешегі Қаңтар оқиғасының себебі мен салдарының ащы да болса айтылғаны жүректегі жүкті жеңілдеткендей болды. Содан бергі кезеңде атқарылып жатқан шаруалар да көңілге сенім ұялатады. Бір сөзбен айтқанда жаңа Қазақстанды құруға деген жұртшылықтың ынта-жігері артып отыр.

Бұл ретте әсіресе кадр мәселесі алаңдатады. Менің өмірлік тәжірибемнен ұққаным – кадрларды ауылдан өсіру керек. Кешегі оқу бітіріп келген баланы жоғары лауазымды қызметке отырғыза салу мәселені шешпейді. Жас маман қызмет сатысымен ауылдан бастап еңбек етіп, ел мен жерді көруі, халықпен етене араласуы қажет деп есептеймін. Ең төменгі сатыдан жұмысын бастаған адамның әр нәрсенің парқын біліп, жұртшылықтың тілек-мүддесімен санаса іс-әрекет жасайтынына сенімдімін. Француздарда: «Ақындар провинцияда туып, Парижде өледі» деген тәмсіл бар. Сол сияқты ұлттық рухымыздың түп-тамырының ауылда жатқанын ұмытпауымыз керек.

– Барша қазақстандықтар үш облыстың бөлініп, бұрынғы аймақтардың қайта құрылуына қолдау білдіріп жатыр. Осы мәселеге сіздің көзқарасыңыз қалай?

– Бұл өте дұрыс шешім болды деп есептеймін. Мысалы, қазақ халқының рухани астанасы саналатын Семей облысы таратылғаннан кейін қандай күй кешкенін жақсы білесіздер. Тұрғындардың бәрі жан-жаққа көшіп, қасиет қонған өлке жау шапқандай күйге түскен еді. Осы кепті Жезқазғанның да кешкені мәлім. Мұны біз кешегі Талдықорғанның таратылған, кезеңінен өте жақсы білеміз.

Кешегі Алтын Орда мемлекетінің ту тіккен ортасының, ұлтымызды ұйыстыруға себепші болған аймақтың азып-тозып кеткенін көзіміз көрді. Жерінің асты қазынаға толы, үсті төрт түлікті мамырлатқан осынау өлкені қожыратып алған жоқпыз ба?! Біз Кеген мен Нарынқол аудандарын қосқаннан не ұттық? Асқар шыңдары аспан тіреген көркем аймақтың тұрғындары жайлы тұрмыс іздеп өзге жаққа қоныс аударып, шегарамыз жалаңаштанып қалған еді ғой. Райымбек ауданы қайтадан ашылғалы бері өңірдің тамырына қан жүгіріп, тіршілік жандана бастады. Қарасаң көз тоятын, көңіл қуанатын көрініске тап боларыңыз хақ.

Кешегі қазақтың рухани орталығы болған, халқымызға Абай мен Шәкәрімді, Мұхтарды берген қасиет қонған жерді қу далаға айналдыра жаздағанымыз жасырын емес. Немесе ұлтымыздың Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Әлімхан Ермеков, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов сынды айтулы азаматтарын өмірге әкелген Солтүстік облыстардан сондай азаматтар қазір неге шықпай жатыр?! Себебі, ауылдан қазақтың тегі ауысып кеткен сияқты. Семей мен Жезқазғанның қайта отау тігуі осы олқылықтардың орнын толтырады деген сенім бар.

Бұл жерде бөлінген аймақтар атауының Абай, Ұлытау және Жетісу деп өзгертілуінде де үлкен мән жатыр. Бұл атаулар қазақ халқы үшін аса аяулы ұғымдарды еске салып, рухымыздың қайта түлеуіне ықпал етуі керек.

Талдықорған облысы өзінің қысқа тарихында үш рет құрылып, үш рет таратылған екен. Енді бұл Алматы облысынан енші алып, Жетісу облысы болып қайта құрылғалы жатыр. Осы екі облыстың болашағы турасында не айтасыз?

