Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВТЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН БИЫЛҒЫ БЮДЖЕТ ТҮСІМІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Уақыты: 19.05.2022
Оқылды: 688
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысының әкімі Қанат БОЗЫМБАЕВТЫҢ төрағалығымен өткен жиында жергілікті бюджетке түсетін салықтар мен қосымша түсімдерді қамтамасыз ету жөнінде мәселе қаралды. Оған облыстық деңгейдегі басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері қатысты.

Облыс әкімінің айтуынша, биылдың бірінші мамырына облыс бойынша мемлекеттік бюджетке түсетін кіріс көлемі 120,6 пайызға орындалып, оның ішінде жергілікті бюджет 134,8 пайызды құраған. Жалпы 276,5 млрд.теңгеден аса түсім түсіп, оның ішінде 47 млрд.теңге жоспардан тыс орындалған. Облыста 12 млрд. теңгеге жуық салық берешегі бар. 1800 мемлекеттік сатып алушы облыста тіркелмеген, нәтижесінде 2,6 млрд.теңге өзге аймақтардың бюджетіне түскен. Кейбір ауданда былтырға қарағанда қосымша түсім көлемі азайған.

Өз кезегінде облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Талғат Қозбеков жыл басынан жергілікті бюджетке 1,3 млрд.теңге қосымша резервтер іздестірілгенін айтты. Белгілі болғандай, алдыңғы жылмен салыстырғанда Іле, Алакөл, Қаратал, Панфилов, Ескелді, Жамбыл, Көксу, Балқаш аудандары мен Талдықорған қаласында бұл бағыттағы жұмыс көңіл көншітпейді. Сонымен бірге, салық базасына жасалған талдау нәтижесі бірқатар қосымша резервтің бар екенін көрсеткен. Бұл резервтерді өндіру үшін мемлекеттік кірістер, уәкілетті және жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысы нәтижесінде қамтамасыз етуге мүмкіндік бар.

Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша аталған органдардың бірлескен жұмысы нәтижесінде жергілікті бюджетке қосымша 9,6 млрд.теңге түскен. Оның ішінде жеке тұлғалардың қарызын өндіру, мемлекеттік сатып алу қатысушыларын әкімшілендіру, жер қойнауын пайдаланушылардың жұмыстары оң нәтиже көрсеткен. Ал қоршаған ортаға эмиссия үшін төлемақы мен жарнама төлемақысы және баждар мен алымдардан түскен түсім көрсеткіші төмен. Облыста сондай-ақ, қоршаған ортаны ластаумен байланысты қызметті жүзеге асыратын 8 643 салық төлеушінің 2 469-ы төлемақы төлемейтіні анықталған, шығын көлемі 199,7 миллион теңгені құрайды. Бұған қоса, 62 заңсыз үйінділер пайда болып, тіркелген 14 полигонның 6-ы салық міндеттемелерін толық орындамағаны белгілі болған. Олардан қосымша 13 млн.теңге өндіріліп алынған.

Жиында, сондай-ақ, мемлекеттік сатып алуға қатысушыларды әкімшілендіру, бөлінген субсидиялар бойынша салықтарды өндіріп алу, еңбекші көшіп келушілерді заңдастыру, халықтың бейресми жұмыспен қамтылуын анықтау, инвестициялық жобалар бойынша салық түсімдерін бақылау, жаңадан пайдалануға берілген нысандар бойынша салықтардың уақытылы әрі толық алынуын қамтамасыз ету, жер салығының мөлшерлемелерін бекіту, жеке тұлғалардың мүлік салығын есептеу үшін аймақтарға бөлу коэффициентін бекіту, әкімшілік ету мәселелері бойынша жер қатынастары басқармасымен өзара іс-қимыл жасау, жеке тұлғалардың және әкімшілік жазалардың берешектерін өндіріп алу айыппұлы, жарнама нысандарын әкімшілендіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде егжей-тегжейлі баяндалды.

Талғат Жапарханұлының сөзінше, биыл қосымша 10,7 млрд.теңге, келесі жылы 11,9 млрд.теңге түсім түседі деп күтүлуде.

