ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВТЫҢ ІССАПАРЫ КЕГЕН АУДАНЫНДА ЖАЛҒАСТЫ. КЕЛЕЛІ КЕЗДЕСУ

Уақыты: 20.05.2022
Оқылды: 1404
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысының әкімі Қанат БОЗЫМБАЕВ қасиетті жұма күні Кеген ауданында болды. Рас, Көлсайдай көлі, Шарындай өңірі, Қарқара мен Үш Меркідей жері, кеуделі әсем таулары, сыңғырлаған бұлақтары көрік берген Кеген ауданының тізгінін Талғат Байеділов бекем ұстап келеді. Шүкір, жағдайлары жаман емес. Отыз мыңнан аса халқы, 12 ауылдық округі бар аудан өркендеп келеді.

Ауылдарының шырайы кіріп, жағдайлары жақсара бастады. Аудан орталығынан спорттық-сауықтыру кешені, 51 жалгерлік тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Соңғы 4 жылдың ішінде өңірдегі 6 мектеп, 2 Мәдениет үйі, 1 балалар бақшасы күрделі жөндеуден өтті. Заманға лайық жаңғырып, жайнады.

Ауданның ырысы мен берекесі – ауылшаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы. Таулы өңірде 53 мыңнан аса іріқара, 29 мыңнан аса жылқы, 206 мыңнан аса қой-ешкі бар. Өткен жылы тек осы саладан ғана өндірілген өнім көлемі 30 миллиард теңгені құраған. Ауданда Абердин Ангус, Герефорт, Әулие көл секілді асыл тұқымды іріқара, архар-меринос қойы өсірілуде. Табиғаты тамашаға толы өлке туризмнің бір Отаны іспетті. Соңғы жылдар аумағында Көлсайға дейінгі жол жасалды, асфальтталды. Соның арқасында Көлсай көлдерін тамашалаушылардың қатары екі есеге артты. Көлсайға көрем деушілерге 7 туристік бағыт бойынша қызмет көрсетіледі. Биыл Қайыңды көліне дейінгі жол жасалуда. Сонымен қатар ол жерге электр желісін тарту мәселесі Үкіметтің жоспарында бар.

Облыс әкімі Қ.Бозымбаевтың Кеген ауданына сапары әйгілі Қарқара өңіріндегі егістік алқаптарының маңына жасалған ауылшаруашылығы көрменсін көруден басталды. Рас, Қарқара ауылдық өңірінің атағы алыс кеткен. Осы аттас хан жайлау бар. Өткен ғасырдағы әйгілі Қарқара көтерілісі осында тұтанды. Ұлы Жібек жолының бір соқпағы осы өңірмен өтті. Халықаралық маңызы бар Қарқара жәрмеңкесі туын тіккен жер. Қазір мұнда Қарқара көтерілісінің белгісіндей, ерлік пен елдіктің тағылымындай Ереуілтөбедегі еңселі ескерткіш бар. Тарихи құндылыққа толы қасиетті Қарқараның жері төрт түлік мал, картоп пен дәнді дақыл өсіруге өте қолайлы, қара топырақты құнарлы өлке. Сондықтан болар, осы округ аумағындағы егістік алқабында аудандағы ауылшаруашылығы, жеткен жетістіктері, асыл тұқымды шаруашылықтары, лизингке алынған трактор, техникаларына арналған далалық көрме жасалыпты.

Облыс әкіміне өңірдегі ауылшаруашылығы саласының жағдайы, жетістіктері туралы аудан әкімінің орынбасары Дастан Құдабаев әңгімелеп, таныстырды. Атап айтқанда, Т.Бозжанов басқаратын «Каз МЯСО» ЖШС-нің, А.Әкебаев басқаратын «Көлсай-құрылыс» ЖШС-нің, Ж.Жанбаев басқаратын «СПК Талас» өндірістік кооперативінің, Ә.Қалмырзаева басқаратын «Дархан» шаруа қожалығының, Қ.Молдасанов жетекшілік ететін «Құмтекей» шаруа қожалығының асыл тұқымды Ангус Абердин, Әулиекөл, Симменталь сиырлары, архар-меринос қойлары көрсетілді. «Қарқара өнімдері» ЖШС-нің және өзге де шаруа қожалықтарының лизинг арқылы алынған тракторлары орын алды.