Мен Талдықорған облысы Алматыға қосылған кездегі өлкенің жағдайын көзіммен көрген адаммын. Бір кездегі берекелі аймақтан ырыс кетіп, тұрғындары тоз-тозы шығып жан-жаққа көшіп кетті емес пе?! Ал, Талдықорған қаласының жау шауып өткендей қирандыға айналғанын көргенде жүрегіміз қан жылады. 2001 жылы облыс орталығы Талдықорғанға қоныс аударғаннан кейінгі жағдай мүлдем өзгеше. Қаланың сол кезгі және бүгінгі жағдайы салыстыруға келмейді. Гүлденген қала барша халықтың көз қуанышына айналған. Оңтүстік астана және еліміздің қаржылық орталығы саналатын Алматы қаласы астана мен Талдықорғанға енші бөліп, жеке шығарғанынан ортайып қалған жоқ. Оңтүстік Қазақстан облысының орталығын Шымкент қаласынан Түркістанға ауыстыру да осындай оңды шешім болғанын айтқым келеді.

Енді орталығы Қапшағай қаласы болады деп шешілген Алматы облысы мен Жетісу облысының экономикалық, әлеуметтік ахуалы әртүрлі екені баршаға аян. Бүгіннің өзінде бюджеттің 85-87 пайызының Алматы өңірінен құралатынын білеміз. Бұл жерде Алматы облысының әлеуеті жоғары болатыны айтпаса да түсінікті. Алайда, Жетісу облысы аталатын аймақтың да пайдаланылмай келе жатқан мүмкіндіктерінің мол екенін естен шығармауымыз керек. Бұл өлкенің болашағының жарқын боларына сенімдімін. Аймақта ауылшаруашылығын өркендетудің, шағын және орта бизнесті, туризм саласын дамытудың, ірі өндірістік орындар салудың мүмкіндігі мол. Жер жаннаты Жетісудың табиғатының өзі не тұрады?!

Бұл жерде ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңнын тұяғы кетілетін кең-байтақ даламыздың жер шалғайлығын да естен шығармауымыз керек. Мысалы, Нарынқолдан облыс орталығына жету үшін бүгінде 550 шақырым жолды жүріп өту керек. Бұл қарапайым адамдар үшін ғана емес, қызмет бабымен орталыққа жиі қатынауға мәжбүр болатын жандар үшін, уақыт пен қаржы шығыны турасында да тиімсіз екені түсінікті. Облыстың екіге бөлінуі осы тұрғыдан келгенде де пайдалы болмақ.

Сіз бөлінгелі отырған екі облыста да еңбек еттіңіз. Адамдарымен араластыңыз. Қимастық сезім бар шығар?

– Әңгіме басында кадр мәселесін айтқан едім ғой. Мен өзім еңбек жолымды Жамбыл ауданында бастауыш сынып мұғалімі болып бастадым. Бір жылдан кейін орта мектепте мұғалім, содан кейін директордың тәрбие жөніндегі орынбасары, аудандық оқу бөлімінде әдіскер, инспектор, соңынан мектеп директоры қызметтерін атқардым. Осыдан кейін атқару комитеті төрағасының орынбасары, төраға міндетін атқарушы, ал әкімшілік құрылған кезде алдымен бірінші орынбасар, соңынан аудан әкімі лауазымдарына тағайындалдым. Осы еңбек жолымда көзбен көргенім мен көңілге түйгенім, алдымдағы ағалардан алған өмірлік өнегелерім кейін облыстық білім басқармасына басшы болып барғанда көп көмектескенін несіне жасырайын. Өмір мені адал болуға, атқарған ісіңе жауапкершілікпен қарауға үйретті. Соның нәтижесінде бірер жылдың ішінде жұрттың соңында сүйретілген саланы республика ғана емес, әлемдік айтулы жарыстарда жүлде салған таңдаулылардың қатарына қостық.

Алматы облысы жеке болып тұрғанда, Талдықорған өңірімен бір шаңырақ астында болған кезеңде де талай-талай айтулы азаматпен бірге еңбек еттім. Өңірдің өркендеуіне үлес қосқан басшылармен, қатардағы еңбек адамдарымен емен-жарқын араласып, дастарқандас болған кездерім мен үшін өте бағалы. Олардың барлығы менің жүрегімнің төрінде қала береді.

Әрине, екі облыстың жеке отау тігіп, өз алдына даму даңғылына түскенін қалаймын. Осы жауапты да тағдыршешті кезеңде жерлестерімді ауызбірлік пен татулықтың үлгісін көрсетуге шақырамын. Екіге бөлінген облысымыздың тәуелсіз Қазақстанның тұғыры биік өңірлеріне айналуына тілектеспін!

Сұхбаттасқан - Қуат ҚАЙРАНБАЕВ