Аталған басқарма басшысының баяндамасынан соң облыс әкімі: «Жалпы бюджетті толықтыру жұмыстары жүргізілуде, бюджетке түсімдер бар. Десек те, өткен жылмен салыстырғанда Іле ауданы 227 млн.теңгеге, Талдықорған қаласы 61,1 млн.теңгеге, Алакөл ауданы  21,1 млн.теңгеге, барлығы 309 млн.теңгеге бюджетке түсетін қосымша түсім көлемінің төмендеуіне жол берген», – деді.

Осыған байланысты аймақ басшысы аталған аудан, қала әкімдерін орындарынан тұрғызып, жағдайды түзету бойынша қандай шаралар қолға алынып жатқанын сұрап, білді. Сонымен бірге 5,7 млрд.теңгеден аса берешек төрт өңірге тиесілі. Олар Қарасай ауданы – 2,2 млрд.теңге, Талдықорған және Қонаев қалаларында 1,2 млрд.теңге, Іле ауданы 1,1 млрд.теңгені құрайды. Осы орайда, аталған өңірлердегі мемлекеттік кірістер басқармасы басшыларынан берешекті өндіріп алу бағытында нендей жұмыстардың атқарылуда екені жөнінде жауап алынды. Сонымен бірге, облыс аумағында 415 мың жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүлік қолдануға берілмей пайдаланылып, нәтижесінде бюджет жыл сайын 97 млн.теңгеге шығынға ұшырайтыны, аймақта 2 469 салық төлеуші қоршаған ортаға кері әсерін тигізгені үшін эмиссия төлемейтіні, 14 ҚТҚ полигоны тіркелгені, оның ішінде 6 полигон бойынша 13 млн.теңге төлем анықталып, өндірілгені, аймақта 313 ҚТҚ сақтау және көму орны бар екені, тиісті есепке алу кезінде коммуналдық мүлікті жалға алу үшін төлем мемлекетке жақсы табыс әкелуі мүмкін екені, мәліметтер бойынша коммуналдық меншікті жалға беруден жыл сайын бюджетке 28,6 млн.теңге, тұрғын үйді жалға беруден 153 млн.теңге түсім түсетіні айтылып, жоғарыда аталған мәселелер бойынша туындаған проблемалар жайлы салаларға жауапты лауазымды тұлғалар түсініктеме берді.

Соңында облыс әкімі күн тәртібінде талқыланған мәселелерге қатысты сала қызметкерлеріне тапсырма берді. Онда мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдер жоспарының орындалуын қамтамасыз ету, орта бизнес субъектілерінен жергілікті бюджетке түсетін корпоративтік табыс салығы бойынша әкімшілендіруді күшейту, мемлекеттік сатып алушылардың жалған компаниялармен есеп алмасу мәселесіне мониторинг жүргізу, басқа аумақтарда тіркелген бірыңғай экономикалық операторларды облыс аумағына тіркеу, облыста қызмет атқаратын мемлекеттік сатып алушылар мен инвестициялық компаниялардың тиісті әкімшілік бірліктерде тіркелуін қамтамасыз ету, жер салығының базалық ставкаларын бекіту және ұлғайтуды қарастыру, жер қойнауын пайдаланушылармен аумақты әлеуметтік төлемді өндіру жұмысын күшейту, төртінші деңгейдегі бюджетті ұлғайту мақсатында жер, мүлік, көлік салықтарын толық жинау, жарнама берушілерді анықтап, олардан түсетін төлемдерді қамтамасыз ету, пәтерлер мен жер телімдерін сатудан түсетін түсімдер бар, осы жұмыстардың сәтті жүзеге асырылуын бақылауға алу тапсырылды. Сонымен бірге, аудандарда жеке қосалқы шаруашылыққа бөлінген жер телімдеріне тексеру жүргізу, анықталған жылжымайтын мүліктің тіркелуін және оның бағалануын қамтамасыз ету, облыс аумағындағы полигондарды тіркеуге алып, тиісті төлемдердің түсуін, қоршаған ортаны ластаумен байланысты қызметті бақылауға алу, жергілікті бюджетке қосымша түсімдердің түсуін қамтамасыз ету мақсатында уәкілетті және мемлекеттік органдар арасындағы 2022–2023 жылдар аралығында бірлесіп жұмыс атқаруға арналған іс-шаралар жоспарын бекіту жөнінде міндеттемелер жүктелді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Алматы облысы