Ауданның орталығы Кеген ауылы заман талабына сай көріктеніп, келбетіне келбет қосып келеді. Соңғы жылдар аумағында спорттық-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Оның сыртында ауылдың шығыс жағынан мемлекетіміздің «Нұрлы Жер» бағдарламасы бойынша бұрнағы жылдары 15 жалгерлік тұрғын үй салынса, биыл наурыз мерекесі тұсында 36 жалгерлік тұрғын үй пайдалануға берілді. Биылдан бастап тағы да 20 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары қолға алынады. Бәрекелді! Сөйтіп, Кеген ауылының іргесі жаңа үйлермен кеңейіп, қоныс тойы көбеюде. 3 бөлмелі, заманға лайықтының бәрі қамтамасыз етілген жылы да жайлы үйлердің құрылыс жұмыстарын Батырхан Тоқтаев басқаратын «Құрылысшы – ТБС» ЖШС жүргізді. Тұрғын үйлердің инженерлік-коммуникациялық желілерін, абаттандыру жұмыстарын «Каз Lux Строй» ЖШС-нің мамандары жүзеге асырды. Облыс әкімі сапар барысында жаңадан салынып, пайдалануға берілген үйлерді көрді.

Бұдан кейін облыс әкімі аудан орталығындағы Кеңес Нұрпейісов атындағы мектеп-лицейдің жайымен танысты. 1987 жылы пайдалануға берілген бұл ғимараттың салынғанына 35 жыл болыпты. Содан бері жөндеу көрмеген, ескі ғимарат. 640 балалға арналған лицей шын мәнінде күрделі жөндеуді қажет етеді. Бес жүзге тарта оқушы білім алып жатқан білім ордасын күрделі жөндеуден өткізудің жоба-жоспары жасалыпты. Жалпы құны 977 миллион теңгені құрап отырған күрделі жөндеу жұмыстарына облыс әкімі көмек көрсетілетінін, алдағы жылдың жоспарына енгізілетінін айтты.

Түстен кейін аудандық Мәдениет үйінде облыс әкіміне Кеген ауданын одан әрі дамытуға, өркенін өсіруге негізделген инвестициялық жобалары таныстырылды.  Соның бірі Тасашы ауылдық округі аумағынан «Кеген Мясо Пром БАЗИС-А» ЖШС жылына қуаттылығы 3 мың тонна (тәулігіне 10 тонна) ет өңдейтін комбинат салып, іске қосуды қолдарына алған. Бұл жобаның құны 2,5 миллиард теңгені құрап отыр. Аталған серіктестікке игілікті шаруалары үшін 340 гектар жер берілген. Комбинат іске қосылған кезде 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Одан бөлек, «Great Steppe Heritaqe» ЖШС Бестөбе су қоймасынан балық өсірумен айналысатын жобаларын алға тартты. Көлсай көлінің аумағында туризм саласы бойынша іргелі жұмыстарын қолға алып жатқан «Атырау Рент» ЖШС айтуға болады. Бұл туралы серіктестік директоры Бауыржан Махметов айтып, көрсетіп берді.

Аудандық Мәдениет үйінде облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың  Кеген ауданының халқымен жүздесуі өрнек тапты. Облыс әкімі Жетісу жерінде ағымдағы жылдың 4 айында атқарылған істерді, қол жеткізілген жетістіктерді сөз етті. Әрбір сала бойынша облыстың, сонымен бірге Кеген ауданының жағдайын таразылай отырып, нақты жағдайларды көпшіліктің назарына ұсынды. Атап айтқанда, ауданда 3 мың гектардан астам жер игерілмей келеді. Суармалы, шабындық жерлердің жайы нашар. Берері азайған. Оған су келетін каналдардың жайы толғандырарлық. Дені тозып кеткен. Сондықтан алдағы жылдары өңірдегі каналдарды қайта қалпына келтіру мақсатында бюджеттен 5 миллиард теңге қарастыру көзделді. Оның 1 миллиард теңгесі биыл бөлініп, нақты жұмыстар қолға алынатын болады деді облыс әкімі.

Бұл көпшілікті қуантып тастады. Облыс әкімі экономикасы ауылшаруашылығына оның ішінде мал шаруашылығына негізделген ауданда ет, сүт, картоп өңдейтін құрылымдарды жүзеге асыру, тауарлы сүт фермаларының жұмыстарын қолға алу қажеттігін алға тартты. Өңірде бірде-бір жылыжай жоқ. Бұл үшін инвесторларды тартып, жұмыстарды жобалауды 1 ай мерзім ішінде орындауды аудан басшылығына тапсырды. Облыс әкімі Кеген ауданында туризм саласында біршама жұмыстардың атқарылғанын тілге тиек етті. Атап айтқанда, таулы өңірге, оның ішінде Көлсай көлдеріне келушілердің қатары бірнеше есеге артқан. Көрікті көлді тамашалауға 2020 жылы 83153 адам келсе, 2021 жылы 160520 адамға жеткен. Сол сияқты кезінде өзі де жұмысына қолқабыс жасаған, ғасыр құрылысы атанған «Мойнақ» СЭС туралы жылы лебізін білдірді. Аталған стансы өткен жылы 758 263 мың кВс электр энергиясын өндіріп, облыстың энергетика саласына қосып отырған үлесі қомақты. Өткен жылы Кеген ауданының бюджетіне 438 217 мың теңге салық құйса, биылғы ол көрсеткіш 500 миллион теңгеге жетіп отыр.

Жылы жүздесуде тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтардың дені ауданға келетін көгілдір отын мәселесі болды. Облыс әкімі бұл туралы көңіл қуантарлық әңгімесін айтты. Ұзындығы 229 шақырым «Шелек-Кеген» магистралды көгілдір отын құбырының жоба-жоспары биыл толығымен бітеді. Құрылыс жұмыстары келесі жылдан бастап қолға алынатын болады. Бұл хабарды да көпшілік жылы қабылдады. Қ.Бозымбаев аудан әкімі Т.Байеділовке шағын және орта бизнесті дамыту, кәсіпкерлерді қолдау мақсатында толыққанды жұмыс жүргізуді тапсырды. Бөлексаз ауылында ауызсу жүйелерін қайта жаңғырту жұмысы жүргізілгенмен, толық бітпеген. Алғабас ауылында да ауызсу жүйелерін жаңғырту жұмыстары аяқталды. Алайда, ауыл тұрғындарының жартысының ауыз суға толықтай қолдары жетпеген.

Облыс әкімі бұл екі мәселені де назарына алатынын, нақты қорытынды шығаруды аудан басшыларына тапсырды. Аудан аумағындағы 2 орта мектеп күрделі жөндеуден өтіп, Жайдақбұлақ ауылынан жаңадан мектеп салынатын болды. Аудандық аурухананың, Тоғызбұлақ ауылдық дәрігерлік амбулаториясының, Жалаңаш ауылдық ауруханасының ғимараттары күрделі жөндеуден өтеді. Аудандағы Қарқара ауылынан спорт залымен біріктірілген Мәдениет үйі, Бөлексаз, Жалаңаш ауылдарынан Мәдениет үйлері салынады. Бұл да тұрғындарды қуантып тастады.

Жиында облыс әкіміне  қойылған сұрақтар, ұсыныстар, талап-тілектер аз болған жоқ. Оның түйіні өткен жылғы қуаңшылықтың орын алуына байланысты жылқы, іріқара, қой-ешкіден мал шығыны орын алған. Кейбір отбасының оншақты жылқысы өлген. Осындай малдарға өтемақы төлене ме деген сұрақтар болды. Облыс әкімі бұл мәселені бірінші рет естіп отырғанын айтты. Арнайы комиссия жіберіп, орын алған жайды анықтайтынын және мүмкіндігінше көмек болатынын жеткізді. Оның сыртында аудандағы шұрайлы жерлерді жекелеген ауқатты адамдар иеленіп, меншігіне алып кеткен. Соның салдарынан қарапайым халық қиындық көруде. Жайылымдық, шабындық жерлер тапшы.

Бұл тұрғыда аудан тұрғындары Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа дейін арыз жазған болатын. Бірақ нәтиже жоқ. Облыс әкімі бұл мәселе бойынша да арнайы комиссия жіберіп, нақты жағдайды тексертетінін, егер жер өз мақсатында пайдаланылмай жатса, қайтарып алуға әрекет жасайтынын сөз етті.  Сапасыз, өз мәнінде жасалмаған ішкі жолдарды, Кеген ауылындағы су келетін арықты тексеруді сала басшысына тапсырды. Жүздесуде 5 мың халық тұратын Жалаңаш ауылынан спорт кешенін салу ұсынылды. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Н.Теңізбаевтың айтуынша, жекелеген спорт түрлерінен аудан көрсеткіші жақсы, 2024 жылы Жалаңаш ауылынан спорт кешенін салу жоспарланыпты. Кеген ауылының тұрғыны Нұрболат Тастанқұлов аудан аумағында тарихи орындардың жеткілікті екенін, соларды көздің қарашығындай сақтаудың қажеттігін алға тартты. Бұл мәселе де орынды деп табылды. Кеген ауылының тұрғыны Нәби Рысбеков ауданда тері қабылдайтын, өңдейтін цехтар болса, жақсы болар еді деген ұсынысын айтты. Облыс әкімі бұл тұрғыда жұмыстың жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Басқосуда зейнеткер, облыстың Құрметті азаматы Аян Айтжанов, Ұзынбұлақ ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Марат Тақабаев сөз алып, мәнді де мағыналы әңгімелерін ортаға салды. Жүздесуде көтерілген әрбір мәселеге нақты жауап айтып, орындалатын уақытына дейін сөз етіп, жұртшылықтың көңілінен шығып отырған облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың жұмысына сәттілік тіледі. Аудан тұрғындарын іргелі бастамаларға негіз қалап отырған Президентіміздің саясатын қолдауға, алда болатын бүкілхалықтық референдумға бір кісідей қатысуға шақырды.

Қанат БІРЖАНСАЛ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Кеген ауданы

Алматы облысы